• Басты
  • Оқшаулану режимін бұзып, өзгелерге вирус жұқтырғандар жазаланады

Оқшаулану режимін бұзып, өзгелерге вирус жұқтырғандар жазаланады

6 Тамыз, 2020 14:56

Алматыда 8 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Олар оқшаулану режимін сақтамаған. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфиде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Әкімнің айтуы бойынша, ауру белгілері жоқ және жеңіл түрде ауырып жатқан науқастарды тексеру кезінде олардың бірі жұмыс орнында отырғаны анықталған.

Тест нәтижесі оң болған науқас жұмыс орнында, жұмысқа барар жолда және қайтар жолда инфекцияны таратады. Бас санитар дәрігер қаулы шығарды – егер науқас оқшаулану режимін бұзса, ол карантиндік стационарға жатқызылады. Жаза ретінде айыппұл төлеуге міндетті. Егер науқас өзінің квимен ауыратынын біле тұра көшеге шығып, басқа біреуге жұқтырғаны белгілі болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осы күндері ауру белгілері жоқ немесе жеңіл түрде ауырып жатқан 8 науқас арнайы карантиндік стационарларға жатқызылды. Үйде оқшаулануға мүмкіндігі жоқ науқастарды осындай стационарларға қабылдаймыз. Стационарда жату тегін, тамағы да бар, - деді Сағынтаев.

Алматы әкімі қалада неліктен коронавирус жұқтырғандардың саны көбейіп жатқанын түсіндірді. Әкімнің айтуынша, бұл дәл қазір тұрғындардан алынып жатқан тесттің көптігінен.

Маусым айымен салыстырғанда, бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Біз күн сайын статистика жүргізіп отырмыз. Қазір Алматыда кви жұқтырғандардың көбеюі тапсырылып жатқан ПТР тесттің санына байланысты. Алматыда 435 мың тест тапсырылды. 176 мың адам өз еріктерімен келіп тапсырды. Бұл Қазақстан бойынша ең үлкен көрсеткіш. Қала бойынша көлікпен келіп, жедел түрде тест тапсыратын бірнеше орын аштық. Осыған орай адамдардың тест тапсыруы жиіледі. Маусым айында жағдай басқаша еді, - деп түсіндірді Алматы басшысы.

Бүгінде қала бойынша стационарларда алты мың орын дайын тұр. Алайда, қазіргі таңда ауруханалардағы орындардың тек 30%-ы ғана қолданылуда. Шарықтау шегі кезінде бұл көрсеткіш тоқсан пайызға тең болған. Оған қоса, күзде келу мүмкіндігі бар коронавирустың екінші толқынына дайындыққа орай ауруханалардағы орындардың саны көбеюде, жаңа емханалар салынып жатыр. Айтпақшы, «Халық Арена» стадионындағы уақытша стационарда науқас болмауына байланысты жабылды. Алматыда COVID-19 жұқтырған адамдардың саны дәл қазір 12 640-қа жетті.

Бақытжан Сағынтаев қаладағы қоғамдық көліктерде жолаушылардың маска таққанын онлайн режимде тексеруге мүмкіндік беретін пилоттық жоба дайындалып жатқанын айтты.

 Енді қаладағы автобустар мен троллейбустардың іші видеокамера арқылы бақылауда болады. Санитарлық ережелердің сақталуын онлайн режимде бақылайтын орталыққа бәрі көрініп тұрады.

Жасырын камера маскасыз жүрген жолаушыларды анықтап, сондай-ақ, бетпердені дұрыс тақпаған жолаушыларды анықтай алады. Сондай жағдай анықталса, диспетчер жүргізушімен байланысып, жағдайды түзеткенге дейін қоғамдық көлікті тоқтатады. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.

«Ақылды» камералардың көмегімен алғашқы үш күннің өзінде автобустардағы әлеуметтік арақашықтықтың сақталмағаны анықталды. 52 адам маскасыз болса, 89 адам оны дұрыс тақпаған. Тестілеу жалғасады, - деді ол.

Қоғамдық көлік ішіне орнатылған бейнекамера автобустағы жолаушылар ағынын бақылап отыруға да мүмкіндік береді. Сол арқылы қажетті бағыт бойынша көлік саны көбейтілетін болады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар