• Басты
  • Нұрлы жол: Ақылы жолдардың үлесі 45 пайызға дейін ұлғаяды

Нұрлы жол: Ақылы жолдардың үлесі 45 пайызға дейін ұлғаяды

21 Сәуір, 2020 09:44
Өткен жылғы 31 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Биыл бағдарлама қалай жүзеге асырылатыны туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық  даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
«Мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру қарастырылған. 2025 жылға дейін стратегиялық жоспарға сәйкес көлік инфрақұрылымына қатысты негізгі индикаторлар қарастырылған. Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолдың құрылысы мен қайта жөнделуі, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын күрделі әрі орташа жөндеу жоспарланған. Автожол саласын қаржыландырудың жалпы көлемі - 3,5 трлн теңгені құрайды. Республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100 пайызға жеткізіледі. 1-2 техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы 60 пайызға, ақылы жолдардың үлесі 45 пайызға дейін ұлғаяды. Жол бойындағы сервис нысандарымен 100 пайызға қамтамасыз етіледі», - деді Б.Атамқұлов.

Сонымен қатар, министр 2020 жылы жаңа бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желі 24, 7 мың шақырым, оның 88 пайызы немесе 21,7 мың шақырымы жақсы не қанағаттанарлық күйде. Жергілікті желі 70,9 мың шақырымды құрайды. Жақсы не қанағаттанарлық жағдайы 71 пайызды құрап отыр. Биыл жөндеу жұмыстарымен 9,5 мың шақырым жол қамтылады. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 680 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық желі - 421 млрд теіге, жергілікті желі - 259 млрд теңге. Республикалық желі бойынша 4 мың шақырым автожол қамтылады. Күррделі және орта жөндеу жұмыстарымен 1,5 мың шақырым жол қамтылады», - деді министр.

Аягөз Құрмаш 

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар