• Басты
  • Қоғамдағы кибербуллинг құбылысы

Қоғамдағы кибербуллинг құбылысы

16 Қыркүйек, 2021 16:23

Қазіргі уақытта адамдардың күнделікті қарым-қатынасы жаңа қырларымен, ауқымы виртуалды әлемге таралып, кеңістігінің едәуір кеңеюімен ерекшеленеді. Ересек азаматтар үшін электрондық поштамен, жедел хат-хабарламамен, чаттар арқылы байланысу дағдылары есейген соң қалыптасып, қазір қарым-қатынасын виртуалды форматқа көшіріп жатса, бүгінгі балалар мен жасөспірімдер осы дағдыларды жастайынан қатар игеріп жатыр. Яғни, шынайы өмірдегі және виртуалды әлемдегі қарым-қатынасты қатар қабылдауда. Бұл білім алып, өнерін шыңдауға жол ашып жатқанымен, адамның жеке қауіпсіздігі мен денсаулығына, құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруі мүмкін.

Жасөспірімдер виртуалды ортада өзгелермен танысу, әртүрлі әлеуметтік рөлдерді атқару, нормаларды игеру арқылы әлеуметтену процесінен өтеді. Цифрландыру, ақпараттық-коммуникация технологияларының таралуымен кәдімгі әлеуметтік-физикалық тіршілікте болатын барлық коммуникация виртуалды платформаларда «қайталанады», кейде виртуалды байланыс арқылы күшейеді, кейде бұзылады, бірақ жалпы алғанда күнделікті қарым-қатынас жаңа ерекшеліктерімен толығып келеді. Интернеттің пайда болуы көптеген адамдар үшін ресурсқа айналып, қосымша әлеуметтік мүмкіндіктер ашты да, «виртуалды байланыс» біртіндеп әдеттегі құбылысқа айналды. Интернеттегі анонимділік былайғы өмірдегі басқалардың қарсы шығуы мен тойтарып тастауынан айналып өтіп, жастардың әртүрлі әлеуметтік рөлге еніп, өз-өзіне тәжірибе жасауына жол ашты. 2005 жылғы мәліметтерге қарайтын болсақ (Ресей), интернеттегі жасөспірімдердің төрттен бір бөлігі өздерінің жынысы, жасы, этникалық тобы, саяси көзқарасы туралы мәліметті бұрмалап көрсеткен, ал олардың жартысынан көбінде бірнеше электрондық пошта мен лақап аты бар болып шыққан. 

Басқа деректерге сәйкес, жасөспірімдердің 39%-ы интернет желісінде біреумен қалжыңдап ойнамақшы болған немесе жедел хат жазысқанда бөгде адам болып танысқан. Бір жағынан, бұл өзі туралы көбірек білгісі келетін, өзінің ішкі дүниесіне сырттан қарағысы келетін жастарға қызық эксперимент болуы ықтимал. Алайда, екінші жағынан, біз қозғап отырған «виртуалды қатынас» қоғамда жаңа қауіптер мен проблемалар тудырды. Мысалы, желіде анонимді болу жасөспірімнің интернетте немесе күнделікті өмірде дәл өзі сияқты «рөл ойнаушы» адаммен кезіктіріп, түрлі қылмыс пен заң бұзушы іс-әрекеттерге, теріс әдет-қылықтарға итермелеуі мүмкін. Өзінің қылмыстық пиғылын орындау үшін бүркеншік атпен бөгде азаматтың жеке мәліметтерін ұрлаған, психологиялық-қаржылық қысым көрсетіп, бопсалаған жағдайлар да көп.

Аталған күрделі мәселелердің тоғысуынан әлемнің көптеген мемлекеттері мен халықаралық қауымдастықтың алдында интернетті және виртуалды коммуникацияларды кеңінен қолдану кезінде осы коммуникацияны жүйелеп, қоғамға барынша пайдалы ету, қолданушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кибер этиканы қалыптастыру міндеті тұр. "Шынайы" және "виртуалды" әлемдіқарама-қайшы қоюшылардың көптеп таралуына қарамастан, осы екі құбылыстың арасындағы нақты шекара айқындалмаған. АҚШ Миссисипи штаты Әділет департаментінің киберқылмыс (ақпараттық технологияны қолданатын қылмыс) бөлімінің криминолог-зерттеушісі Р.Махаффи, XXI ғасырда интернетте үнемі қызықты оқиғалар, қауіп-қатер мен қылмыскерлер түйіседі, онда атылатын оқтар жасанды болғанымен, олар адамдардың жанын жарақаттауы мүмкін деген пікірге келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы кибербуллинг мәселесіне үлкен назар аударып, халықаралық деңгейде тиісті шаралар қабылданып отыр. ЮНИСЕФ ақпаратына сәйкес, кибербуллинг дегеніміз цифрлы технологияларды қолдану арқылы адамды қорқыту немесе қудалау. Ол әлеуметтік желілерде, әртүрлі хат-хабар алмасатын қосымшаларда, ойын платформаларында және ұялы телефон арқылы да болуы мүмкін. Бұндай бірнеше рет қайталанатын іс-әрекеттің мақсаты қудалап отырған адамды үркітіп-қорқыту, ашуына тию немесе өзге елдің алдында масқаралау. Оған мысал ретінде:

-                  әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату немесе біреудің әдепсіз немесе жеке фотосуреттерін жариялау;

-                  хабар алысатын платформалар арқылы біреудің жеке басына қол сұғып, қоқан-лоққы көрсететін, қауіп төндіру сипатындағы хабарламалар жіберу;

-                  өзін әлеуметтік желіде біреудің атынан таныстыру және соның атынан әдепсіз хаттар жазу.

Шынайы өмірдегі адамның жеке басына тиісу мен кибершабуыл көбінесе қатар жүруі мүмкін. Бірақ интернет желісіндегі қудалаудың цифрлық дәлелдері анық көрініп тұрады. Ол фактор кибербуллингті анықтау немесе дер кезінде тоқтату үшін пайдалы болуы мүмкін.

Кибербуллинг алыс-жақын шет елдерде адамды агрессивті формада қорқытып-үркітудің интернеттің мүмкіндіктерін қолдана отырып тез таралуымен көрінеді. 1993 жылы норвегиялық психолог Д. Ольвеус балалар мен жасөспірімдер ортасындағы қысымның жалпыға бірдей қабылданған анықтамасын берді, яғни "буллинг — билік пен күш теңсіздігінен туындайтын, әдейі жүйелі түрде қайталанатын агрессивті мінез-құлық. Бұл тақырып оның салдарының күрделі болуы, кең таралуынан балалар ұжымдары контекстінде ең көп талқыланатын тақырыптың бірі болып саналады.


2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша интернетте қысым жасалған АҚШ-тағы ересектердің үлесі 

Қазіргі уақытта ересектер жағдайды қадағалай алмайтын күнделікті балалар қорқытып-қорлаумен бетпе-бет келетін мектеп, оның ауласы, мектепке барар жол, қоғамдық көлік, тұратын үйдің ауласынан бөлек, қорқытып, келеке қылуы ықтимал интернет кеңістігі мен оның әртүрлі платформалары пайда болды. Адамға агрессивті түрде қысым жасау заманауи технологиялардың қосылуымен жаңа сипатқа ие болды. Кибербуллинг деп аталатын бөгде біреуді қорлаудың бұл түрі Еуропа мен АҚШ-та балалардың, ата-аналар мен мамандардың алаңдаушылығын тудырды. Интернеттегі ақпараттық процестердің ерекшелігі – ол жерден ештеңе жоғалмайды, жоғалған күннің өзінде қалпына келтіруге болады. Виртуалды кеңістіктегі белгісіздік көп адамды әрүрлі шешімдерге итермелейді. 

Кибербуллинг тікелей ықпал ететін ең осал топ – жасөспірімдер. Әлеуметтік желілердің танымалдығы артып келеді, онда пайдаланушы жеке профиль ашып, әртүрлі ақпараттарды жариялай бастайды. Сондықтан жасөспірімдер мен желіні енді пайдаланып жүрген ересектер, жеке шекараның бұзылуы, қолжетімді ақпаратты теріс пайдалану, құпияның сақталмауы сияқты тәуекелдерге дайын болмауы мүмкін. Жасөспірімдердің 72% - дан астамы әлеуметтік желілерде жеке профильге ие. Балалар өздерінің фамилияларын, жасын, мектебін, желіге қояды, ал үштен бірінің профилі басқаларға ақпаратты ашық көрсетіп тұрады. Шетелде балалардың 62%-ы жеке фотосуреттерін басқалармен бөліседі екен. Зерттеу бойынша, интернетте жағымсыз жағдай туындаған кезде 6-9 жастағы балалардың 77%-ы ата-аналарынан көмек сұрайды, ал 15-17 жастағы балалардың 54%-ы мәселенің шешімін өзі тапқысы келеді. Сондықтан балалардың желідегі белсенділігімен қатар оның қауіптілігі, болдырмау, жеңу туралы үйрету, ағарту жұмыстарымен айналысу қажет.

Еуроодақ елдерінде кибербуллингке қарсы күресте қылмыстық немесе азаматтық жауапкершіліктің алдын алу қарастырылған. Жаңа Зеландия желіде қорлағаны үшін бас бостандығынан айыруы мүмкін алғашқы мемлекет болды. АҚШ-та кибербуллинг үшін жаза қарастыратын заңнама бірқатар штатта енгізілді. Кибербуллингті зерттеу орталығының мәліметі бойынша, 44 штаттың 50-інде интернеттегі қудалау үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Германияда кибербуллингтің жекелеген тараптары жазаланады, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе азаматтық құқық бұзушылық болып саналады. Оңтүстік Корея, Франция интернет-платформалардағы агрессияға қатысты күшейту жұмыстарын жүргізуде. Қазақстанның заң практикасында кибербуллинг әлеуметтік феномен ретінде бар, бірақ ол үшін қылмыстық кодекстің жеке бабы арналмаған.

2021 жылдың қаңтарынан АҚШ-та кибербуллинг болған онлайн-платформалар үлесі  

Ресей бейбітшілік қоры "Қауіпсіздік 2.0" орталығының мониторингіне сәйкес желідегі балалар мен жасөспірімдерге әлімжеттік көбейген. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында осы орталық кәмелетке толмағандардың кибербуллингі бойынша 1839 оқиғаны тіркеген, ол өткен жылмен салыстырғанда 100%-дан асып кеткен. 

2017 жылғы зерттеу бойынша австралиялық 5 жастың 1-і әлеуметтік оқшауланған, қауіп-қатерге ұшыраған немесе интернетте зорлық-зомбылық көрсеткенін хабарлаған. Жастардың 55%-ы желідегі қысымнан кейін ата-анасынан, 28%-ы достарынан көмек сұраған; 38%-ы желідегі аккаунтын бұғаттаған; 12%-ы осы жағдай туралы веб-сайтта хабарлаған екен. 

15 пен 29 жас аралығындағы канадалық интернет қолданушылардың 17 пайызы (немесе 5 адамның 1-і) алдыңғы бес жыл ішінде кибербуллингтің құрбаны болғанын айтқан. Кездейсоқ зерттеу барысында 14%-дан астамы басқа адамның кибер қысым жасағанын мойындады және мәтіндік хабарлама, электрондық пошталар арқылы қауесет оның ең көп таралған түрі болып шыққан. Қыздар (40,6%) ер балаларға қарағанда (28,8%) көбірек кибершабуылдың құрбаны болған, өйткені қыздар әлеуметтік желіге уақытты артық жұмсайды, ал ұлдар бейне ойындар ойнауға бейім келеді екен. Оқшаулануы кезеңінде жасөспірімдер мен балалар арасындағы жеккөрушілік, төзбеушілік пен агрессивті қатынас өсіп кеткен.

Жалпы алғанда төмендегі статистика жекелеген елдердегі кибербуллинг туралы жаһандық алаңдаушылықты көрсетеді. Кибербуллинг туралы алаңдау Швецияда жоғары, онда респонденттердің 91 пайызы кибер қысым туралы хабарлаған. Ipsos мәліметтері бойынша, бүкіл әлемдегі респонденттердің 75 пайызы кибербуллингке куә болған.


2018 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша әлемнің жекелеген елдеріндегі кибербуллинг туралы жалпы ақпарат 

Иә, буллинг деген бүгін пайда болған құбылыс емес. Интернеттің әлі иісі шықпаған заманда адам баласының бірін-бірі кекетіп-мұқатуы, шаршы топтан шеттетуі, жеке бостандығын шектеп, қысым көрсетуі, түр-түсіне, нәсілі мен тіліне, діні мен дәстүріне қарай мазақ қылған, көпшіліктің алдында ұятқа қалдырған, ат қойып, айдар таққаны анық нәрсе. Осы орайда әлемді былай қоя тұрғанда қазақта ежелден бар қағытпа қалжың, достық әзіл-күлкінің орны бір бөлек. Тек ол агрессивті және қайталатын формаға өткенде белгілі бір проблема деңгейіне көтерілді. Бүгінгі уақытта осы құбылыстар «кибербуллинг» деген атпен жеке зерттеу саласы, ақпараттық технологияның таралуына байланысты жаңа сипатқа көшкен қысым жасау, қорлау, қорқыту, қоқан-лоққы көрсету көрсетудің терминіне айналды. Ол проблема осы күнде балалардан бастап ересектерге дейін жас аралығын қамтитын, күнделікті өмірдің барлық аспектілерін қатысты болып отыр.

Барлық жаңалықтар