• Басты
  • «Nur Otan» съезі: Сайлауалды бағдарлама қабылданып, кандидаттар тізімі белгілі болды

«Nur Otan» съезі: Сайлауалды бағдарлама қабылданып, кандидаттар тізімі белгілі болды

25 Қараша, 2020 15:41

Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезі өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. Шараға ҚР Президенті Қ.Тоқаев, партия Төрағасы,Елбасы Н.Назарбаев,партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек қатысты.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 30 жылдан бергі негізгі жетістіктеріне, партияның пандемия кезіндегі жұмысына, партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды.

Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1400 жаңа аурухана мен емхана, 1800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отыр, - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Nur Otan партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға бергеніне тоқталды.

Қазақстан Президентінің айтуынша, әлем ғаламдық өзгерістер дәуіріне аяқ басып, халықаралық қатынастар жүйесі белгісіздік жағдайына, тіпті, бейберекетсіздікке бет бұруда. Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы он жылға артқа лақтырып тастағанын, ал бұрынғы өсу қарқыны мен тұрақты дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет екенін жеткізді.

Қазақстанның тұрақты даму тұрғысынан мүмкіндігі мол. Себебі бізде, ең алдымен, нақты даму жоспары бар. Оны жүзеге асыруға қаржылық ресурсымыз да жеткілікті. Жауапкершілікті сезіне алатын миллиондаған азаматтардың қолдауының арқасында біз ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бизнес қоғамдастықты қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алуын қамтамасыз ете алдық. Біздің бұған қол жеткізуімізде халқымыздың дәстүрлі құндылықтары, өзара жәрдемдесу, табандылық пен жанашырлық секілді қасиеттері ерекше рөл атқарды, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы қалыптастырған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын жүйелі жаңғыртуға тың серпін беруге шақырды.

Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей-тегжейлі зерделенген, шынайы құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Nur Otan Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Партия жұртшылық тарапынан келіп түскен барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді ескерді. Біздің бағдарламаны бүкіл еліміз дайындады десек, артық айтқандық емес, - деді Президент Тоқаев.

Президент алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте оның өсім мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға көп болуы тиіс.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Бағдарламадағы басым бағыттар:

1.     Әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндік беру. Әлеуметтік төлемдерді индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді;

2.     Денсаулығы мықты интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Бұл бағытты ілгерілету үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына бөлінетін қаражат көбейеді;

3.     Экономиканың және аймақтардың тұрақты дамуы. Макроэкономикалық саясат, жеке меншік секторды қолдау, халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау есебінен экономиканың өсімін қамтамасыз ету;

4.     «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және жауапты азаматтар. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды мықтап қолға алу.

Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері - 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8% болды. Сондай-ақ, экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты. Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.

Барлық жаңалықтар