• Басты
  • Н.Жүсіп: Білім беруді дамыту - қазақ үшін ұлттық мәні мен маңызы бар міндет
27 Мамыр, 2020 18:17

Н.Жүсіп: Білім беруді дамыту - қазақ үшін ұлттық мәні мен маңызы бар міндет

Елордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық кеңестің ІІІ отырысы өтті. Отырыста қазақстандық білім және денсаулық саласына қатысты мәселелер көтерілді. Осы орайда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің пікірін білген едік. Ол ел президентінің ашықтық қағидатын ұстанып, елдің көкейінде жүрген денсаулық саласы мен білім саласына қатысты проблемаларды шешуді қолға алуы тегін емес екенін атап өттті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Н.Жүсіп: Білім беруді дамыту - қазақ үшін ұлттық мәні мен маңызы бар міндет

Нұртөре Жүсіп президент үнемі ашықтық қағидатын ұстанатынын атап өтті. Оның сөзінше, Ұлттық кеңестің отырысында қазіргі оқшаулану жағдайында қоғамның өзекті мәселелерін шешуге тағы да баса мән берді.


"Ұлттық кеңестің кезекті отырысы адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналды. Бұл тегін емес. Өйткені аталған екі саланы мемлекеттің тірегі десек те, жүрегі десек те болады. Кез келген мемлекеттің негізгі капиталы – адам. Адам мен қоғам – бір бесікте тербеледі. Мемлекет адамдардың кәсіби біліктілігі мен адами құндылықтарына арқа сүйейді. Білім мен денсаулық – ең үлкен байлық. Ұлттың негізгі құндылықтарының арасында бұл екі ұғымның мәні де, мағынасы да ерекше. Пандемия жағдайында адамға не керек екені белгілі боп қалды", - деді Сенат депутаты.


Оның айтуынша, кез келген елдің білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші.

"Барша адамзат баласы білімге ұмтылады. Кез келген елдің білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші. Бұл мемлекет пен қоғамның қарышты дамуының негізгі кепілі саналады. Білім беруде олқылық кетсе, салдары өте ауыр болады. Қисық ағашты кесуге, түзетуге болар. Надандықты қайтіп түзейміз? Бұл – созылмалы ауру секілді. Ал оның зардабын бүкіл ұлт тартады. Білімі нашар ұлт ұзаққа бара алмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жөнінде өте жақсы айтты. Осы саладағы кез келген олқылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына салқынын тигізеді. Сондықтан білім беруді дамыту және жетілдіру – қазақ үшін ұлттық мәні мен маңызы бар міндет", - деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қоса Сенат депутатының айтуынша, кеңес отырысында президент үздік ұстаздар еңбегін бағалау мен құрметтеудің бірқатар шараларын атап көрсеткен.


"Қазақстанның стратегиялық негізгі міндеті – елімізді мейлінше бәсекелестікке бейім 30 елдің қатарына қосу. Бәсекелестікке қабілетті 30 елдің қатарына енуді жаһандық бәсекелестікке бейімділік индексінің негізінде бүкіл экономикалық форумның (ИТК) рейтингі бойынша анықтайды екен. Индекстің 10 көрсеткішінің екі көрсеткіші елдегі білім берудің дамуы мен сапасына қатысты. TIMSS және PISA халықаралық зерттеулердің көшбасшы мемлекеттерінде – Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурда – мұғалімнің беделі өте жоғары. Ең алдымен, бұл жоғары еңбекақыдан байқалады. Мәселен, фин мұғалімдері білім беру саласындағы қазақстандық қызметкерлерден 9-14 есе артық еңбекақы алады. Президент үздік ұстаздар еңбегін бағалау мен құрметтеудің бірқатар шараларын атап көрсетті", - деді ол.

Бұдан бөлек ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы Қазақстан мектептерін бір ауысымда оқу режиміне көшіруді ұсынғанын атап өтті.

"Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға басты кедергі – мектеп жағдайы деп ойлаймыз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан аса бала бар. Оның 70 пайызы – екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды. Біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Әрине, мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды. Біздің ұсынымыз – мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту", – деді Сенат депутаты.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысының аталған Кеңестің екінші отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының 11 бағыты толықтай орындалғанын атап өтті. Бүгінгі отырыстағы қаралған мәселелер мен тапсырмалардың орындалып, іске асатынына сенім білдірді.

"Денсаулықсыз – дүние бос. Пандемия жағдайында біз үлкен сынақтан өтіп жатырмыз. Қазақ жастары қайратты, парасатты болуы тиіс. Кең-байтақ Қазақстанды қорғау, сақтау, дамыту – қазақтың арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты азаматтарының қолында және мойнында болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы сәтті өтті. Мемлекет басшысының аталған Кеңестің екінші отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының 11 бағыты толықтай орындалған еді. Кеңес жұмысын қорытындылаған Мемлекет басшысыбұл жолы да бірқатар нақты ұсыныстар жасап, тиісті тапсырма берді. Аладғы уақытта бұл бағыттар бойынша да оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін", - деді Нұртөре Жүсіп.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды