• Басты
  • Қазақстан университеттері мен колледждерінде сыбайлас жемқорлық деңгейі қандай
3 Қыркүйек, 2020 12:15

Қазақстан университеттері мен колледждерінде сыбайлас жемқорлық деңгейі қандай

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Тоқышев Қайыржан Antikor.Live онлайн шарасында Қазақстанның білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық туралы баяндады. Университеттер мен колледждердегі студенттердің сыбайлас жемқорлық туралы көзқарасы, «Саналы ұрпақә жобалық кеңесі туралы Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан оқи аласыздар.


Қазақстан университеттері мен колледждерінде сыбайлас жемқорлық деңгейі қандай

«Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің салалық-жобалық кеңсесі болып табылады. Жобалық кеңсе 2018 жылдың сәуір айында құрылды. Жоба Алматы қаласының әкімшілігі, ҚР мемлекеттік басқару академиясы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қолдауымен іске асып отыр. Жоба жетекшісі Қайыржан Тоқышевтің айуынша, «Саналы ұрпақ» қоғамдық негізде жұмыс істейді.

Біздің жобаның мүшелері көбінесе Алматыдағы университеттер мен колледждердің белсенді студенттері. Республиканың әр аумағындағы мемлекеттік органдар да қолдады. Жобаның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу. Тұрақты түрде Алматы қаласының білім бақармасымен жұмыс жүргіземіз. Алматы мектептері мен колледждерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты сынақ өткіземіз де, басқа аймақтарға жібереміз. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы аумақтық департаменттермен де тығыз байланыстамыз. Маусым-шілде айларында онлайн режимде Қазақстанның барлық облыстарындағы білім беру мекемелерімен байланысқа шығып, өткен жылы атқарылған істерді сараптап, алдағы оқу жылына өзімізге міндеттер қабылдадық. Биыл жаңа оқу жылы күрделі жағдайда басталып отыр, - деді Тоқышев.

Жоба мүшелері 1 курс студенттеріне әр университет басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүргізу керектігін айтқан. Оларға «Академиялық адалдық» Кодексінің ережелерімен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. ЖОО табалдырығын енді аттаған студенттің санасына сыбайлас жемқорлықтан барынша өзін алыс ұстау керектігін сіңіру өте маңызды.

ҚазҰУ жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялық ғылыми зерттеу институты құрылды. Бұл институтпен күнделікті жұмыс жасаймыз. Республика бойынша ғылыми әдістемелік орталыққа айналдық. Мәселен, Академиялық адалдық Кодексі, сыбайлас жемқорлықта кездесуі мүмкін тәуекелдер картасын жасадық. Көптеген әдістемелік жобалар әзірледік. Білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқуды ұйымдастырып келеміз. Мемлекет басшысы 19 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы мәлімдемелер жасады. 1 қыркүйектегі Жолдауында да сыбайлас жемқорлықты жою тақырыбына қатты көңіл бөлді. Соған байланысты білім беру саласындағы қызметкерлерді үш мақсатқа үгіттеуіміз керек. Ол: сыбайлас жемқорлықты алдын алу мәселесін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу-ағарту процессінің жүйелі түрде болуын қадағалау, әрбір білім беру мекемелерінің ашықтығын және олар қабылдаған шешімдердің мөлдірлігін қамтамасыз ету, - деп нақтылады жоба жетекшісі.

 Тоқышев айтқан бағытта атқарылатын жұмыс жетерлік.

Мәселен, әр мекемеде сыбайлас жемқорлық туралы тиісті құжаттар қабылдану керек. Әр ЖОО, колледж бен мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты қабылдау міндеттемелері бар. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Заңының 6-бабында анық көрсетілген. Осы баптың орындалуын да қадағалау қажет, - деді ол.

«Саналы ұрпақ» жобасы аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сұрақ туындайды. Қайыржан Тоқышевтың айтуынша, республика бойынша 715 682 оқушыны біріктіретін 3361 «Адал ұрпақ» клубы жұмыс істеп келеді. 472 мың студенттің басын біріктірген 808 «Саналы ұрпақ» студенттік клубы бар.

Мәселен, ҚазҰУ-да сыбайлас жeмқорлыққа қарсы кешендi институттар енгiзілген: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бойынша ғылыми-бiлiм беру кластері құрылды, оның ішінде «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар ҒЗИ және «Азаматтық бақылау» қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Факультеттерде Әдеп жөніндегі комиссиялар және университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы белсенді жұмыс істейді. «Парасаттылық мектебі» және «Саналы ұрпақ» студенттік клубы құрылды, «Студенттерді парасаттылық пен ізгілікке оқыту» жобасы іске асырылуда.

