• Басты
  • «Нұрлы жолдың» жаңа кезеңі іске қосылады
25 Қазан, 2019 10:38

«Нұрлы жолдың» жаңа кезеңі іске қосылады

2019 жылы 22 қазанда ҚР Үкіметінің жиынында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын дамыту мәселесі қаралды. Биыл 2014-2019 жылдарға арналған бағдарламаның алғашқы кезеңі аяқталып, 2020-2025 жылдары іске асырудың жаңа бағыттары бекітіледі. Аталмыш бағдарламаның алғашқы кезеңдегі жетістіктері мен жаңа міндеттері туралы төмендегі материалда қарастырамыз.


«Нұрлы жолдың» жаңа кезеңі іске қосылады

2013-2014 жылдардағы қаржы-экономикалық дағдарыс жаңа сын-қатерлер алып келетіні белгілі еді. Геосаяси дағдарыс пен санкциялық саясат та осы аралықта күшейе түсті. Мемлекеттер тығырықтан шығу, келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында бағдарламалар мен ынтымақтастықтың тың жолдарын қарастыра бастады. 2013 жылы Қазақстанға тұңғыш сапарында ҚХР жаңа Төрағасы Си Цзинпин «Жібек жолының экономикалық белдеуі» инициативасын халықаралық қауымдастыққа жариялады. Сарапшылар бұл инициативаны аймақтық кооперацияның жаңа моделі ретінде бағалады. Ал, 2014-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы негізінде қабылданды. Жолдауда Елбасы: «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады» деп көліктік-логистикалық хабты қалыптастыру мүмкіндігін атап өтті. 

   1 кес.jpg

Дүниежүзілік экономикалық форум дайындайтын Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде «инфрақұрылым» индикаторына ерекше мән беріледі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы рейтингте Қазақстан 140 мемлекеттің ішінде бәсекелік қабілеті бойынша 59-орында тұр. Еліміздің бәсекелік индексі 2007-2011 жылдары төмендесе, 2011-2015 жылдары едәуір артқан. Ал, «инфрақұрылым» индикаторы бойынша 67,3 ұпаймен 69-орында. Салыстыра кететін болсақ, дәл осы көрсеткіште Украина – 57, Түркия – 50, Латвия – 47, Греция – 38, Қытай – 29, ал Иран – 76, Тәжікстан – 87, Қырғызстан – 107 орын алған. Инфрақұрылымы ең дамыған үштікке: Сингапур, Гонконг және Швейцария мемлекеттері енеді.

2 кестее.jpg

Әлемдік қауымдастық инфрақұрылымды халықтың әл-ауқатын нығайтудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырады. БҰҰ қабылдаған тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде де 9-мақсат – «Орнықты инфрақұрылым, ауқымды және тұрақты индустриализация мен инновацияға ықпалдасу» деп аталады. Инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салу, яғни көлік, ирригациялық жүйе, энергиямен қамту, ақпараттық және байланыс технологиялары тұрақты даму мен азаматтардың мүмкіншілігін кеңейтуге жол ашады. Еңбек өнімділігі мен кірісті арттыру, медициналық және білім беру қызметінің оң нәтижесін алу үшін инфрақұрылымға көңіл бөлу қажет екендігі анық. Орнықты инфрақұрылымды қалыптастыру нәтижесінде қалалар мен өңірлерде экономикалық модернизация мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мәселен, көптеген африкалық елдер үшін инфрақұрылымның жетілмеуі кәсіпорындардың жұмыс өнімділігін 40 пайызға төмендетіп отыр. 

Қазақстанда инфрақұрылымды дамыту ішкі өңірлік және трансшекаралық байланысты нығайту міндетінен туындады. Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Орталық – Солтүстік, Орталық – Оңтүстік ішкі қатынасындағы инфрақұрылым сауда мен туризмді дамытуға серпіліс береді. Қазақстан географиялық тұрғыда маңызды аймақта орналасқан. Сондықтан еліміздің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын модернизациялау арқылы тұтас Еуразиялық көліктік-тасымалдау жүйесіне өз үлесін қосу және транзиттік түсімдерді көбейту мақсаты қойылды. Қазақстан территориясы арқылы Қытай, Ресей, Орталық Азия, Кавказ бен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын тас және темір жолдар тамырдай таралып жатыр. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тиімді автомобиль жолына айналды. Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттары, сондай-ақ «Қорғас» құрлықтық порты әртүрлі бағытта көлік ағыны мен тауарлар тасымалын арттырып, экономикалық дәліз жұмыстарын жандандыруда. Мәселен, жақында ғана Қазақстанның Алтынкөл станциясы арқылы транзитпен Қытай – Еуропа – Қытай бағыт бойынша алғаш рет Сиань – Стамбул– Прага арасындағы контейнерлік пойызы 72 сағат еліміздің территориясынан жүріп өтті. 

 3 кесте.jpg

Жоғарыда аталған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға бағытталған. Құжатта көрсетілгендей, бағдарламаның негізгі міндеттері:

- «шұғыла» қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру;

- индустриялық және туристік инфрақұрылымды дамыту;

- энергетикалық инфрақұрылымды нығайту;

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту;

- азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру;

- білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту.

Бағдарлама бес жылдық кезеңде алдына қойған міндеттерін орындады. Оның негізгі нәтижелерін 22 қазанда өткен Үкімет жиынында салаға жауапты министр Б.Атамқұлов баяндап берді. Соңғы 5 жылда көлік саласын дамытуға мемлекеттен шамамен 5,8 трлн теңге бөлінген. Нәтижесінде ЖІӨ-дегі көлік үлесі 8,3%-ға, еңбек өнімділігі – 1,7 есеге, транзиттен түсетін кірістер – 4,3 есе артқан. Осы аралықта 3 мың шақырым республикалық, 15 мың шақырым облыстық, аудандық маңызды автомобиль жолдары салынып, жөнделген. Сондай-ақ, 1,4 мың шақырым жаңа темір жол пайдалануға берілді, әуежайларда 6 ұшу-қону жолағы қайта жөнделді.

   4 кесте.jpg

 

Бес жыл ішінде 400 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, облыстардағы жол құрылысына сол маңдағы ауылдар мен кенттердің тұрғындары жұмылдырылған. Мәселен, Үшарал – Достық автожолын жөндеуде 330 жұмыс орны ашылып, оның 80%-ын жергілікті тұрғындар құраған

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақовтың айтуынша, биыл құрылыс және реконструкциялау жұмыстарымен 4,3 мың шақырым республикалық маңызы бар жол қамтылды. Жалпы, осы жылы 641 шақырым жол қозғалысын ашу жоспарланған. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы мультипликативті эффектісі жоғары бағдарлама деп есептейміз. Ол тек көлік-логистика саласында ғана емес, энергетика, тұрғын үй шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға оң серпіліс берді.

5 кесте.jpg

Ал, бағдрламаның келесі кезеңінде 2025 жылға дейін қаржыландырудың жалпы көлемі 6,598 трлн теңгені құрайды. Яғни, бағдарламаның ауқымы мен бөлінетін қаражаты да өскен. Оның ішінде автожол, теміржол, әуе жолы инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінгелі отыр. "Нұрлы жол" жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда:

- 551 мың жұмыс орнын құрылады;

- еңбек өнімділігін 2019 жылғы деңгейге қарағанда 20% - ға артады;

 -Транзиттік табысты 61%-ға ұлғаяды деп жоспарлануда.

Жаңа бағдарламаның толық мәтіні жарияланған жоқ, алдын-ала көріп отырғанымыздай, әуе көлігі қатынасына ерекше басымдық берліген. 2019-2021 жылдары Түркістан қаласында МЖӘ механизмі бойынша халықаралық әуежай мен кіру жолын салу қарастырылған. Сондай-ақ, қазақстандық тасымалдаушылар Шанхай, Сингапур, Нью-Йорк сияқты ірі қалаларға рейстер ашуды жоспарлапотыр.  Бұл Қазақстанның әуе көлігі қатынасын жетілдіріп, бәсекелік қабілетінің нығаюына, туристер ағымының ұлғаюына оң ықпал тигізетіні рас.

Жалпы, бағдарламаны іске асыруда жол, құрылыс нысандарының сапасы, жемқорлық фактілері және нысанды тапсырудың уақытынан кешіктіру проблемалары да бар. Дегенмен, жалпы Қазақстан хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыру, трансқұрлықтық көпірге айналу, халықтың әл-ауқатын арттыруда осы бағдарлама арқылы маңызды қадам жасады. Трансшекаралық барыс-келіс көлемі едәуір артты, бір ғана Каспийдегі порт инфрақұрылымының қуаттылығы жылына 17,5 млн-нан 27 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы жобалар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде іске асады.

   Олжас Бейсенбай


ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды