Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына қандай шектеу шаралары енгізілді

17 Наурыз, 2021 18:15

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов қазіргі эпидахуал туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қазақстан Республикасында 17 наурыздағы жағдай бойынша COVID-19-ға оң нәтижемен 226 767 науқас және КВИ- 49 896 жағдай тіркелді.

КВИ оң 208 074 және КВИ теріс 45 428 науқас сауығып шықты.

Ақпанда қаңтармен салыстырғанда науқастар саны 30%-ға төмендегені байқалды.

Сонымен қатар соңғы 5 күн ішінде тәулігіне 1000-нан астам жағдай анықталды.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, соңғы аптада науқастар саны 12%-ға өскен. Нақтырақ, 5323-тен 5799 жағдайға дейін тіркелген.

Қазақстан Республикасы тәуекелі төмен аймақтан немесе жасыл аймақтан тәуекелі орташа аймаққа немесе сары аймаққа ауыстырылды. Қызыл аймақта 3 өңір: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары және Батыс Қазақстан облысы тіркелді.          Сары аймақта: Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды облыстары орналасқан. 

1 ақпаннан бастап вакцинациялау науқаны басталғаны белгілі. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 83 839 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен егу басталды, 19 312 адам егілді. Екпеден кейінгі қолайсыз белгілер тіркелген жоқ. Вакцинация барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. 628 егу пункті жасақталды, оның ішінде қазіргі уақытта 451-і жұмыс істеп тұр. Нысандардың барлығы салқындату тізбегін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Шектеу шараларын жаппай жеңілдету науқастар санының өсуіне әкелді, олардың басым бөлігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді, бұл қалаларда эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоғары қауіп аймағы бойынша шектеу шаралары енгізілді. Алматыда 2021 жылғы 20-24 наурыз аралығында қалааралық/облысаралық тұрақты автобустардың қозғалысы өзгерді; гипермаркеттер мен супермаркеттердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс режимі қысқартылды», - деді ол.

Сенбі және жексенбі күндері СОО, СҮ, жабық базарлардың қызметі тоқтатылды. Қызметкерлердің 80% қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды. Нұр-сұлтан қаласында сенбі және жексенбі күндері «Ashyq» пилоттық жобасына қатысушылардан басқа кинотеатрлар, кинорумдар, жабық бассейндер, сауналар, СПА-орталықтар, фитнес орталықтар, салондар қызметі тоқтатылды; қоғамдық көлік қозғалысы, СОО, СҮ, ойын-сауық мекемелерінің қызметі, жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды сату бойынша объектілер, жабық спорт объектілердің жұмысы тоқтатылды; қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс режимі сағат 22.00-ге дейін қысқартылды.

2020 жылғы 6 қазаннан бастап халықаралық әуе рейстерімен 322 600-ден астам жолаушы келгенін, оның ішінде 44 805-і немесе 14% - ы тестілеуден өткенін, оң нәтижемен 239 адам анықталғанын жеткізді. Коронавирустың елге сырттан әкелу жағдайлары тіркелуде. Қиясовтың мәліметінше, автомобиль өткізу пункттері арқылы 835 мыңнан астам адам мемлекеттік шекараны кесіп өтті, олардың 20% тестілеуден өтті, 809 адамның оң нәтижесі анықталды.

«Қазақстан Республикасында коронавирус айналымы бойынша эпидемиологиялық мониторинг жүргізілуде. Қыркүйек пен қаңтар аралығында жүргізілген геномдық зерттеулердің нәтижелері бойынша елде коронавирустың жаңа штамдары анықталған жоқ, бұл «Британиялық», «Оңтүстікафрикалық», «Бразилиялық» штаммдарға қатысты. Наурыз айының соңында жаңа геномдық зерттеулердің нәтижелері белгілі болады», - деді ол.

Сонымен қатар қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында вирус жұқтыру көрсеткіші артқан. Үшінші тоқсанның басында оқушылар аралас форматқа көше бастаған болатын. Елде індет жұқтырған оқушылар саны 6 446 құрады, оның ішінде күндізгі бөлімде оқитындар – 2 277.

Облыстар бөлінісінде ауырғандардың басым бөлігі Қарағанды (347), Ақмола (276), Солтүстік Қазақстан (222), Батыс Қазақстан (199) және Павлодар (182) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (273) тіркелген.

«Қазіргі уақытта карантиндік шаралар өңірлерде және жеке мектепте сырқаттанушылықты ескере отырып сараланған түрде қолданылады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасында ауырғандардың жалпы саны 0,2% аспайды», - деп сендірді спикер.
Спикер алда келе жатқан Наурыз мерекесінде коронавирустық инфекцияны алдын алу шараларын, әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін сақтау қажеттігіне назар аударды.
«Азаматтарымызды, бизнес өкілдерін жағдайға барынша жауапкершілікпен қарап, басқаларға және өздеріне жұқтырмау үшін карантин режимі мен қарапайым алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырамын», - деді Ерлан Қиясов.

Барлық жаңалықтар