• Басты
  • Наурыз мейрамын қалай мерекелеп жүрміз
20 Наурыз, 2020 09:56

Наурыз мейрамын қалай мерекелеп жүрміз

Биыл әлемді жаулаған коронавирус дерті Қазақстанды да айналып өтпеді. Осыған орай, елімізде төтенше жағдай жарияланып, көптеген ірі және орта деңгейлі шараларды өткізу тоқтатылды. Бұл халқымыз асыға күтетін Наурыз мейрамына да қатысты болып тұр.

Наурыз мейрамын қалай мерекелеп жүрміз

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз мейрамын тойлау бойынша көптеген шектеулер қабылданды. Осыған қарамастан, халықтың Ұлыстың ұлы күніне деген ықыласы ерекше және алдағы уақытта да бұл мейрам халықпен бірге жасай бермек.

Өйткені Наурыз мейрамы – тарихи тереңге тартатын, ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес құндылығы тізіміне ресми енгізген үлкен мемлекеттік мереке. Бұл мейрам қазақ халқының да ғасырлар бойғы тарихымен астасып, салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен. Сондықтан да барша қазақстандықтар осы мейрамды асыға күтеді.

   Наурыздың тарихына қысқаша шолу.

«Наурыз» сөзінің этимологиясы парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағына береді. Мейрам парсы өркениетінен таралғандықтан ата-бабаларымыз мұны «Қызылбастың наурызы» деп те атаған.

Наурыз мейрамын мерекелеу туралы деректер біздің заманымызға дейінгі IX-VI ғасырларда жазылған зороастризмнің қасиетті кітабы Авестада кездеседі. Кітапта осы күні құдай адамдарға бақыт сыйлайтын Заратуштраны таңдағанын, аңыз патша Тахмұрастың жамандықты қараңғылыққа қуатыны жазылған.

Көктемнің жаймашуақ мезгілі, күн мен түннің теңесетін кезеңі уақыт өте келе көп халықтың дәстүрімен біте қайнасып, Наурыз халықаралық мейрамға айналды. Мейрам уақыт өте келе діни сипатынан ажырап, дәстүрлі мерекеге айналып кетті.

Сонымен қатар Наурыз жайлы жазбалар ежелгі грек тарихшысы Страбон, ақын Фирдоусидың қаламына арқау болған.

Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерге назар аударсақ, парсы тілдес халықтардың Наурызды бірнеше күн тойлаған. Яғни, олар Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған: Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — «күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.

Наурыз айының 21-жұлдызынан 22-жұлдызына қараған уақыты күн мен түннің теңесетін сәті. Сондықтан да дәл осы сәт ауыртпалық пен көктемнің жайдары сәтінің түйіскен тұсы ретінде айрықша мәртебеге ие.

   Әлем елдерінде Наурыздың тойлануы туралы.

Қазіргі таңда Наурыз мейрамы Қазақстанмен қатар Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Ирак, Үндістан, Түркия, Македония сияқты әлемнің көптеген елдері, Ресейдің Татарстан, Башқұртстан секілді автономиялы өңірлерінде атап өтіледі.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып тіркелген.

Өзбекстанда бұл мейрамға алдын ала үлкен дайындық жасалып, мерекелеу бірнеше күнге созылады. Әр махаллада, әр шайханада дастархан жайылып, ұлттық ән-күй шырқалып, түрлі спорт ойындарынан сайыстар өткізіледі. Наурыздың 21-нен 22-не қараған түні махалланың әйелдер қауымы үлкен қазанның басына жиналып, «сумалақ» деп аталатын Наурыз дәмін дайындайды. Оны таңертең махалла халқына таратады.

Иранда да бұл мейрам мемлекеттік деңгейде тойланады. Бірнеше күн тойланатын мейрамда ирандықтар туыстарының, көршілерінің үйіне кіріп, бірін-бірі мейраммен құттықтап, астан дәм татады. Тәжікістанда да мейрамның тойлануы осыған ұқсас.

Татарларда көктем мерекесін «Қарға ботқасы» деп те аталған. Бұл жыл құстарының өңірге келуімен байланысты. Қар еріп, құстар жылы жақтан келгенде халық көктемнің келгенін тойлап, әр түрлі дәмнен көже пісірген. Көженің қалғанын жыл құстарына қалдырып, адамдар кеткесін олар жиналып жеп тауысқан. Кейіннен бұл мереке Наурыз мейрамымен астасып, қазіргі таңда тек Наурыз мейрамы ғана тойланады.

Әлемнің өзге өңірлерінде де Наурыз мейрамның тойлануы бір-біріне ұқсайды.

   Қазақстанда Наурыздың тойлануы.

Біздің бабаларымыз Наурызды жылдың басы санаған. Өйткені түн қысқарып, күн ұзаратын сәттің келуі тіршілік әлеміне тың өзгеріс әкеледі. Ал еліміздің кейбір өңірлерінде әлі күнге дейін «Ұзын сары» келді деп сүйіншілеп жатады. «Сары» дегеніміз күннің жарығын білдіреді. Яғни, халық арасында күннің ұзаратын сәтінің жеткенімен құттықтау дәстүрі қалыптасқан.

Көктем «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» ретінде сипатталады. Бұл күні ата-бабаларымыз қыстан аман-есен шығып, көктемге дін аман жеткеніне, жер жүзі жаңаратын жаймашуақ сәттің келгеніне шүкіршілік айтып, осы сәтті көпшілік болып мерекелеген. Айналаны, үйдің ішін тазартып, көшет отырғызу, көше бойларында дастархан жаю және түрлі ойын ойнау арқылы айналаны ән-жырға бөлеген. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп бір-біріне ақжарма тілегін ақтарады.

Ата-бабаларымыз «Амал күні» ретінде «көрісу дәстүрімен» Наурыз мейрамын мерекелеуді 14 наурызда бастаған. Өйткені қыс қатты болып, ауыл-ауылдың, туыс пен жекжаттың арақатынасы, байланысы үзілген. Сондықтан да «Самарқанның ақ тасы еріген» тұста қыстан дін аман шыққан адамдар бірін-бірі көктемнің келуімен құттықтап, көрісіп мәз-мейрам болған. Бір-бірінің жағдайын сұрап, қыста орын алған қиындыққа жұбаныш, қуанышқа құтты болсын айтқан. Бұл дәстүрдің бүгінге дейін жібі үзілмей жетуінің тарихи маңызы осыдан.

Қазақ дәстүрінде мейрамның ең басты атрибуттарының бірі ретінде жеті түрлі дәмнен әзірленетін Наурыз көже аталады. Жеті қазақта қасиетті санды білдіреді. Сондықтан да нақты жеті түрлі дәм қосу астың негізгі шарты.

Наурыз қазақта халық жаппай тойлайтын негізгі мерекелердің бірі. Сондықтан да Кеңестің идеология көп жылдар бойы тыйым салғанына қарамастан бұл мейрам тәуелсіздік алған жылдары қайта жаңғырып, көпшілікпен қауышты. Сондықтан да мұны шын мәніндегі халықтық мереке деуге болады.

Соңғы жылдары мейрамның ауқымын кеңейту, мерекелеу түрін жетілдіруге қатысты ойлар, сын-пікірлер де айтылып келеді. Осыған қатысты кейбір пікірлермен және жеке ойымызбен бөлісе кеткенді жөн көріп отырмыз.

   Наурыз мейрамын мерекелеуді жетілдіруге қатысты сын-пікірлер мен ұсынымдар.

«Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының сарапшысы Еркебұлан Жұмашов күні кеше «Наурыз мейрамы қатарынан 9 күн тойлануы керек» деген ұстаным білдірген болатын. Ол «Наурызды 14 наурыздан бастап 22 наурыз аралығында ресми түрде 9 күн атап өтуді ұсынып отырмыз. Бұл ұсынысымыздың жаңалықтарының бірі – 9 күннің әрбір күнін бір-бір қайырымды, дәстүрлі іске айналдыру. Мәселен, 14 наурызда еліміздің бірқатар өңірінде «Көрісу күнін» атап өтеді. Одан кейін «Шежіре күнін» ұсынып отырмыз. Бұл күні – жеті атасын жас ұрпаққа жаттатса, ата-бабаларының ерліктерін, аңыз-әпсаналарын түсіндіріп берсе» деген болатын.

Аталған институт Наурызды мерекелеу аясында «Шымырлық пен шеберлік күні», «Жоралғы күні», «Зияткерлік күні», «Жайлау күні» сияқты тақырыптар бойынша әр күнге бөліп, атап өтуді ұсынады. Бұл сарапшылармен бірлесе отырып ұсынылған жоба.

Бұған ұқсас мерекелеу дәстүрін 2014 жылы Түркістан облысы (ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы) бастағанын да айта кеткен жөн. Яғни, 9 күнге созылатын әрбір күннің өзіндік ерекшелігі ретінде «Тағзым күні», «Алас күні», «Береке» күні, «Көктем шуағы», «Өніс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні» және «Ұлыс күні» деген аттар таңдалып, әр тақырыпқа сай күні сайын көпшілікке арналған бағдарлама ұсынылған болатын. Мысалы, бірінші күні адамдар бір-біріне сәлем беріп, көрісіп, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп аруақтарға тағзым етеді. Қалған күндер де осындай әр бағыт бойынша адамдар топтаса әрекет етіп, елдік мәселе төңірегіне жұмылдырылған.

Шынында да Наурыз мейрамын мерекелеуді бірнеше күнге арнауға болады. Көктемнің әрбір күнін әр түрлі игі іске арнап, азаматтарды осы істің басына топтастыру қажет. Бір күн көрісуге, достар, туыстармен қауышуға арналса, екінші күн тұрмысы төмен, жасы егде адамдарға көмек қолын созуға арналуы тиіс. Осы сияқты қоғамды игі істің басына біріктіретін, адамдарға қуаныш сыйлайтын шараларды қолға алған жөн. Мұны мемлекеттік деңгейдегі ортақ тұжырымдамамен бекітіп, тұтас ел көлеміне ұсынылса Қазақстан халқы жұмыла тойлайтын ірі бастамаға айналары сөзсіз.

Сондай-ақ, Наурыз мейрамының қарсаңында елді мекендерді қардан, қоқыстан тазалау бойынша жалпықалалық сенбілік өткізу үрдісі де халықты бірлікке, тазалыққа шақыратын шара болмақ. Өйткені мейрам тек той тойлаудың емес тазалықтың, жаңарудың жаршысы. Сенбілік адамдарды игі істің басына топтастырады. Олай болса, елді мекендерді қардан, қоқыстан тазарту мейрам алдындағы жақсы бастама деуге болады.

Тағы бір баса назар аударып, айта кетерлік мәселе – Наурыз бүгінде халықтың тек тарихын, ескі жәдігерлерін бейнелейтін мейрамға айналған. Кигіз үй, қазақша көйлек киген қыз-келіншектер, күрес, қой көтеру, алтыбақан, ұлттық ойын түрлері мейрамның үйреншікті атрибуттары. Еліміздің қай өңіріне барсаңыз да осыған ұқсас мерекелеу дәстүрін тамашалай аласыз.

Халық та үнемі жаңарып, заманға сай жаңа талаптармен бетпе-бет келіп отырады. Сондықтан дәстүрмен қатар, бүгінгі заманға сай жаңашылдықтарды, көктемнің бүгінгі қазақстандықтар үшін маңызын да қоса көрсеткен орынды деп санаймыз. Сондықтан, Наурыз мейрамын тойлауды өткен мен бүгіннің құндылықтарын синтездей отырып өткізу күн тәртібіндегі мәселе.

Мысалы, шапан киіп, бөрік тағып, саптама етікпен кигіз үйде жүргенше бүгіннің заманауи ықшам және танымал стильдегі киімдерін ұлттық нақышта бедерлеп, оны сәнге айналдыру орынды болар еді. Мұны тек киім саласында ғана емес күнделікті қолданыстағы заттарға, көлікте т.б. салада қолдануға болады.

Бұдан бөлек интернеттің, технологияның дамығанын ескере отырып, мейрамды онлайн форматта атап өтудің жолдарын да қарастырған жөн. Қазіргі таңда адамдардың қолында бір-бір смартфонның бар екенін және биыл короновирусқа байланысты көпшілік шаралардың шектелгенін ескерсек мұндай форматтағы мерекелеу дәстүрінің берері аз болмайтыны сөзсіз. Мысалы интернет арқылы шығармашылық сайыстар ұйымдастыруға болады. Бұл тек Қазақстан халқының ғана емес шетелдерде жүрген қазақ тілді аудиторияның қамтылуына да мүмкіндік ашады.

Сондай-ақ, Наурыз мейрамының қарсаңында ел дамуында, ғылым мен білім саласында ноу-хау болатын жаңалық жобаларына жыл сайын бәйге жариялауға болады. Егер жеңімпазға берілетін сыйақы көлемі қомақты болса, Наурыз мейрамының жарнамасы да, салмағы да арта түсер еді.

Қорытындылай келгенде, Наурыз мейрамын мерекелеуді жетілдіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бастысы жаңашылдыққа жатырқамай, өткен мен бүгіннің сабақтастығын қалыптастыра білсек болғаны.

 

Сәкен ЕСІРКЕП

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды