«Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы

9 Қыркүйек, 2021 12:48

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде автожол саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қойылған міндеттер туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы автомобиль жолдарының желісі 157 мың шақырымды құрайды, соның 25 мың шақырымы республикалық жолдар және 132 мың шақырымы облыстық, аудандық маңызы бар, сондай-ақ, қалалар мен елдімекендердің автомобиль жолдары.

«Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы

«Автожол саласын дамыту үшін біз Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеген болатынбыз. Ағымдағы жылдан бастап ол «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналады», - деді вице-министр.
Ол 2020 жылға дейін министрлік республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығын реконструкцияланғанын, бұл республикалық желінің 89%-ын және жергілікті желінің 75%-ын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Жалпы, Ұлттық жобаға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын құрылыс және реконструкциямен, ал 11 мың шақырымын жөндеумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, жергілікті желі жолдарының 27 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланған», - деді Берік Камалиев.
Оның дерегінше, ағымдағы жылы жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым қамтылған, оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың шақырым, соның 3,6 мың шақырымы реконструкциямен, 1,4 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары 3,4 мың шақырым жолда жүргізілуде.
«Жыл қорытындысы бойынша біз республикалық автомобиль жолдарының 90%-ын және облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 80%-ын нормативтік жағдайға жеткізуді көздейміз», - деді вице-министр.
Реконструкция шеңберінде 15 жоба жүзеге асуда

Оның айтуынша, реконструкция аясында жұмыстар 15 жобада жүргізіліп жатыр.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Орталық-Оңтүстік" дәлізін дамыту қарқын алған. Бүгінгі таңда реконструкция жұмыстарымен ұзындығы 955 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал – Құрты – Қапшағай учаскесі қамтылған.

«Еліміздің шығысында біз Талдықорған-Өскемен (768 шақырым) және Қалбатау-Майқапшағай (415 шақырым) автомобиль жолдарын қайта жаңартып жатырмыз. Бұдан бөлек, «Үшарал-Достық» (184 шақырым) автожолының, «Мерке-Бұрылбайтал» (262 шақырым), сондай-ақ, ұзындығы 96 шақырым болатын «Ұзынағаш-Отар» автомобиль жолдарының реконстукциясын жүргізіп жатырмыз. Батыс өңірде Ақтөбе-Атырау-Астрахань (740 шақырым) дәлізін жаңарту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде», - деді Берік Қамалиев.
Сондай-ақ, ол Шамалған станциясының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасып жатқанын да тілге тиек етті. Жалпы жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 2,2 мың шақырымында жұмыстарды аяқтау жоспарланған.
«Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ҮАААЖ айналма жолының құрылысы жүргізілуде, ол 2024 жылы аяқталады. Сонымен қатар, Алматы қаласынан ҮАААЖ-ға дейін жалпы ұзындығы (70 шақырым) болатын 6 шығыс жолын салу және реконструкциялау жүргізілуде, олар да 2024 жылы тәмәмдалатын болады», - деп толықтырды вице-министр.
Бұдан бөлек, ол жергілікті желі жолдарына қатысты көптеген шағым түсетінін атап өтті.
«Елбасы атап өткендей, "базалық жолдар, яғни облысішілік және аудандық жолдар туралы ойлауды жалғастыру қажет. Жол үйге жеткізгенде ғана мойындалады. Қазіргі таңда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 71 мың шақырымды құрайды, оның 75%-ы нормативтік жағдайда», - деді ол.
Оның айтуынша, 2025 жылға дейін біз облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ағымдағы жылы жергілікті желідегі 3,4 мың шақырым жолды қамти отырып, құрылыс, реконструкция мен жөндеудің 337 жобасын іске асыру жүргізілуде.

Сонымен бірге, ол ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерді "сәулелі принцип" бойынша байланыстыратын жоғары жылдамдықты 4 жолақты автомагистраль құрылысы жалғасатынын атап өтті. Көкшетау, Павлодар және Қарағанды бағытындағы жұмыстар аяқталған.

«Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары Қарағандыдан Қапшағайға дейінгі учаскеде іске асырылуда. Ағымдағы жылы ұзындығы 363 шақырым болатын Қарағанды-Балқаш учаскесіндегі негізгі жұмыстарды аяқтау көзделген. Халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландырып жатқан «Балқаш-Бұрылбайтал» (288 шақырым) учаскесін реконструкциялау барысында коронавирус пандемиясына байланысты жекелеген шетелдік компаниялар (Азериншат, СПИК Аккорд, Шанхайконстракшен) жұмысын жалғастыра алмады және қазір аталған учаскелерде басқа мердігерлер жұмыс істеп жатыр», - деді Берік Қамалиев.

Жалпы, Қарағанды-Балқаш-Алматы дәлізін толықтай 2023 жылы аяқталады. Оның сөзінше, реконструкциядан кейін қозғалыстың есептік жылдамдығы шамамен 120 км/сағ құрайды, тиісінше Нұр-Сұлтаннан Балқаш көліне дейін 6-7 сағатта жетуге болады. Алматыдан жету үшін де дәл осындай уақыт қажет.

«Бүгінгі таңда Түркістан және Жамбыл облыстарынан және көршілес республикалардан орталық бағытындағы көлік ағыны мәжбүрлі түрде Алматы арқылы 250 шақырым артықжүріс жасап жүр. Меркі – Бұрылбайтал әлеуметтік маңызы жоғары автомобиль жолы және Орта Азия елдерінен транзитке әсер етеді. Биыл негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалыс ашуды жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр.

Сонымен қоса, жыл қорытындысы бойынша Ортаазиялық республикаларды Ресей Федерациясының Шығыс сібірімен, сондай-ақ, Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлерін байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз  Талдықорған-Өскемен (768 шақырым) учаскесін реконструкциялау бойынша негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарланғанын тілге тиек етті.

«Сондай-ақ, Үшарал-Достық (180 шақырым) автожолы реконструкцияланып жатыр. Биыл қозғалыс ашуды, ал келесі жылы толықтай аяқтауды көздейміз. Аталған автожолдар Алакөл көлінің туристік кластерін дамыту үшін үлкен маңызға ие», - деді ол.

Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағыты

Сонымен бірге, Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытына да тоқталды. Оның сөзінше, реконструкция басталғанға дейін жолдың нашар жай-күйіне байланысты Ақтөбе қаласы мен Атырау, Ақтау қалалары арасындағы көлік қатынасы мәжбүрлі түрде Орал шаһары арқылы 500 шақырым артықжүріспен жүзеге асырылып келді.

«Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары автожолдың барлық ұзындығында жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы Қандыағаш-Мақат (327 шақырым) учаскесін аяқтап, дәліздің барлық бойында қозғалыстың ашылуын қамтамасыз етеміз. Кейін 2022-2023 жылдары пайдалануға беретін боламыз», - деді вице-министр.

 Жол бойындағы қызмет көрсету

«Халықтан жол бойындағы қызмет көрсетудің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша сын ұдайы келіп түсуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін біз барлық жолдарды Ұлттық стандарт талаптарына сай келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз ететін боламыз», -түйіндеді вице-министр. 

Барлық жаңалықтар