• Басты
  • Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті қандай?
15 Қазан, 2019 11:13

Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті қандай?

Жаһанданған әлемде қалалар өзара тығыз байланысты болып келеді. Сондықтан урбанизация, миграция және туризм қалалардың дамуына қатысты стратегиялардың маңызды пункттері болып саналады.Халықаралық туристік ұйымның есептеуінше, қалалық туризм деп саяхаттаушылардың қалалар мен халқы тығыз орналасқан елді-мекендерге қысқа мерзімге баруын айтады. Ол қысқамерзімді демалыс нарығымен тығыз байланысты болып отыр.   
Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті қандай?

Қазіргі уақытта қаланы динамикалық және органикалық элемент ретінде терең зерделеу тек мар–кетинг пен өндіріс үшін ғана емес, тұрғындар тұрмысын ұйымдастыру, кәсіпорындар мен инфрақұрылымның тиімділігін арттыру үшін де маңызды. Классикалық түсінік бойынша қала өркениеттік дамудағы материалдық, әлеуметтік, саяси және күрделі мәдени өнім болып саналады. Қала дегеніміз кез-келген мемлекеттің тарихы мен дәстүр-салтының эпицентрі дейтін болсақ, тұрғындар – қаланың дамуына тікелей ықпал ететін күш.

Қазақстанның мемлекеттік бағдарламаларында, Елбасы Жолдаулары мен баяндамаларында туризм индустриясын дамыту, табиғи және тарихи ерекшеліктерін тиімді пайдалану, сол арқылы түсетін табыс пен ашылатын жұмыс орындарын көбейту туралы жиі айтылып келеді. Оған көлемді имидждік және стратегиялық маңызды шаралар өз септігін тигізіп отырды. Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүр діндердің съезі, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, ЕҚЫҰ саммиті, ЕЭО басшыларының кездесуі, Сирия дағдарысын шешу бойынша «Астана» процесінің отырыстары, олимпиада ойындары, қаржы-экономикалық, медиа-мәдени, ғылыми-инновациялық тақырыптағы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. ЭКСПО көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Қалыптасып келе жатқан жас қала үшін бұл зор тәжірибе болды, туристік инфрақұрылым жетілді. Елбасы Н. Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Мен Астана бүкіл әлемге тек жаңа елорда және саяси алаң ретінде танылмай, сонымен бірге технология, қаржы, зияткерлік ресурстар, тіпті, соңында туристер ағылып жататын орталық ретінде танылса дедім» дейді.

2018 жылы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мұндай бағдарлама осыған дейін де орындалған еді. Бірақ аталған бағдарламаның масштабы кең, міндеттері жоғары. Атап айтсақ, 2025 жылға қарай ҚР ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің кемінде 8 % үлесін қамтамасыз ету; 2025 ж. қарай сырттан келушілердің санын 9 млн. адамға дейін, оның ішінде шеттен келген туристердің санын 3 млн. адамға дейін ұлғайту көзделген. БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай танымал қалалардағы курорттарға және тарихи-мәдени ескерткіштерге шамамен 1,8 млрд. адам барады деп күтілуде, түсетін табыс 2 трлн. АҚШ долл. құрайтын болады, 550 млн. жұмыс орны ашылады. Қытайда, Үндістанда, көрші Ресейде туризм жылдам өсіп келеді. Табиғаты әр-алуан, мәдениеті бай Қазақстан да іскерлік және экотуризм бойынша әлемде өз орныналуы тиіс.

1 кесте.jpg

  Нұр-Сұлтанға келетін болсақ, жалпы 21 жылдың ішінде елорданың аумағы мен халқы 3 есеге артқан. Тұрғындар саны 280 мыңнан - 1 млн. 200 мыңға жетіп отыр, оның 700 мыңға жуығы жастар. Қала тұрғындарының 60 пайызға жуығы кәсіпкер екендігін ескерсек, Нұр-Сұлтан іскерлік және туристік бағытта дамып келеді. Кеңес Одағында Целиноград, кейін Ақмола, Астана, биылғы жылдан «Нұр-Сұлтан» аталған бас қала ендігі кезекте инвестициялық тартымды орталық, бизнеске қолайлы, туристердің қаласына да айналуды көздейді.