Осы клубтар парасаттылық пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Онлайн оқу болса да осы жұмысты әрі қарай жалғастырып келеміз. Дәстүрлі оқу форматы басталғанда, белсенді жұмсты қайта жандандырамыз. Ірі ЖОО парасаттылық орталықтары ашылды. Адалдық пен әділдікке баулитын, сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамайтын сана қалыптастыру бойынша сабақтар өтіп келеді. Білім саласындағы мекеме басшыларымен келісіп, қашықтан «парасаттылық» мектебін оқытуға ұсыныс беріп жатырмыз. ҚазҰУ-мен бірігіп Әл-Фарабидің 1150 жыл толуына орай оның парасаттық, адалдық, әділдік туралы өсиеттерін ұрпаққа жеткізу үшін лекциялар дайындадық. Мұндай дәрістер Абайдың шығармашылығынан және Қожа Ахмет Йассауи философиясынан да оқылады деп жоспарлап отырмыз, - деді спикер.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы сөз болғанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев цифрландыруға және Е-қызмет көрсетуге ерекше назар аударды. Мұндай «цифрлы» қызмет енсе, «адами фактор» мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды. Айтпақшы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық смарт-университет. Мұнда жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар студенттерді қабылдаудан бастап бітіргенге дейінгі барлық процестерге енгізілген. Қайыржан Тоқышев түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлыққа алып келетін жағдайларға сапалы талдау жүргізу қажеттігіне басты назар аударды. Ол осы бағыттағы қызметтің тиімділігін бағалау сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерін азайту және мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді жою бойынша қабылданатын шараларға негізделуі тиіс екенін атап өтті. Қ.Тоқышев білім беру процесінің ашықтығы мен айқындығын арттыру бойынша шаралар қабылдауды, ҚР БҒМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу және сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және ЖОО-ның бизнес-процестерінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану бойынша жұмыстар жүргізудің маңыздылығы мен тиімділігін айтты.

Мен жастармен жиі кездесемін. Олардың ойы еркін, ашық сөйлеуге қысылмайды. Қазақстандағы ЖОО студенттері арасында сауалнамалар мен анкеталар жүргізіп тұрамыз. 2019 жылы біздің студенттердің 73 %-ы сыбайлас жемқорлық көріністерімен кездескен жоқпыз деп жауап берді. 2020 жылы жасаған сауалнамамызда сыбайлас жемқорлық жағдайларымен кездеспеген студенттердің саны 90 %-ды құрады. Демек, жыл сайын университеттер мен колледждерде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеті азайып жатыр. Бір университеттің түлектері диплом алу жиынына келгенде, деканат қызметкерлері диплом алу «құрметіне» студенттердің қауын-қарбыз әкелулерін талап етіпті. Сол студенттердің бірі бізге хабарласты. Біз сыбайлас жемқорлық агенттігімен байланысып, қызметтік тексеріс жасаттық. Нәтижесінде деканат қызметкері жұмыстан шығарылды. Міне, қазіргі жастар осындай белсенді, - деп қорытты Қ. Тоқышев.

Жоба жетекшісі Қазақстан студенттеріне үндеу жариялады:

Егер сіз білім алып отырған университет немесе колледжде осындай жағдаймен бетпе бет келсеңіз, тікелей маған хабарласуға болады. Менің номерім: 87013872073. Біз бірігіп тиісті шара қабылдаймыз. Агенттіктің call орталығына да хабарласып, мән-жайды айтуға болады. Оның номері: 1424. Біз қоғамдық негізде жұмыс істеп отырған ұйым болғандықтан, Заң жүзінде тексеру жүргізе алмаймыз. Біз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі арқылы мәселені шешеміз, - дед Қайыржан Тоқышев.

Естеріңізге сала кетейік, Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылына қатысты брифингте диплом сатумен айналысқан бірнеше университеттің жабылғанын мәлімдеген болатын. Оңтүстік Қазақстандағы өңірлік университетте 35 000 студенттің барына қарамастан жапты. Министрдің айтуынша, мұнда сабақ өткізілмеген, тиісті деңгейлері жоқ болып шықты, ақпарат тарату жұмыстары да атқарылмаған. Демек, министрлік тарапынан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар