Өңірлер

Өңірлер: Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы

Түркістан облысы - қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі. Аймақта жаңа өнеркәсіп орындары ашылып, туризм және жұмыспен қамту салалары қарқынды дамып жатыр. Мәселен, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 42 гектар жерде қуаттылығы 20 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Өңірде осы сынды жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы31 Қаңтар , 12:20

Күн электр станциясы  жобасын  қазақстандық «EcoProTech-Astana» компаниясы германиялық «DERA GmbH» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Тартылған инвестиция көлемі – 35 млн. доллар.

Күн электр стансасының құрылысы аясында 77 мыңнан астам фотоэлектрлік модуль, 10 инвертор мен трансформатор, сондай-ақ 10 таратушы құрылғы орнатылады. «Жасыл» энергия көздерінен  өндірілген электр энергиясы Қазақстандағы бірыңғай электр энергетикалық жүйесі болып табылатын «KEGOC» АҚ-ға жеткізіледі. Жобаны жүзеге асыру аясында 20 адам жұмыспен қамтылмақ.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында модульдерге арналған металл конструкциялар салынған. Ағымдағы жылдың ақпан айында күн батареялары мен трансформаторлар блогы орнатылады. Электр станциясының іске қосылуы 2019 жылдың наурыз айына жоспарланған.

Жобаны «Түркістан» ƏКК» АҚ филиалы – «TURKISTAN INVEST» сүйемелдеуде.Сондай-ақ,  Түркістан облысына туристерді тарту бойынша бірқатар  жұмыстар атқарылып жатыр.

Туризм және сыртқа байланыстар басқармасының басшысы Олжас Шынтаев облыста туризм саласы тарихи-мәдени, мінәжат ету, экологиялық және емдік-сауықтыру бағыттары бойынша әлеуетті екенін айтты.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және туристік әлеуетті ішкі туризмді маркетингтік ілгерілету мақсатында 2018 жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында ЮНЕСКО өкілдерін, Түркия мемлекетінің экспертін, «Tour Lab» туристік зертханасы мамандарын тарта отырып туристік бизнес, мұражай қызметкерлері, гид-экскурсоводтарға арналған семинар-тренинг өткізілді. Елбасының 29 қыркүйекте Түркістан қаласына ресми сапары барысында Түркістан қаласында мәдени-тарихи туризмді, Төлебиде (Қасқасу) тау-шаңғы туризмін, Сарыағашта емдеу-сауықтыру туризмін дамыту тапсырылған. Жалпы жоспар бойынша 2025 жылға қарай Түркістанға 5 млн. турист келеді», – деді Олжас Шынтаев.

2018 жылдың 9 айында туризм саласында орналастыру орындарынан түскен жиынтық табыс көлемі 1 013 875,8 млн. теңгеге жеткен. Бұдан 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға артқанын аңғаруға болады.

Өз кезегінде  аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев  облыстың имиджін көтеріп, шетелдік қонақтарды қызықтыру мақсатында сапалы жарнамалық роликтер мен фильмдер дайындау керек деп ойлайды.

«Аталған көрсеткіштерді Елбасының облысымызды қолдауының арқасында 2 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті шараларды дер кезінде атқару маңызды. Мәселен, туристік 6 бағыт бойынша 6 кітап шығаруды тапсырамын. Онда туристік нысандардың суреттері мен мәліметтері және маршруттық картасы көрсетілуі тиіс. Туристік компаниялардың арасында бәсекелестікті қалыптастыру керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кету керек, биыл Түркістан облысының  үш туристік объектісі Әлемдік туристік тартымдылық тізіміне еніп отыр. Туризм индустриясының мультипликативттік эффектісін ескеріп, барлық бағыттар және тапсырмалар мен міндеттер орындалмақ.

Елбасы Жолдауындағы  еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз немесе жұмыссыз азаматтарды, өз бетінше жұмыс атқаратындарды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдем берудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеген болатын. Бұл – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмыстарының негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі.

Осыған орай, Сайрам ауданында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға тарту жөнінде тындырымды тірліктер атқарылып келеді.

Мәселен, 2018 жылы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 1 млрд. 721,8 млн.теңге қаржы жұмсалса, оның ішінде 889,9 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 16,8 млн.теңге тұрғын үй жәрдемақысы төленді.

Жалпы, аудан бойынша аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедектер және ардагерлерге тиісті әлеуметтік көмектер өз деңгейінде көрсетіліп келеді.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы 5791 адам жұмыспен қамтылды

Аталған бағдарлама негізгі үш бағыттан тұрса, оның біріншісі - еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 340 адам 10 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылып, кәсіптік мамандық алған 320 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бағдарламаның екінші бағыты саналатын «Бастау-бизнес» жобасына 156 адам қатысып, олар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 111 адам шағын несие алса, жаңа бизнес-идеяларды іске асырған 11 кәсіпкерге 2,4 млн. теңге гранттар берілді. Ал, бағдарламаның үшінші бағыты аясында 3751 адам тұрақты және уақытша жұмыстармен, 538 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. «Жастар практикасына» 461 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 293 адам, 385 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды.

Мүмкіндігі шектеулі 168 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика