• Басты
  • «Нұрлы жол»: Жолдағы қызмет көрсету нысандары, ақылы жолдар және кадр тапшылығы

«Нұрлы жол»: Жолдағы қызмет көрсету нысандары, ақылы жолдар және кадр тапшылығы

20 Мамыр, 2021 15:43

«Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асу барысы, 2020-2025 жылдары автожол саласына қойылған міндеттер, еліміздегі ақылы жолдар мен саладағы кадр тапшылығы туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.

«Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасы — ұлттық экономиканың негiзгi драйверлерiнiң бiрi. Бұған дейiн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бағдарламаның екiншi кезеңi елiмiздiң көлiк-транзит секторының жетекшi рөлiн нығайтуға бағытталуы тиiс екенiн атап өттi.

Бүгiнде жол инфрақұрылымын дамытуда 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының алар орны ерекше. Бағдарламаның бiрiншi бесжылдығы 2020 жылы аяқталды да, екiншi бесжылдық басталды. Алғашқы бесжылдық аясында 3 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автокөлiк жолдарының үлесi 88 %-ға, ал жергiлiктi маңызы бар жолдардың үлесi 71 %-ға дейiн артты. Бағдарламаның екiншi бесжылдығында 11 мың шақырым жол ретке келтiрiледi деп күтiлуде.

2020 жылғы 9,8 мың шақырым жол салынып, жөнделген

2020 жылы инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының екiншi бесжылдығын iске асыру барысында жол құрылыс жұмыстарымен 9,8 мың шақырым жол қамтылған. Оның 5,8 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар, 4 мың шақырымы жергiлiктi маңызы бар жолдар.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң төрағасы Сайранбек Бармақовтың мәлiметiнше, бұған дейiн жылына реконструкция жұмыстарымен 500-900 шақырым жол ғана қамтылған болса, 2020 жылы бұл көрсеткiш 5-6 есеге дейiн өскен.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылды. Күрделi және орташа жөндеуден өткен 1,8 мың шақырым жолдың 1,1 мың шақырымы пайдалануға берiлген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған жергiлiктi маңызы бар жолдар желiсiнде жыл қорытындысы бойынша 2,7 мың шақырымында жұмыстар аяқталып, пайдалануға берiлдi», - дедi Сайранбек Бармақов.

Бағдарлама аясында осылайша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесi 75%-ға дейiн жеткiзiлген. Сондай-ақ, биыл жол жұмыстарымен автомобиль жолдарының 6 мың шақырымы қамтылған.

«Оның 4,7 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар. Олардың iшiнде 3,6 мың шақырым жол құрылыс және реконструкция жұмыстарымен қамтылады», - дедi Сайранбек Бармақов.

Оның айтуынша, жыл қорытындысы бойынша 2,2 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар бiрқатар жолдарда қозғалыс ашылатынын атап өттi. Олар Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күртi, Қалбатау – Майқапшағай, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань, Үшарал – Достық, Қостанай – Денисовка, Павлодар – Семей, Шамалған айналма жолы, Күртi – Қапшағай, Петропавл – РФ шекарасы, Ұзынағаш – Отар. Сондай-ақ, ұлттық стандартқа сәйкес келетiн жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының үлесi 58%-ға дейiн артқан.

«Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Мемлекеттiк бағдарлама аясында жоспарланған барлық мiндеттер толығымен орындалды. Күрделi және орташа жөндеу жұмыстарымен 1,1 мың шақырым жол қамтылады, сондай-ақ жергiлiктi маңызы бар жолдардың 1,3 мың шақырымы қамтылады», - дедi Сайранбек Бармақов.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қолданыстағы 4 ақылы учаскеден 5,7 млрд теңге қаражат жиналған. Сонымен бiрге 5,8 мың шақырым жолдан 2021 жылы 29 млрд теңге түсiм түседi деп шамаланған. Бұл түсiмдер болжамды екенiн және аталған учаскелердi күтiп-ұстауға бағытталатынын айта кету керек.

2021 жылға қойылған мақсаттар

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының екiншi бесжылдығының аясында 2020-2025 жылдары автожол саласына келесiдей мiндеттер жүктелiп отыр:

-республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын құрылыс және реконструкциямен қамту;

-республикалық маңызы бар жолдардың 11 мың шақырымына күрделi және орташа жөндеу жұмыстарын жүргiзу;

-облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 27 мың шақырымын құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамту.

Осылайша олардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейiн 95%-ға дейiн жеткiзу басты мiндет болып саналады. Сондай-ақ, мемлекеттiк бағдарламаны iске асырудың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық автомобиль жолдарының үлесiн 100%-ға дейiн, ал I және II техникалық категориялардағы жолдарды 60%-ға дейiн жеткiзу көзделген. Жайлы қозғалыс үшiн барлық республикалық желiнi Ұлттық стандартқа сай келетiн жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамту жоспарланған.

2020-2025 жылдар аралығында 11 мың шақырым жолды ақылы ету көзделiп отыр. Оның iшiнде жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымды құрайтын 18 учаске ағымдағы жылдың маусым айынан бастап пайдалануға берiледi. Олар: Шымкент-Өзбекстан шекарасы, Орал-Ресей Федерациясының шекарасы (Саратов), Орал-Ресей шекарасы (Самара), Ресей шекарасы (Орынбор)-Ақтөбе, Щучинск-Петропавл, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Қапшағай-Талдықорған, Қарабұтақ-Қызылорда, Ақтөбе-Орал, Атырау- Бейнеу- Өзбекстан шекарасы, Ақтау-Бейнеу, Қостанай-Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан-Қостанай, Павлодар- Ресей шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау учаскелерi.

2021 жылдың соңына дейiн қандай қызмет көрсету нысандары пайда болады:

-Республикада жол бойындағы сервистiң 1854 пунктi жұмыс iстейдi;

-Жол бойындағы сервис нысандардың 66%-ын ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендiру жоспарда бар;

-19 бiрлiк санитарлық-гигиеналық торапты орнату көзделген;

-Жеке инвестициялар аясында 29 СГТ орнату, 38 ЖҚС салу жоспарланған;

-2025 жылға дейiн ұзындығы 24 мың км автожолдың бүкiл республикалық желiсi бойынша жол бойындағы сервис нысандары халықаралық стандарттарға сәйкестендiрiледi;

Қазақстандағы ақылы жолдар

Әр учаске бойынша қандай автокөлiктерден төлемақы алынатыны тас жолдың техникалық санатына тiкелей байланысты болады. Мәселен, I-техникалық санаттағы тас жолдарда барлық автокөлiктер, ал II және III-техникалық санаттағы тас жолдарда тек жүк көлiктерi төлем жасайды. Осы кезде, алғашқы ақылы учаске енгiзiлген сәттен бастап бүгiнгi күнге дейiн ақылы жолдардың тарифтерiне өзгерiс енгiзiлмегенiн, бағанын өспегенiн атап өту қажет. Ал жаңа ақылы учаскелер бойынша төлем мөлшерлемесi ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң қарастыруында. Сондай-ақ, тестiк пайдалану барысында автокөлiктерден уақытша төлем алынбайды.

Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру жоспарының негiзiнде, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi мен «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бiрлесiп төлем алудың «ашық жүйесiн» енгiзу туралы шешiм қабылдады.

Қыста күтiп-ұстаумен қамтылатын республикалық маңызы бар жолдарымыздың ұзындығы 24,9 мың шақырымды құрайды, оның 20,9 мың шақырымы «Қазақавтожол» ЖШС-не тиесiлi; 3,8 мың шақырымына қайта жөндеу және күрделi жөндеу объектiлерiндегi мердiгер ұйымдар қызмет көрсетедi; 211 шақырымы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалына тиесiлi.

