• Басты
  • Назарбаев: Праймериздерді әділ, ашық және барлық қатысушы үшін тең жағдайда ұйымдастыру керек
28 Тамыз, 2020 17:09

Назарбаев: Праймериздерді әділ, ашық және барлық қатысушы үшін тең жағдайда ұйымдастыру керек

Бүгін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өткен еді. Жиында бюро мүшелері «Сенім Диалог. Болашаққа деген сенімділік - Nur Otan партиясының 7 импульсі және партия ішіндегі сайлау өткізу бағытындағы «қалпына келтіру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқыға салды. Толығырақ Strategy2050.kz материалынан оқи аласыздар.

Назарбаев: Праймериздерді әділ, ашық және барлық қатысушы үшін тең жағдайда ұйымдастыру керек

Праймериздің міндеті - халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру

Жиынға қатысқан Назарбаев бүгінгі таңда праймериз қоғам тарапынан қызу талқы түсіп жатқанын, әрі азаматтардың қызығушылық танытқанын тілге тиек етті.

«Қазақстандықтар елдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысқысы келеді. Біз партияны қайта жүктеудің дұрыс векторын таңдадық. Мәселені бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету маңызды. Праймериздің міндеті - халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру. Бәсекелестік негізде жоғары қоғамдық қолдауы бар, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды таңдау керек, - деді Назарбаев.

Сонымен қатар елбасы праймеризге қатысушы азаматтар аймақтардағы өзекті мәселелерді көтеріп, кемшіліктерін анықтап, нақты шешімдер ұсынуы тиіс екенін атап өтті.

«Біз өз өңірі мен елдің дамуына іс жүзінде атсалысуға дайын барлық адам үшін «әлеуметтік лифт» құрдық. Қыркүйек айында жергілікті бағдарламалардың барлық 216 жобасы жарияланатын болады. Кеңінен талқылау біздің электоралдық міндеттерімізді халықтың сұраныстары мен мұқтаждықтарына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді. Бес жылдық мерзімге арналған бағдарламалар халықтың пікірін ескере отырып пысықталады, әр ауданның, қаланың және облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланысты болады, - деді Тұңғыш президент.

Елбасы партияішілік іріктеудің келесі кезеңдерін іске асыру бойынша сапалы ұйымдастыру жұмыстарын қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

«Праймериздерді әділ, ашық және барлық қатысушы үшін тең жағдайда ұйымдастыру керек. Партия ішіндегі үгіт қыркүйек айында басталады. Коронавирус инфекциясына байланысты, оны Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес қатаң түрде жүргізу керек. Барлық қауіпсіздік шарасын барынша мұқият орындау керек. Біздің басты басымдығымыз - адамдардың денсаулығы», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сөз соңында партия төрағасы қоғамды топтастыру және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз ету ісінде Nur Otan партиясының маңызды рөлін атап өтті.


Праймериз деген не

«Праймериз» сөзін қазақ тіліне аударғанда «бірінші сайлау» немесе «алдын ала сайлау» деген мағынаны береді. Көбінесе мұндай саясатқа байланысты терминдерді демократиясы қалыптасқан АҚШ секілді мемлекеттердегі саяси оқиғаларға қатысты естиміз. Деректерге сүйенсек, алғашқыда осы АҚШ-та, содан соң Еуропа елдерінде қолға алына бастаған. Бірінші партиялық ішкі сайлау 1901 жылы АҚШ-тың Флорида штатында өтіп, сол жылы бұл термин заңды түрде енгізілген.

Жалпы бұндай сайлаудың басты мақсаты – партия қатарына қатарына мықты, білікті кандидаттарды іріктеу. Алдағы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Кімдер үміткер бола алады

Партияның құндылықтaрын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген Қазақстан азаматы үміткер бола алады. Егер үміткер партия мүшесі болмаған жағдайда, праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосылуға мүмкінідігі бар. Үміткерлер бастауыш партия ұйымынан, сонымен бірге бір облыс, қала немесе ауданнан өзін-өзі ұсыну жолымен де қатыса алады.

Парламент мәжiлісінің қазіргi депутаттары да праймеризге үміткер ретiнде партиялардың облыстық филиалдарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының конференцияларында жарыссөздерге қатысуға мүмкіндігі бар.

Заңнамаға сәйкес, партиялық тiзімдерде кемiнде 30 пайызы – әйелдер, 20 пайызы 35 жасқа дейінгi жастар болуы тиіс.


Сарапшылар не дейді

Бұған дейін саясаттанушылар, праймеризге үміткер және блогерлер елдегі саяси реформалардың мәселелері, праймериздің саяси өмірдегі шешуші оқиға екені,  сондай-ақ әлеуметтік трансформация жағдайындағы диалогты дамытудың тұжырымдамалық аспектілерін талқылаған болатын.

Мәселен, Ерлан Саировтың сөзінше, «Нұр Отан» партиясының праймеризі елдегі терең өзгерістердің басталуы үшін, Мәжіліс пен мәслихаттарды толығымен жаңарту үшін «мүмкіндіктер терезесі». «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғ. Байтөк алдағы праймериздің басты міндеті - олардың ашық және әділетті өтуі деп атап өткен болатын.

Ал Маңғыстау облысындағы «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қорының директоры Ғани Әбдісадықтың сөзінше, елбасы жариялаған партияішілік іріктеу процедурасы елдің мүддесіне қызмет ететін азаматтардың билікке келуіне жағдай жасайтынын айтты. Осы орайда, ол да праймериз әлеуетін ескеріп, елдің дамуына өз үлесін қосу мақсатында аталмыш додаға қатысуды қолға алған. 

Айта өтейік, соңғы деректер бойынша, 10 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, олардың ішінде 8 915 адам кандидат ретінде тіркелген. Кандидаттардың 36,4%-ы – әйелдер, 28,9%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3 023 кандидат ұсынылса, 6 978 – өзін-өзі ұсынушылар.

Партияішілік іріктеуге қатысуға ниет білдіргендердің жас ерекшеліктері мен әлеуметтік топтары әртүрлі. Сонымен қатар, қазіргі мәслихат депутаттары да өздерін осы праймеризде сынап көруді жоспарлап отыр.

Фото: Елбасының ресми сайты

Барлық жаңалықтар
34.236.245.255, 192.168.88.100