• Басты
  • Облыс әкімдері Президентке есеп берді

Облыс әкімдері Президентке есеп берді

26 Қаңтар, 2021 13:49

Бүгін Президенттің төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы онлайн форматта өтіп жатыр. Бірнеше облыс әкімдері мен Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері өткен жылдың қорытындысы мен 2021 жылға арналған жоспар туралы есеп берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Қызылорда облысы күрделі кезеңде

Облыс әкімдерінен бірінші болып сөзді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова алды. Оның мәліметінше, 2021 жылы облыста 42 жоба жүзеге асырылады.

«Облыс бойынша 492 шақырым жол мен көше жөнделді. 13 әлеуметтік нысан іске қосылды. Облыстың 97 %-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Ауыл шарушылығы саласындағы өсім қамтамасыз етілді. Өңір экономикасының басты проблемасы – мұнай өндірісінің қуаттылық деңейінің төмендеуі. Уранды өңдеу өндірісі азық-түлікті өңдеу мен өндіруге кері әсер етті. Биыл 4 жобаны 48,5 млрд теңгеге жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық картасын әзірледік. Биыл жобалар санын 500-ге жеткізу жоспарланып отыр. 89 жоба қазір жүзеге асырылып жатыр»,- деді ол.

Мемлекет басышысы Қ.Тоқаев өңір басшысына сұрақ қойды. Ол Қызылорда облысы тұрғын-үй құрылысы жағынан республика бойынша артта қалған облытар қатарында екенін айтып, осы мәселенің шешім табуы үшін қандай шаралар жасалып жатқаны туралы сұрады.

«Статистика бойынша, былтыр Қызылорда облысында құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеген. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20 пайызға азайған. Бұл мемлекет бойынша ең төменгі көрсеткіш», - деді Президент.

Гүлшара Наушақызы бұл проблеманың туындауына пандемияның салдары мен халықтың кредиттік үйлерге сұранысының болмауы себеп болғанын түсіндірді.

«Қазір кезекте тұрған 30 270 адам бар. Оның ішінде «Отбасы банкі» салымшыларының өзі ғана – 8 мың адам. Оның ішінде тек 600 адам ғана бірінші жарнаны төлей алатынын дәлелдеп отыр. Проблемалар бар. Бірақ біз биыл алдымызға жоспар қойдық: 644,7 мың шаршы метр үй беріледі. Оның ішінде бірінші Қызылорда қаласы және аудандар бойынша арнайы үй салу инфрақұрылымдарын дайындап қойдық. Екіншіден, Үкіметпен бірге қазіргі бағдарламаларға байланысты арендалық және несиелік үйлер бойынша жұмыс істейміз», - деді ол.

Президент Қызылорда облысы қазіргі таңда күрделі экономикалық кезеңде тұрғанын айтты. Бұған себеп – өңірдегі мұнай кен орындарының жұмысының артта қалуы. Тоқаев өңірде жаңа кен орындарын барлау керектігін және экономиканы әртараптандыру керектігін айтты. Өңір өз-өзін қамтамасыз етуге шамасы жоқ. Сондықтан Үкімет көмекке келуі керек. Президент Қызылорда облысының әкімдігі мен Үкімет бірлесіп нақты жұмыстар атқару керектігін айтты.

 Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 180 электр қуаты өшкен

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, өткен жылы газ және газ конденсаторын өндіру көлемінің өсуіне байланысты өнеркәсіп көлемі ұлғайған. Сонымен қатар химия өнеркәсібінде, пластмасса өнімдері мен жиһаз өндірісінде де өсім болғанын хабарлады.

Президент әкімге сұрақ қойды.

«Апаттар жиі болып, электр қуаты қайта-қайта үзіле береді. 2020 жылы 180 электр қуаты өшкен бұл мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?», - деді Тоқаев.

Есқалиев қазіргі таңда бұл орайда жұмыс жүргізіліп жатқанын, коммуналдық желілердің ауыстырылып жатқанын және жуық арада шешім табатынын айтты. Ол сонымен қатар өңірдегі жолдарды жөндеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Павлодар облысында пандемияға қарамастан өндіріс орындарының жұмысы тоқтаған жоқ

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өткен жылдың қорытындысын айта келе, сынақ жылы болса да, облыс лайықты деңгейде өткенін айтты.

«Өткен жыл Павлодар облысының экономикасы үшін сындарлы жыл болды. Көптеген тармақ бойынша сынақтан лайықты деңгейден өттік. Дегенмен, кейбір салаларды коронавирус салдарынан қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр», - деді ол.

Оның айтуынша, облыстағы кәсіпорындарда жұмыс тоқтаған жоқ.

«Жалпы өңірлік өнім 2019 жылдың деңгейінде сақталған. Оның ішінде өндіріс, ауыл шаруашылығы мен инвестициялық және жұмыссыздық сияқты макрокөрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша көзделген индикаторлар орындалды. Негізгі салалар бойынша көрсеткіштерге тоқсалсақ, өндіріс көлемі 1,1%-ға артты. Құрылыс, машина жасау, металл конструкциялары өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте көрсеткіш елеулі ұлғайған. Ең бастысы, кәсіпорындардағы жұмыс орындарында қысқарту болған жоқ. 1100 пәтер пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 333 км жол жөнделдің. Елді-мекендердің 88 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді», - деді ол.

Президент Сқақовтың баяндамысынан кейін Екібастұз қаласында энергетика саласында мықты техник-кадрлардың бар екенін айтты. Оларды дайындап, кәсіби деңгейге жеткізу үшін бірнеше онжылдық арналған. Сол кадрлардан айырылып қалмау үшін өндіріс орындарын жандандыру қажет екенін айтты.

«Ұзақмерзімді әлеует бойынша бірқатар проблема бар. Көмірді пайдалану 15 пайызға азайып отыр. Біз Энергетика министрлігімен жұмысты бастадық. Екібастұз энергетикалық кешені бойынша кешенді жоспар әзірледік. Егер ол мақұлданса, жүзеге асырылады, - деді әкім.

Нұр-Сұлтан қаласында биыл 15 жаңа мектеп ашылады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылы қаланың негізгі бағыттары бойынша оң өсім байқалғанын айтты.

«Өткен жылы 3 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім 73%-ға артты. Инвестиция көлемі 1,1 трлн теңгеден асты, бұл жерде де өсім 21%-дан жоғары. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да өсті. Өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі 1 трлн теңгеден асты. Әлеуметтік әлжуаз топтарға 7 мың пәтер ұсынылды. Үлескерлік тұрғын үй бойынша 2020 жылы 10 проблемалық тұрғын үй мәселесін шештік. Қалған 22 нысан бойынша 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр. Елорданың экономикасының қозғаушы күші құрылыс саласы болып отыр. Былтыр үш ауысымды мектептер 8-ден 4-ке дейін қысқартылды. Өткен жылы 14 мектептің құрылысы аяқталды. Биыл тағы 15 мектеп ашылады. Мектеп салуға жеке инвестициялар тартылған», - деді ол.

Көлгіновтің айтуынша, карантиндік шектеулерге байланысты бөлшек тауар айналымының көлемі төмендеген.

«Дер кезінде қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 16 мың жұмыс орны құрылды. Пандемия кезінде шығындар көлемін 43 млрд теңгеге оңтайландырды. Нәтижесінде оларды денсаулық саласын жаңғыртуға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесуге, қашықтан оқу үшін құрал-жабдықтар мен ноутбуктер алуға, азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорын толтыруға, шағын бизнесті қолдауға бағытталды», - деді ол.

Тоқаев елорда әкіміне газ бағасының қымбат екенін айтты. Сонымен қатар елорда одан сайын тартымды болу үшін шаралар қарастыру туралы тапсырма берді.

Алматы қаласы «ақылды қалалардың» көшін бастап тұр

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистегі шағын және орта бизнестің дамуы туралы баяндаудан бастады.

"ШОБ-қа кредит беру 1,7 есеге өсті. Тұрғындар үшін коммуналдық тарифтердің көтерілуіне жол берілген жоқ. Негізгі басымдықтардың бірі – халықты жұмыспен қамту. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау-жұмыс бағытының бір бөлігі", - деді ол.

Ол биылға бөлінген бюджетке қандай жоспарлар құрылғанын қысқаша айтып өтті.

«Биылғы бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалды. 200 млрд теңгеге 504 жобаны жүзеге асыру басталды. Алматы 2020 жылдың қорытындысы бойынша «ақылды қалалардың» көшін бастады. Биыл цифрландыру бойынша қала тіршілігінің 11 саласын қамтитын 49 жобадан тұратын пул қалыптастырылды», - деді ол.

Президент Алматы әкімінің сөзін тыңдап болған соң, Алматы қаржы және бизнес орталық екенін еске салып, қалаға инвестиция тарту жағына мән берілу керектігін айтты.

 

Барлық жаңалықтар