• Басты
  • Түркі кеңесінің бейресми саммиті: Президенттер ұсыныстары, Түркістан қаласының тарихи маңызы, экономикалық ынтымақтастық

Түркі кеңесінің бейресми саммиті: Президенттер ұсыныстары, Түркістан қаласының тарихи маңызы, экономикалық ынтымақтастық

31 Наурыз, 2021 17:15

Бүгін елордада Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті басталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Бейресми саммит онлайн форматта өтіп жатыр. Елорда уақытымен сағат 17.00-де басталды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды ашып, өзі модераторлық етуде. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысып жатыр. Бүгінгі саммитте бауырлас түркі тілдес мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады.

Саммит Түркістан қаласында өткізілу керек еді

Саммит «Түркістан - түркі әлемнің рухани астанасы» тақырыбында өтуде. Тоқаевтың айтуынша, бұл саммит қасиеттін мекен Түркістан қаласында өткізу жоспарланған.

«Пандемияға байланысты біз саммитті онлайн форматта өткізуді дұрыс деп есептедік. Індеттің беті бері қараған  соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын», - деді Тоқаев алғы сөзнде.

Президент түркі тілдес халықтары үшін Наурыз мерекесінің маңыздылығына тоқталды.

 «Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін. Енді іс-шараны ұйымдастырушы ретінде Түркі кеңесінің бейресми саммитін ашық деп жариялаймын», - деп жиынды ашты Президент.
Назарбаев: Түркі елдері мәдени-гуманитарлық жағынан бір-біріне үлгі

Мемлекет басшысы сөз кезегін  түркі елдерінің достастығына себеп болған тұлға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді.

«Бүгінгі кеңеске қатысып отырғаныма қуаныштымын. Президент айтқандай, жиынды Түркістанда өткіземіз деп жоспарладық. Бірақ пандемияға байланысты көптеген халықаралық іс-шара онлайн форматқа көшіп жатыр. Біз де солай істеуге мәжбүр болып отырмыз Өздеріңіз көргендей, біз бұл қалада 100-ден астам ғимарат салдық. Жақында құрылыстар аяқталады", - деді Назарбаев.
Назарбаев латын әліпбиінің қолданысқа енуі туралы пікірін білдірді.
«Біз мәдени-гуманитарлық дамумен бірге бір-бірімізден көп нәрсе үйрене аламыз. Латын әліпбиін қолдану ортақ жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында біз жастарды жаһандық деңгейде дамытуға мүмкіндік аламыз», - деді Елбасы.

Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті өзін Түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде сайлағаны үшін ұйымға мүше елдердің басшыларына алғыс айтты.

Назарбаев сөйлеген соң саммитке қатысқан мемлекет басшылары ағылшын әліпбиінің реті бойынша сөз сөйлеп жатыр.

Әзербайжан Президенті: Армениямен мәселені бейбіт жолмен шешуге талпынған едік

Назарбаевтан кейін сөзді Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев алды. Ол Әзірбайжан мен Армения арасындағы оқиғаға тоқталды. Айтуынша, Армения Әзербайжанды толығымен босатқан.

«Бірақ тәжірибеде бұл резолюция жүзеге асқан жоқ. ИЫҰ мен өзге ұйымдар Әзербайжанның ұстанымын қолдаған болатын. 1992 жылы миссия жасалған болатын. Бірақ ол жұмыс еш нәтиже берген жоқ. Армениямен мәселені бұрын бейбіт жолмен шешуге болар еді. Қазір Армения келіссөзден бас тартуда», - деді ол.

Сондай-ақ, Илхам Әлиев өткен жылы көктемде Әзербайжан бастамасымен түркі тілдес елдер саммитін өткізгенін айтты.

«Біз өткізген жиын коронавируспен байланысты болды. Бұл біздің ынытымақтастық талпынысымызды білдіреді. Бірлескен  саммиттерді тұрақты түрде ұйымдастыруға тырысамыз», - деді Президент.
Қырғызстан Президенті: Президент ретінде саммитке алғаш рет қытысып отырмын

Әлиев қысқаша баяндамасын аяқтаған соң Тоқаев сөз кезегін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа ұсынды. Жапаров Түркістан қаласының тарихы орны туралы айтудан бастады.
«Түркістан қаласы көне түркі елдерінен қалған мәдени әрі тарихи мұра. Ол ортақ құндылықтар ретінде түркітілдес әлемінің негізі мұрасының бірі. Нұрсұлтан Назарабаевтың түкітілдес елдер достығы мен бауырластығының бекуіне қосқан үлесіне жоғары», - деп ынтымақтастықтағы Назарбаевтың рөлін айтып, оған алғыс білдірді.