Бұл жүйенiң негiзгi ерекшелiгi – учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Автокөлiктердiң жүрiп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тiркеледi. Төлем автокөлiктiң мемлекеттiк тiркеу нөмiрi бойынша жасалады. Сондай-ақ, төлемақы мен автокөлiк туралы толық ақпарат алуға мүмкiндiк беретiн арнайы белгiлердi (RFID-белгi) жапсыру да көзделген.

Жаңа ақылы учаскелер жүргiзушiлер мен жолаушылардың сапары жайлы болуы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Жол-көлiк апаты азайып, жол инфрақұрылымы, жол бойындағы сервис нысандары, тәулiк бойы ұсынылатын сервис белсендi дамиды деп жоспарлануда.

Қайта жаңартуға дейiнгi және жаңа жолдардағы жол-көлiк апатының көрсеткiштерiне сүйенетiн болсақ, ақылы жолдарды пайдалануға бергеннен кейiн жол-көлiк апаттарының саны азаятыны дәлелденген. Мысалы, қайта жаңарту жұмыстары жүргiзiлгеннен кейiн «Ақтөбе-Орал-Ресей шекарасы» автожолындағы көлiк апаты 25%-ға, «Нұр-Сұлтан-Павлодар» автожолында 46%-ға, «Қызылорда-Шымкент-Тараз» автожолында 43%-ға, ал «Павлодар-Семей-Қалбатау» учаскесiнде 62%-ға төмендеген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң айтуынша, жолдарды күтiп-ұстау төрт кезеңге бөлiнедi: қысқы, көктемгi, жаздық, күздiк. Осыған дейiн жолдарды күтiп-ұстау жұмыстарына қаражат республикалық бюджеттен бөлiнсе, ақылы жолдар енгiзiлгеннен бастап түскен түсiм күтiп-ұстау жұмыстарына жұмсалатын болды. Ақылы жолдардың құны қазiргi тарифтерге сай белгiленетiн болады. Жеңiл автокөлiктер үшiн төлем бiрiншi санаттағы жолдарда ғана белгiленедi. Мәселен, бiр шақырымға бiр теңгеден алынады. Ауыр жүк көлiктерi және қоғамдық көлiктер үшiн бiр шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейiн алынады. Бұл көлiк құралының салмағына байланысты болады. Қазiргi таңда жол бойындағы елдi мекендердiң жеңiл көлiкпен жүретiн тұрғындары үшiн жылына мың теңге көлемiнде абоненттiк төлем жасау мүмкiндiгi қарастырылуда. Бұл жергiлiктi тұрғындар үшiн жасалып отыр. Мысалы, «Нұр-Сұлтан–Щучинск» автожолының бойында орналасқан 5 ауданның тұрғындары (жеңiл көлiк иелерi) үшiн бiр жылға 1000 теңге көлемiнде абоненттiк төлем төлеу мүмкiндiгi қарастырылған.

Жол саласында кадр тапшылығы

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң мәлiметiнше, жол құрылысы саласында мамандар жетiспейдi. Бұл үлкен техника мен күшiмiз бола тұра көп нәрсеге тосқауыл. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң Автомобиль жолдары комитетiнiң төрағасы Сайранбек Бармақовтың айтуынша бұл мәселелер Бiлiм, Еңбек министрлiктерiнiң алдына қойылып отыр.

«Бiзде бұрын кеңес одағы кезiнде автомобиль жолдары мен салалыққа байланысты жақсы мамандар шығаратын Өскеменнiң құрылысшылар институты, Алматының құрылыс институты, соның филиалдары болған, Қарағандыда, Павлодарда техникалық университеттер болған. Осы мамыр айында гранттар бөлiнедi. Сол кезде жолда жұмыс iстейтiн мамандарға көбiрек грант алсақ, көп мәселенi шешемiз деген ойымыз бар», - дедi Сайранбек Бармақов.

Барлық жаңалықтар