• Басты
  • "Nur Otan" партиясынан Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар мандаттық туралы пікірлерін айтты

"Nur Otan" партиясынан Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар мандаттық туралы пікірлерін айтты

13 Қаңтар, 2021 14:28

«Nur Otan» партиясынан ҚР Парламент Мәжілісіне жаңадан сайланған депутаттар өз мандаттықтары туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Саясаттанушы, қоғам белсендісі Ерлан Сайыров өзіне артылған сенім үшін партия басшылығына және дауыс берген азаматтарға алғыс білдірді.

«Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, партияның саяси менеджментіне көрсеткен жоғары сенімі үшін алғыс білдіремін. Біз партияның сайлауалды бағдарламасын орындау үшін еңбек етеміз, біздің қызметіміз азаматтардың әлеуметтік және экономикалық проблемаларын шешуге бағытталатын болады. «Nur-Otan» партиясына дауыс берген барша азаматтарға алғыс айтқым келеді, біз саяси көзқарасқа, ұстанымға және қоғамдық көзқарасқа қарамастан, барлық халыққа қызмет етеміз», - деді ол.
Ол пандемия кезіндегі әлем экономикасындағы өзгерістер мен Қазақстандағы күрделі кезең туралы да айтып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Біз жұмыс орындарының қысқаруына, кәсіпорындардың жабылуына жол бермеуіміз қажет». Біздің денсаулық сақтау жүйесі ұтымды, мектептер тиімді болуы керек. Қабылданатын заңдар елдің адами ресурсын арттыруға қабілетті, азаматтар үшін қолайлы болуы тиіс», - деді ол.
Оның айтуынша, сайланған жаңа депутаттар үшін басты аспект – азаматтық бейбітшілік, қоғамдық даму, саяси эволюция, ел мен қоғамның әлеуметтік трансформациясы. 

Ақын, публицист, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан өзіне артылған жауапкершілік пен сенімдің салмағы туралы айтты.

«Жауапкершіліктің үлкен-кішісі жоқ, алайда, бұл – қараша жұрттың елдік мұрат-мақсат жолындағы аса зор жауапкершілігі, сенімі, Сенімге селкеу түсірмеу керек!», - деді ол.

Ол сайлау науқаны кезінде ел арасындағы кездесулерден де келтірді.

«Өздеріңізге мәлім,биылғы Парламент және мәслихаттар сайлауының үгіт-насихат кезеңінде "қызыл аяқ қыр кешіп,жалаңаяқ жар кешіп",түрлі форматта,түрлі әлеуметтік орталарда қаншама ел-халықпен кездестік. Сырластық. Мұң-мұқтажын тыңдадық. Қаншама әлеуметтік қайшылықтармен бетпе бет келдік. Бәрі көңіл көзінде жазулы. Енді қос білекті түріп іске кірісу керек», - деді Жанарбек Әшімжан.
Оның айтуынша партияның сайлауалды бос уәде емес,Үкіметтің кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін жүзеге асыруы тиіс міндеттер. Электорат осы әлеуметтік жобалардың жүзеге асуын мұқият қадағалайтынын ескерткен.

«Енді жаңа Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының алдында сайлауалды бағдарламаның орындалуын жүйелі түрде бақылау және жаңа реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттері тұр. Фракция құрамы 70 пайызға жаңарды. Депутаттық корпусқа ұлттық құндылықтар мен рухани игіліктер жолында күресіп жүрген мәдениет пен өнердің,сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді жетекші салалардың өкілдері енді», - деп атап өтті.
Ол сонымен қатар Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» консепциясы мен түрлі реформалардың қарқынды түрде жүзеге асуына атсалысатынын айтты.

Мәжіліске «Nur Otan» партиясының атынан сайланған тағы бір депутат Жұлдыз Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мандатыққа ие болғанын қуанышпен хабарлады.

«Басындағы қуанышпен бөлісіп көбейтіп алар қазақтың баласымыз ғой. Бүгін Сіздермен менің өмірімдегі маңызды жаңалықпен бөліскім келеді. «Nur Otan» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығына сайландым. Осы бір қаулыға қол қойылып, шешім қабылданған уақыттан бастап, «жауапкершілік» атты ұғымның салмағы ауырлай түсті. «Nur Otan» партиясына сенім білдірген халқымызға, сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлына шын жүректен алғыс білдіремін», - деп жазды Ж. Сүлейменова.
Ол праймеризден бері халықтың бел ортасында жүргенін есіне алды.⠀

«Бір-ақ сәтті шешім қабылдап, праймеризге қатысуға бел буғаннан халықтың бел ортасынан табыла білдік. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әсіресе білім саласы туралы айтылған ұсыныстардың біреуі ескерусіз қалмады. Өзім ғұмырымды арнап келе жатқан білім саласында түйіткілін таппаған мәселелерді шешуге күш-жігерімді, барлық жинақтаған тәжіирбемді, өмірлік дағдыларымды алдағы қызметімде арнайтын боламын. Ел алдында «депутаттыққа» байланысты қалыптасып қалған стереотиптердің барлығын бұзып өтіп, жаңа қарқынмен жұмыс жасауға уәде беремін. Шалғайдағы Қарапайым ауылдан шығып, үлкеннің батасы, ата-ананың тәрбиесімен өскен біз секілді жандар үшін уәде, сенім, аманат атты ұғымдардың қадірі асқақ, шоқтығы биік. Осы жасқа келгенше үлкенді-кішілі ұжымдарды аманат қып басқардық. Қиыншылықсыз дүние болмайды. Бірақ, бұл жолғы белестің жүгі өте ауыр. Себебі, алдымызда тұрған алты алаштың аманатын арқалап, сенімдерін ақтау», - деді ол.

Ол халықпен бірге екенін білдірді.⠀

«Елдің сөзін сөйлеп, көсбасшы болғалы мен халықпен әрдайым біргемін. Мәжіліс залына қадам басқаным сіздерден алшақтағаным емес, керісінше Сіздерге жақындағаным. Алдағы уақытта әлеуметтік желілердегі парақшалам арқылы сіздермен байланысып тұрамын. Қояр сауалдарыңыз, көкейтесті мәселелеріңіз болса құлақ асып, жәрдемдесуге әрдайым дайрыынмын. Әр бастамама қолдау білдіріп, сенім артатын барша жандарға үлкен алғыс білдіремін! Ел аман, жұрт тыныш болсын», - деп жазды депутат.

 Ләззат Рамазанованың айтуынша, 70 пайызға жаңарған жаңа құрамның ішінде әйелдердің үлесі артқан.

«Фракция құрамы 70% жаңарған. Ал оның 40%-ы әйелдер мен жастар. Алдымызда үлкен іс тұр. Жаңа құрамның алдында әр іске бар күш-жігерін салып, алға қойған реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр.Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі Мәслихат сайлауында партияға білдірген сенімдеріңіз үшін рақметімді айтқым келеді! Партия басшысы, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа, Nur Otan басшылығына артқан сенімдеріңіз үшін айтар алғысым шексіз», - деп алғысын білдірді.

Саясаттанушы Айдос Сарым сайлау науқанының оңайға соқпағанын айтты.

«Біреуге тым қысқа, біреуге аса қызықсыз деп көрінген сайлау науқаны қай-қайсымызға да оңай болған жоқ. Өзім үшін бұл науқан пандемия кезінен басталып, праймеризде жалғасты. Үлкен жұмыс жасалып, ұзынсонар жолды көптеген адаммен бірге бастан өткердік. Пандемия кезінде «Біз біргеміз» қоры құрылып, қыруар қаржы жиналып, миллиондаған ел тұрғындарына қаржылай, медициналық, өнімдік көмек көрсеттік» – деді ол.

Ол осы сайлаудағы «Nur Otan» партиясы өткізген праймериздің рөлін айтып кетті.

«Праймериз билік партиясының шынайы жаңаруына, оның қатарына көптеген жаңа, тың тұлғалардың қосылуына өз ықпалын тигізді. Сол кезде алынған аса жоғары, пәрменді қарқынмен сайлау науқанына араласып кеттік. Сайлау науқанының белсенді, мығым өтуіне бірден-бір себепкер осы праймериз болды десек еш артық болмас. Науқан кезінде жүздеген, мыңдаған адаммен, елдің шынайы патриоттарымен таныстым, солармен бірге атқа қонып, ел мен жерді бірге аралап, үгіт жүргіздік. Күніне кемі 3-4 кездесу өткізу арқылы ғана партияның үміткерлері миллиондаған қазақстандыққа партияның бағдарламасы мен жұмысы туралы әңгіме айтып, сұрақтарына ашық жауап бердік» - дейді саясаттанушы.

 

Барлық жаңалықтар