Садыр Жапаров Президент болғалы алғаш рет Саммитке қатысып отырғанын айтты.

«Мен саммитке алғаш рет Президент ретінде қатысып отырмын. Бүгінгі саммит онлайн өтсе де, бетпе-бет кездесеміз деп үміттенемін», - деді ол.

Ол Түркістан қаласы мен қырғыз халқының байланысы туралы сөз қозғады.

«Қожа Ахмет Яссауидың тарихы қырғыздармен де байланысты. Кейбір зерттеулерде Ахмет Яссауи Үзгенттен болған делінген. Яссауи Узгент қаласынан Түркістанға келген деген деректер бар. Бұл қала ғылым мен білім орталығы ретінде танымал жер», - деді Қырғызстан басшысы.
Түркия Президенті: 8-саммит Ыстамбұлда өтеді

Жапаровтан соң сөзді Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған алды.

Ол Түркістан қаласында осы саммит барысында кездесуді күткенін айтты.

«Пандемия киелі Түркістан қаласында кездесу туралы жоспарымыздың орындалуына кедергі келтіріп отыр. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтап, бейбіт күні жүзбе-жүз кездесетінімізге сенім білдіремін», - деді Ердоған.Ердоған Таулы Қарабақтағы соғыстың аяқталуымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті құттықтады. 
Ердоған Түркі Кеңесінің 8-саммиті Ыстамбұл қаласында өтетінін мәлімдеді. 

Өзбекстан Президенті: Түркі кеңесіне мүше елдер Даму банкін құру керек

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеев Түркістан қаласының көне тарихын Өзбекстанмен байланыстырды.

«Әлишер Науаи Ахмет Ясауиды ғалым ретінде жоғары бағалаған. Ол мұсылман әлеміне ислам дінін таратушы ретінде де танымал екенін білеміз. Жалпы біздің ежелгі ғалымдарымыз бір бірімен тарихи байланыста болған. Бізді байланыстыратын – ортақ тарихымыз», - деді ол.

Ол Түркістан қаласының бүгінгі бейнесі мен болашақта одан сайын көркейе түсетініне сенім білдірді. Мирзеев Әзербайжан Президентін Таулы Қарабақты қайта алуымен құттықтады.

Шавкат Мирзеев Түркі кеңесі өзінің инвестициялық қорын жасақтап, Даму банкін ашатын уақыт жеткенін айтты.

«Даму банкін құруға қатысты нақты жұмыстарды бастауға дайынбыз. Мұнан бөлек, көлік-транзит әлеуетімізді дамытудың маңыздылығы артып келеді. Оған өңіріміздің барлық мүмкіндігі де,әлеуеті де бар. Яғни, Орталық Азия арқылы Қытай, Үндістан, Пәкістан сынды әлемдік нарыққа шығар жол ашуымыз қажет. Ал Әзербайжан мен Түркия арқылы Еуропа елдеріне шыға алар едік. Ал бұл инфрақұрылымдық жобаларды қажет етеді», - деді Шавкат Мирзиеев.

Түркменстан Президенті: Түркі тілдес елдер арасында экономикалық байланыс нығаю керек

Бүгінгі  саммитке қонақ ретінде қатысып отырған Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысып отыр. Ол өзінің қонақ ретінде саммитке шақырылғанына ризашылығын білдірді.

«Біздің мемлекет жаһандық ұсыныстарға аса назар аударады. Түркменстан бұл саммитте халықаралық деңгейдегі маңызды болып табылатын жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әділетті түрде энергияны пайдалану аясында тиімді әрі сенімді жүйені жасамақ. Осыған байланысты біздің ел жаһандық энергетикалық қауіпсіздік бойынша келіссөздер жүргізуді ұсынып отыр. Ол Бас ассамбелея тарапынан қолдау табады деген үміттеміз. Энергетикалық қауіпсіздік жүйесін құруға мүдделі елдерді бірге жұмыс істеуге шақырамыз, - деді Түрікменбашы.
Мажарстан Президенті: Вирустан құтылу жолдары бірігіп қаралу керек

 Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан видеобайланыс арқылы сөз алды.

Ол коронавирус пандемиясы мен вакцина туралы айтты.