 

2 кесте.jpg

Нұр-Сұлтан қаласына келушілерді іріктеп зерттеу нәтижесі / www.stat.gov.kz

Қазіргі уақытта әлемнің 57 елінің азаматы елімізге, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына да визасыз кіре алады. Биыл Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз жүре алатын елдің саны 12-ге артқан. Олар – Бахрейн, Ватикан, Ветнам, Индонезия, Катар, Колумбия, Кувейт, Ихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Тайланд және Филиппин. Президент Қ.Тоқаев Ашхабадта өткен ТМД басшылары кеңесінің отырысында «ТМД бірыңғай визасын» құру туралы айтқан еді. Мұндай шешім аумақтағы туристер ағымын әлдеқайда ұлғайтатын еді. ОА елдері үшін «Азиялық шенген» визасын құруды сенатор Д.Назарбаева да ұсынған еді. ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, Нұр-Сұлтанға келушілердің басым көпшілігі ТМД(1322) елдері, Қытай(188), Германия(160), Түркиядан(90) екен. Олардың едәуір бөлігі іскерлік және кәсіби(882), еңбек демалысы(652) және туыстар мен достарға бару(532) мақсатында келген. Туристердің 937-і – Есіл ауданы, 450-і – Сарыарқа аудандарында орналасқан. Яғни, қалада іскерлік туризм сипаты басым болып отыр.

   3 кесите.jpg

Елорданы туристердің қаласына айналдыру мәселесі 2019 жылы 10 қазанда Нұр-Сұлтанда өткен UNWTO 8-ші жаһандық саммитінде жан-жақты талқыланды. Әлемнің 80 елінен келген сарапшылар қатысқан саммит Қазақстанның туристік әлеуетіне деген қызығушылықтың жоғарылығын көрсетті. Саммитте келесідей маңызды қадамдар жасалды:

- «Kraftwerk» компаниясымен бірлесіп еліміздің және елорданың көрікті жерлері бойынша виртуалды саяхат құру туралы жобасының мүмкіншіліктері қарастырылды.

- Mastercard халықаралық төлем жүйесі әкімдікпен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп туристік нысандарда (кафе, мұражайлар, галереялар, көрмелер және т.б.)қызметтер мен сервисті кеңейту, POS-терминалдар арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу бойынша келіссөздер жүргізілді

- ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан әкімдігі бірлесіп биыл Туризм және қонақжайлық институтын ашуды жоспарлауда. Бұл ішкі және қала туризмін дамыту мен туристерді көптеп тартуға өз септігін тигізеді. Институт шет елдік ұйымдармен бірге туризм саласының мамандарын даярлайды.

- Премьер-министр А.Мамин отандық туризмге мемлекеттік және жеке сектордан қаржы тартып, Нұр-Сұлтанды 50 тартымды туристік қаланың қатарына енгізу мақсатын жариялады.

Соңғы жылдары елордалық әуежайдың жаңа терминалы ашылып, «Нұрлы жол» халықаралық теміржол вокзалы салынды. Алдыңғы кезеңде әуежай 3 млн жолаушыны қабылдаса, енді 8 млн-ға жеткен. Президент Қ.Тоқаев жақында еліміздегі әуе билеттерінің қымбаттылығын сынға алып, халықаралық авиакомпаниялармен белсенді жұмыс істеуге шақырды. Мәселен, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан – Маскат бағытындағы әуе рейстері ашылады. Осылайша Қазақстанға келетін транзиттік жолаушылардың да үлесін әлдеқайда арттыруға болады. Мәселен, ҚХР азаматтары ҚР территориясында транзиттік рейспен 72 сағат визасыз орналаса алады.

   4 кесте.jpg

  

Қалаларда халық саны көбейген сайын инфрақұрылымның дамуы жеделдейді, ақпараттың алмасу қарқыны артады, білімнің таралуы да жылдамдайды. Қалада белгілі аймақтың білімді, талантты азаматтары шоғырланады және осы орталықтан идеялар, ақпараттар және ресурстар басқа аймақтарға таралады. Ежелден бастап қалалар түрлі мәдениеттерді байланыстырушы, инновациялардың қозғалтқыш күші болып келеді. Урбанизация процесі қалаларда жұмыс күшінің көбейіп, қызмет көрсетудің өсуіне әсер еткенімен, әлеуметтік қамту, қауіпсіздік және экология тұрғысынан жаңа проблемаларды алып шығады.

