• Главная
  • О. Өксікбаев: Бүгін Президент «көлеңкелі экономиканың» көбейгенін мойындады
1 сентября, 2020 14:26

О. Өксікбаев: Бүгін Президент «көлеңкелі экономиканың» көбейгенін мойындады

Мәжіліс депутатының айтуынша, мемлекет басшысы бұл Жолдауында елдегі мәселелердің бәрін терең сараптап, соның бәрін жинақтап, түйінін айтты. Жолдаудағы басым бағыттар туралы  Мәжіліс депутатыОмархан Өксікбаевтың пікірін Strategy2050.kz тілшісінің материалынан білуге болады. 


О. Өксікбаев: Бүгін Президент «көлеңкелі экономиканың» көбейгенін мойындады

Депутаттың айтуынша, бүгінгі Жолдауда әр саланың кемшіліктері ашық айтылды. Кемшіліктер айтылып қана қойған жоқ, оларды түзететін нақты шараларды Президент анықтап берді.

Мемлекеттік құрылыста ұлттық экономиканың қалыптасуындағы олқылықтар мен проблемаларды ашық айтты. Оны түзететін шараларды нақтылады. Жаңа бастамаларды айтып, оларды орындауды Үкіметке тапсырды, - деді ол.

Жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау мен реформалау жөніндегі агенттіктің жоспарларды жүзеге асыратын маңызды агенттік болатынын тілге тиек етті.

Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылады. Мемлекеттің стратегиялық жоспарлау саясатын бір жолға қоюды енді осы агенттік реттейді. Агенттік тек жоспарлап қоя салмайды, оны іске асыруды да қадағалайтын болады. Ертеңгі күнімізге оймен зерделеп, саралап іске көшетінімізді белгілейді. Бізде осыған дейін жоспарлар болды, бірақ жоспар күйінде қалып, көп жағдайды іске аспай жатты. Жаңа агенттік бұған жол бермейді деп ойлаймын, - деп бөлісті О.Өксікбаев.

Сарапшы елді басқарудың жаңа формасына тоқталды.

Президент мемлекетті басқару жүйесін де айтты. Мемлекетті басқаруды жаңа сатыға көтеруді мақсат етіп отыр. Жаңа форматтағы мемлекетті басқару жүйесі құрылады. Мемлекеттік аппаратты қысқарта отырып, сапасын реттеу жолға қойылады. Жалақы өсіру арқылы мемлекеттік қызметкерлердің ынтасын көтеру құптарлық бастама, - деді депутат.

Қаржы және бюджет саласының маманы ретінде мемлекеттік қаражатын жоспарлаудың маңызы туралы пікір білдірді.

Жолдаудағы маңызды шешімдердің бірі – жаңа бюджеттік жоспарлау жүйесі. Көңілге сенім ұялататыны - бюджеттің кіріс пен шығысын жоспарлау. Оны ашық жария ететін болды. Бұл мемлекеттің қаражаты енді жинақы болатынын көрсетеді. Көлеңкелі экономиканың 30 %-дан асатынын Президент бүгін мойындап, ашық айтты. Бұған тосқауыл қою жұмыстары да нақтыланды. Алда осы мәселелердің шешімі болған жұмыс нәтижелерін көреміз, - деді Мәжіліс депутаты.