• Басты
  • Науқас балаларға донор табу: негізгі проблемалар қандай

Науқас балаларға донор табу: негізгі проблемалар қандай

1 Ақпан, 2021 17:33

Елімізде балалар арасында бауыр мен бүйрекке немесе қанға мұқтаждар баршылық. Туа бітті аурудан немесе келеңсіз жағдайлар салдарынан кемтар балалар донорлыққа үмітті. Қазақстандағы балаларға арналған донорлық, кемтар балалардың статистикасы, трансплантация шаралары туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.



Статистикалық мәлімет

Қазақстанда жыл сайын ішкі ағзаларды ауыстыру бойынша 300-ден аса ота жасалады. Ал ағзаға мұқтаж жандардың саны соңғы жылдары әр жыл сайын 3500 адамнан асып отыр. Оның ішінде балалар да бар. Трансплантолог ғалымдардың айтуынша бұл статистиканың кемімей, керісінше көбеюіне бірден бір себеп – ол донор тапшылығы.

Статистика бойынша, дені сау адамның 450 грамм қаны үш адамның өмірін сақтап қалады. Қазақстанның дені сау кез келген азаматы денсаулығында ақауы бар қанға мұқтаж өзге азаматқа донор бола алады. Мамандардың айтуынша, балалар арасында қанға мұқтаж науқастар көп.

Талап бойынша 18 жастан асқан азаматтар жұқпалы аурумен ауырмаса, онкологиялық және жүрек-қан тамыры ауруларымен ауырмаса, денесіне тату сурет салынбаған болса, донорлыққа жарамды. Олар қан тапсырмас бұрын арнайы медициналық тексеруден өтеді. Заңға сәйкес, ақысыз қан тапсырған адам сол күні жұмыстан босатылады, қосымша тағы бір күнге анықтама беріледі. Сондай-ақ, күш қуатын қалпына келтіру үшін 0,25 АЕК мөлшерде ақы төленеді.

 Қазақстандағы трансплантологиялық қызмет

2012 жылдан бері Қазақстанда трансплантологиялық қызмет жұмыс істейді. Ең алғаш рет 2012 жылы жүрек ауыстыру отасы жасалған. Содан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан трансплантациялық үйлестіру мен жоғары технологиялы медициналық қызмет ұсыну орталығы құрылды. Республика бойынша 9-ға жуық трансплантологиялық ғылыми орталық бар. Олардың негізгілері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында. Одан бөлек Ақтөбе мен Шымкентте ғана бар. Әйтсе де, трансплантациялық ота жасайтын білікті дәрігер мамандар жеткіліксіз.

2012 жылдан бері 1500-ден аса ағза ауыстыру отасы жасалды. Олардың ішінде бүйрек ауыстыру, бауыр, жүрек, өкпе және кей жағдайларда ұйқы безін ауыстыру трансплантациялық оталар бар.

Ағза ауыстыруға мұқтаж жандардың көбі - бүйрегі ауыратындар. Одан кейін жүрегі мен бауырын алмастырғысы келетіндердің саны көп. Ұйқы безін ауыстырғысы келетіндер саны да жылдан жылға артып келеді. Алайда, Қазақстанда донорлар саны ағза ауыстыруға мұқтаж жандардың санына жетпейді. Демек, донор табу қиын.

 Ағза ауыстыруды реттейтін Заң

Ағза ауыстыру ҚР арнайы Заңымен жүзеге асады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы Заңының 169-бабының 3-тармағында: «Адамның тіндерін (тіннің бір бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзасының бір бөлігін) сатуға, сатып алуға тыйым салынады» делінген. Демек, ағза алмастыру қалай болса, солай емес, тек заңды түрде жүзеге асуы тиіс.

Барлық талапқа сай, өзінің ағзасына ұқсас донорын науқастар он жылдап күтетін жағдайлар кездеседі. Көп жағдайда мәйіттерді донорлыққа алады. Оның да белгілі талаптары бар. Марқұмның жақындары ағзасын алуға рұқсат етпесе немесе марқұм тірі кезінде «ағзама тиіспеңдер» деген қолхат қалдырып кетсе, дәрігерлер оның ағзасын алуға рұқсат жоқ. Донорлыққа рұқсат беретіндер учаскелік дәрігерге мәйіт донорлығына келісім беретінін хабарлайды. Сөйтіп, толық тексеріс жүргізіліп, қолхаттың бір нұсқасы – координациялық орталыққа, екіншісі – туысқандарына жолданады. Донорлық туралы мәліметтер жабық базада сақталады. Алайда, бұл мәселені реттейтін Заңда шикілік бар деп есептейді мамандар. Соңғы жылдары донор табу тіпті қиындап кетті. Оның үстіне мұны коммерциялық бағытта пайдаланатындар саны артты. Ағза ауыстыруды сарыла күткен науқастардың дені өмірмен қоштасып кетті. Өткен жылы елімізде 3000 науқас транплантациялық ота жасауға кезекте тұрған. 8 ай бойы донор тапшылығынан бірде-бір ота жасалмаған. Ал қайтыс болған марқұмдардың туыстарының көпшілігі мәйіттің ағзасын алуға рұқсат бермеген. Трансплантолог дәрігерлер дабыл қағуда! Олардың айтуынша, қоғам тарапынан донор болуға ықылас артса, қаншама адамның өмірі сақталар еді.

