• Басты
  • ҚР Тұңғыш Президенті күні: Н. Назарбаевтың үздік бастамалары мен пайдалы шешімдері

ҚР Тұңғыш Президенті күні: Н. Назарбаевтың үздік бастамалары мен пайдалы шешімдері

30 Қараша, 2020 19:36

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1991 жылдың 1 желтоқсанынан 2019 жылдың 19 наурызына дейін 28 жыл басқарды. Сондықтан, 1 желтоқсан – ҚР бірінші Президент күні. 28 жылда Елбасының Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық, саяси әлеуетін жақсарту мақсатында жасаған нәтижелі бастамалары Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Семей ядролық полигонының жабылуы – Семей халқының құтқарылуы

Назарбаевтың қазақ халқының игілігіне қабылдаған Ядролық қарусыз әлем туралы шешімі оның барлық шешімдерінің басында тұр. Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау туралы бастамасымен Назарбаев тарихта қалады.

1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының жабылғанын білесіздер. Біздің халқымыздың қалауымен Қазақстан аумағында ядролық сынақ полигонын жабу туралы актінің зор өркениеттік мәні бар. Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация түсініксіз ұғым емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең. Ядролық радиация даланы, өзен-көлдерді улады, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойды Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған бір жарым миллионнан астам қазақстандықтың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз әлем туралы халықаралық конференциялардың бірінде.  

Қазақстан бейбітсүйгіштік индексі бойынша әлемнің 163 мемлекетінің ішінде 64-орында, ал ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ ядролық қарудан азат ел болуға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды компонентке айналды. Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімінен кейін Семей халқының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы қалыпқа түсті. Бұған дейінгі Семей сынақтарында бейкүнә адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған, 1963 жылдардағы аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.

Елорданы Астанаға көшіру – тарихи шешім

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Назарбаевтың ел астанасын Алатау баурайындағы Алматыдан Сарыарқа төсіндегі Ақмолаға ауыстыруы – қазақ үшін тиімді бастамалардың бірі. 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланды. 1998 жлдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған Астананың тұсауы кесілді. Назарбаев бұл шешімге келуінің негізгі себептерін атады. Біріншіден, Ақмола Қазақстанның қақ ортасында орналасқан, географиялық картада ол Қазақтанның барлық аймағына бірдей жақын, демек орталық бола алатын қала. Бұдан өзге тағы 32 өлшем бойынша таңдау Астанаға жасалды. Соның ішінде аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. 2019 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді.

«Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарлары

1997 жылы Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарын қазақ халқына жолдаған еді. Ондағы басым бағыттар: экономикалық дағдарыстан шығу жолдары, реформаларды аяқтау, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу, «Қазақстан барысын» қалыптастыру.

ҚР Тәуелсіздігіне 21 жыл толуына орай ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Сол кезде ол «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарының орындалуына тоқталып, «Қазақстан-2050» стратегиясы «Қазақстан-2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы әрі жалғасы екенін айтты.

Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды. Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның айтуынша, дамыған елдердің дені ұзақ мерзімді стратегиялар дайындап, әзірлейді. Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында отыруы тиістігін қадап айтты. Дамушы елдер арасында бәсекелестік қатал болмақ. Соған орай, Нұрсұлтан Әбішұлы «күн астындағы орын» тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиістігін атап өтті.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз, - деді Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялақ жоспары туралы сөйлеген сөзінде.

Назарбаевтың әлемдік бастамалары: ЕҚЫҰ төрағалық ету, Ислам және Шанхай ынтымақтастық ұйымдары, ЕЭО құрылуы

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің тәжірибелерін бөлісу мақсатымен, оның негізгі принциптерін басшылыққа алуға міндеттеме қабылдап, екі жақты тығыз байланыс орнатты. Қазақстан бұл ұйымға мүшелік етті. Ал 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалық етті. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалығына бірден бел шешіп кірісіп кетті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті - ТМД елдерінен және мұсылман жұртының арасынан алғаш рет Қазақстанға сеніп тапсырылды. Бұл оқтға Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясат сахнасында беделі арта түскендігін көрсетті. Ол: «ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлану – еуропалық және әлемдік қауымдастық тарапынан зор сенімге ие болып отырғанымыздың арқасы»,- деген болатын.

2010 жылы ЕҚЫҰ Астанада өткізілген саммиті, 2011 жылы республикамыздың Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі. Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндердің үш съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірнеше форумы өткізілді. 2017 жылғы ЭКСПО, 2017 жылғы 10 қыркүйекте елімізде Ғылым және технология жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бірінші форумы өтті. Шанхай ынтымақтастығы ұйымын, Еуразиялық экономикалық одақты, Сирия жөніндегі Астана сұхбат алаңын құру Елбасы Н.Назарбаевтың аса маңызды әлемдік бастамалары болып табылады.

Түркістан облысының құрылуы

2018 жылы 19 маусымда Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойды.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», - деген еді Назарбаев. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қадағалауымен Түркістан облысы дамудың жаңа кезеңінен өтіп жатыр.

Елбасының мәдени бастамалары: «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру»

Қазақ жерінде 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері бірлікте өмір сүріп жатыр. Қазіргі заманда діннің қоғамдағы маңызы жыл сайын арта түсуде. Осыны түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу бастамасын көтерді. Сол бастамасынан бері Қазақстанда 6 рет дін съездері өтті. Алғашқы съезд 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтіп, оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысқаны белгілі. Елбасының мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жолындағы ерен еңбегі ескерусіз қалмақ емес.

2004 жылы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» атты стратегиялық бағдарламасы жасалды. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. Бағдарламада төрт бағыт бар: ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; археологиялық зерттеулер; қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстар; ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыру, кеңейтілген бейне және жұмыс қатарларын құру. Әр бағыт бойынша жылдар бойы ауқымды істер атқарылды.

2017 жылы 12 сәуірде Назарбаев Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етті. Бағдарлама аясында мемлекеттік тілді латын тіліне көшіру туралы жоба жасалды. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары аясында республикалық деңгейдегі шаралар өтті. Бұл шаралардың пайдасы - қазақ халқының руханиятын жаңғыртуға, төл тарихы мен мәдениетін сақтауға, ана тілін қастерлеуге, ұлттық идеологияны қалыптастыруға, ұлттық кодты сақтауға септігін тигізу.


Барлық жаңалықтар