«Қазір Еуропа одағы бойынша алғашқы болып вакцина жасап жатырмыз. Біздің халықтың 25 пайызы вакцина ектірді. Біз - Еуроодақтағы прагматикалық жалғыз елміз. Вирус мүлдем жаңа жағдайларды жасауға итермелеп отыр. Біз түркі өнеркәсіп және сауда палатасының кеңесі өтеді деген үміттеміз. Инвестициялық қорды құруды өте маңызды деп есептейміз. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бюджет қажет. Біз қажетті бюджетті бөлуге дайынбыз, - деді Мажарстан Премьер-министрі.

Ол Түркі кеңесі мен бүгінгі саммитті ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Мажарстан мен түркі тілдес елдер арасындағы сауда байланысы мен білім беру арқылы байланыстың жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанын айтты.

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев өз алып, пандемияға қарамастан 2020 жыл түркі тілдес елдер үшін тиімді жыл болғанын атап өтті. Түркі кеңесі Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде Әзербайжанды барынша қолдаған.

Бас Хатшы: Елдер арасында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары әзірленеді

Бас хатшы Түркиядан өткізілетін саммиттің маңыздылығына тоқталды. Сол жиында коронавирус салдарына қатысты түркі елдері үшін тиімді бірқатар шешім қабылданатынын айтты.

«Түркітілдес инвестициялық қорды тезірек құру үшін қатысушы елдердің отырысын өткізуді орынды деп санаймыз. Сонымен қатар біздің елдеріміздің шағын және орта бизнесін қолдау үшін Транскасспий көлік дәлізі ынтымақтастық тетігін нығайтуды, порттарда жасыл дәліз құруға көңіл аударуды ұсынамыз, жүктерді тасымалдау жүйесін цифрландыруды сұраймыз», - деді Бағдад Әміреев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркі елдері әр салада тәжірибе алмасу керек

Жиын модераторы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте сөз алған мемлекет басшыларының пікірі орынды екенін айтты. Ол індетті тоқтату мен вакцинаның маңыздылығы туралы айтты.

«Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы азаматтарды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Екпе салу бойынша бір-бірімізді қолдау дұрыс деп санаймын. Елдер арасында вакцинаға қақтығыс басталып кетті. Осы күрделі кезеңде биоқауіпсіздіктің маңызы арта түсті. Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкелді. Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайту басты міндеттің бірі», - деді ол.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркі елдерінің арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынды.

«Су мәселесі біздің аймақтағы күрделі проблемаға айналып отыр. Осы орайда өздеріңізбен бірлесе, гидроқұрылымдар жобасын салу жобасын ұсынамыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол түркі кеңесі елдерімен бірге цифрландыру саласында тәжірибе алмасуға, білім беру саласында студенттер үшін гранттар бөлуге дайын екенін білдірді.

«Түркітілдес елдер арасында қазіргі заманғы талаптарға сай жасанды интеллектіні дамытуға, цифрландыру мен заманауи технологиялар бағытындағы жобаларды бірлесіп атқаруға шақырамыз. Бұл бағыттағы ынтымақтастық инновацияларды игеруге, бәсекеге қабілетті дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл жүйелерге басымыдық берілуде», - деді Президент.

Тоқаевтың пікірінше, білім беру саласында ынтымақтастықты дамыту – басты фактор.

«Жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашу үшін ұлы түркілер университтер қорын құру арқылы жүзеге асыра алады. Біз халықаралық қазақ-түрік университетінде бауырлас елдердің жастары оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз. Түркістан шаһары әлі толық зерттелген жоқ. Сондай-ақ ынтымақтастықтың белгісі ретінде Түркістанда ортақ ғимарат салсақ құба-құп», - деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Тоқаев Қазіргі жаһандық саясатта түркітілдес елдердің ынтымақтастығының маңызы зор екенін атап өтті.
«Біз өңірлік мәселелер бойынша өз қөзқарасымызды білдіруіміз керек. Біз барлық бастамаларымызды сіздермен бірлесіп жүзеге асыруға әзірміз. Түркістан декларациясын қабылдануымен барлықтарыңызды құттықтаймын. Ыстамбұл қаласында амандықпен жолығайық», - деп сөзін аяқтады ҚР Президенті.

Екі сағатқа созылған Түркі кеңесінің саммиті өз соңына жетті. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сағат 19.00-де жиын аяқталды.

Барлық жаңалықтар