Ең өкініштісі өмірі енді ғана басталған балалар донорлықтың тапшылығынан ағза ауыстыра алмай шейіт болып кетіп жатыр. Кішкентай пациенттер мәйіттен болса да трансплантациялық отаны күтіп жүр. Ішкі органдарды ауыстыру ең қиын оталардың бірі.

 Донорға тәуелді балалардың есебі мен болған оқиғалар

Қазіргі таңда елімізде 49 бала бүйрек ауыстыру отасын күтіп отыр. 7 бала бауыр ауыстыру отасын күтуде. 14 бала жүрек ауыстыруға мұқтаж. Күту парағындағы балалар кезегі тым баяу жүріп жатыр. Жоғарыда аталғандай, себеп – донор жоқ!

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан трансплантациялық үйлестіру мен жоғары технологиялы медициналық қызмет ұсыну орталығының директоры Серік Жарықовтың айтуынша, балалар арасында жарамсыз бүйректен зардап шегушілер көп.

«Бүйрек ауруын асқындырып алған кішкентай пациентіміз болды. Бүйрек істен шығып, үнемі қан тазалау процедурасы жасалып отырды. Әке-шешесі бүйрек беруге дайын еді, бірақ сәйкес келмеді. Ауру асқынып, баланың қаңқасы деформацияға ұшырай бастады. Анасының бармаған дәрігері жоқ, донор күтіп шаршаған, қоғамдық ұйымдарға да барған. Біз оған донордың бір сағаттан соң немесе бір аптадан соң, тіпті бір жылдан соң табылу мүмкіндігін айттық. Ол бізге сенбей, басқа дәрігер іздеп теріс айналды. Ол кеткен соң сол күні түнде донор табылды. Біз оған хабарласып, шақыртып дереу ота жасадық. Сол бала қазір өзі жүріп, өзі дәретханаға еркін бара алатын күнге жетті. Бұл ғажайып! Донор табылып тұрса, осындай балалардың өміріне араша бола алар едік», - деді ол.

Дәрігер тағы бір жағдай туралы айтып берді.

«Еліміздің батыс өңірінен жас спортшы келді. Ангинасын асқындырып алған соң оның жүрегі нашарлай бастаған. Сөйтіп, жүрекке дереу трансплантациялық ота қажет болды. Күндердің бірінде ойламаған жерден донор табылды. Біз дереу оларға телефон соғып, шақырту жібердік. Әкесі бірінше рейспен, билетсіз пилоттың кабинасына отырып, баланы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізді. Осы себеппен рейс өз уақытынан кешігіп орындаған. Жолаушыларға жүрек ауыстыру отасына бара жатқан баланың жағдайы айтылған соң олар түсіністікпен қараған. Көп күттірмей, ота жасалды. Қазір бала спортқа оралды, жүгіріп жүр, дені сау. Мұндай жағдайлар көп», - деді дәрігер.

 Ота қалай жасалады?

Дәрігердің түсіндіруінше, трансплантация жасау үшін 80 адам жұмылдырады. Сау ағзаны алғаннан бастап науқасқа орналастыруға дейінгі процесс ұзақ әрі қиын.

«Ана мен бала» ғылыми-зерттеу орталығы АҚ Бүйрек орталығының жетекшісі Венера Алтынованың айтуынша, 2019 жылы ол басқарып отырған орталық 30 науқас баланың жілік майын (костный мозг) ауыстыру бойынша трансплантациялық ота жасаған. Бүйрек ауыстыру бойынша да жылына 20-да аса науқас балаға ота жасалады.

«Мұндай жағдайларда донор ата-аналары болды. Бір қиындығы, біздің мемлекетте бала мәйітінен ағза алуға рұқсат берілмеген, сондықтан ересек адамдардың ағзасын саламыз. Мә­йіттердің ағзасы балаға сәйкес келе бермейді. Ересектер арасында да бақилық болған туысының ағзасын басқаға қимайды»,- деді Венера Қанапияқызы.

 Шариғатта ішкі ағзаны ауыстыру туралы не дейді?

Ислам тұрғысынан ғалымдар трансплантациялық отаға рұқсат берілген дейді. Себебі, исламда адам өмірі жоғары бағаланады. Оның шариғатқа сай шарттары бар. Тірі адамнан алғанда донор ақыл-есі дұрыс, шешім қабылдай алатын жастан асуы керек. Беретін ағзасы садақа ретінде, яғни тегін болуы тиіс. Тағы бір ескеретін жай, ағзасын берген адамның өміріне қауіп төнбеуі керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ағза мүшелерін сатуға тыйым салған. Дегенмен, қазіргі таңда әлеуметтік желі беттерінде ағза сату туралы жарнамалар көп. Кейбіреулер қаражат қажеттілігінен мұндай қадамға барады. Саудаға салынған ағзаны салған дәрігерлер Заңмен жазаланады.

 Түйін

Балаларға арналған донор мәселесі – қазргі таңда өзекті проблема. Әлем елдері бойынша трансплантация жасаудан Израиль­ көш бастап тұр. Себебі Израиль тұрғындары өзгенің өмірін, әсіресе балалардың өмірін сақтап қалуды жауапкершілік санап, донор болуға келісім береді. Ал Қазақстанда мұндай қағида жоқ болғандықтан, науқастар донорға тәуелді. Көп жағдайда ақшаға тәуелді донорлар ғана табылып, ағзасын ақшаға береді.

Барлық жаңалықтар