Нұр-Сұлтанда өткен жиында Президент Қ.Тоқаев қаланың ірі мәдени, экономикалық және білім ордасына айналғандығын атап өтті. Ол Елорданы ары қарай дамытуды жалғастырып, жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Президенттің айтуы бойынша, қала экономикасы үдемелі дамып келеді: 21 жыл ішінде құрылыс, инвестиция және бизнестің дамуы есебінен ІАӨ 5,5 есе өскен. Қала экономикасына 9 трлн. теңге қаражат салынған. 2018 жылы бюджетке 1,1 трлн. теңге қаражат түскен. «Елордамыз үлкен орталыққа айналды, енді осы бағыттарды дамытуды жалғастыру қажет» деді Президент өз сөзінде.

2019 жылы 8 қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен Елорданы ары қарай дамыту жөнінде жиын өтті. Қаланың осы уақытқа дейінгі жетістіктерімен бірге, қалыптасқан күрделі проблемалары да ортаға салынды. Атап айтқанда:

-               Инвестиция көлемін арттыру;

-               Үлескерлік құрылыс мәселесін шешу және баспана мәселесі;

-               Энергетика нысандарының құрылысын уақытында аяқтау;

-               Инженерлік жүйелерге қосылу проблемасы;

-               «Көлеңкелі экономикаға» тойтарыс беру, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу;

-               Азық-түлік пен күнделікті тауарлардың сапасы мен бағасы;

-               Білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандарының сапасын нығайту;

-               Қала маңындағы елді-мекендердің инфрақұрылымын дамыту;

-               Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сонымен қоса, Президент Нұр-Сұлтан ағылшын тілінде қызмет көрсететін халықаралық орталық ретінде дами беруі керек деді. «Шетелдік сарапшылар мен инвесторларға ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыру керек. Ол үшін қала әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығы Экспат орталығының мүмкіндігі мен тәжірибесін пайдалануы тиіс» деді Мемлекет басшысы. 

Қала тұрғындарының саны жыл санап артуына байланысты баспанамен қамту, үш ауысымдағы оқудың проблемасын шешу, балабақша кезегі, қоғамдық көлік тасымалы, қылмыстылық мәселелері уақтылы шешімін талап етеді. Мәселен, қаладағы 14 мектептің бір сыныбында 40 баладан бар. Олардың 8-і үш ауысыммен оқиды. 85 мың бүлдіршін балабақшаға кезекте тұр. Оны шешуге жекеменшік серіктестерді белсенді тартып, мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын шешуге бизнесті қатыстыру тапсырылды.Құрылысы тоқтап қалған «Astana LRT» жобасына да түзетулер енгізіліп, ішкі инвесторларды жұмылдыру арқылы қаржыны үнемдеу, келешектегі тиімділігіне басымдық беріледі. Ол туралы Елорда әкімі А.Көлгінов айтқан еді. Қысқасы, Нұр-Сұлтан қаласына сырттан туристерді көптеп тарту үшін ең алдымен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетілуі қажет екені рас. Қалаға келетін туристерге қызмет көрсету, орналастыру сапасын да нығайтуды қажет етеді.

Қоғамның өзгеретіні сияқты, қалалар да тұрғындар мен келушілердің талап-сұраныстарына қарай бейімделіп отырады. Бұндай үндестік қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік, динамизм береді. Қаланың өсуі мен жоспарлануы негізінен қала тұрғындарының тұрмысына қолайлы болуы, яғни әл-ауқатын арттырып, қоршаған ортасы таза, мәдени және қауіпсіз болуы тиіс. Ол тұрғындардың тікелей қатысуымен іске асқанда оң нәтиже беретіні анық. Өткен жиында Мемлекет басшысы тарапынан осындай міндет қойылды. Президент берген тапсырмалар ең алдымен қала тұрғындарының әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтуға арналған. Дегенмен, осы шаралардың барлығы қаланың имиджін нығайтып, сыртқы инвестициялар мен туристердің келуіне жол ашатыны белгілі. Нұр-Сұлтан қаласында соңғы жылдары іске асырылып келе жатқан «Smart Astana» жүйесі, «Big Data» базалық дерегі халықаралық туристерге қолайлы болады. Еліміз үшін қала туризмін, экотуризмді дамыту өзекті болып қала береді.

 

Олжас Бейсенбай 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды