• Басты
  • Нұр-Сұлтан қаласында «Құнанбай» спектаклінің премьерасы өтті

Нұр-Сұлтан қаласында «Құнанбай» спектаклінің премьерасы өтті

31 Наурыз, 2021 12:04

29 наурызда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Құнанбай» спектаклінің премьерасы өтті. Премьера үш күнге жоспарланған. Жаңа спектакль туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Ернар Жұматаевтың айтуынша, биыл ҚР Тәуелсіздігінің және Қаллеки театрының 30 жылдығы тұспа-тұс келді. Соған орай, театрға жаңа ғимарат табыс етілді. «Құнанбай» спектаклі елорда төріндегі жаңа ғимаратта сахналанды. Жаңа ғимарат ашылғанда М.Әуезовтің «Абай» спектаклі қойылған. Бұл қойылым ескі ғимарат сахнасында қойылып жүрген еді. Ал «Құананбай» спектаклі жаңа театр ғимаратындағы ең алғашқы премьера.

TEMA5007.jpg


TEMA5010.jpg

«Жаңа ғимарат 23 000 кв метрді алып жатыр. Бұл театр қызметкерлері үшін баға жетпес тарту. Елбасының тапсырмасымен, Президент Қ. Тоқаевтың қолдауымен салынған. Қазіргі уақытта штатты көбейту жоспарда бар. Театр қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Жалақы өсті. Пандемия болса да, театр санитарлық талаптарды сақтай отырып қойылым көрсетуде. Көрермендер тарапынан сұраныс болғандықтан, театр сахнасы қойылым көрсетуге тырысады», - деді ол.

TEMA5039.jpg

Ернар Жұматаев - театр директоры

«Құнанбай» драмасының қоюшы режиссері Болат Ұзақов. Туындының авторы – Таласбек Әсемқұлов. Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов. Құнанбай бейнесін сахнада үш құрамда - Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев, актер Нартай Сауданбекұлы сомдады.

Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймаққа енгендіктен қойылым барлық санитарлық талапқа сай өтті. Көрермен залы тек 20%-ға толтырылды.

«Құнанбай» драмасының қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың айтуынша, Кеңес заманды қалыптасқан Құнанбай образы туралы стеоротипті бұзуға тырысқан.

«Құнанбайдың тұлғасын қаһарлы әділ, шешен, қатігездігі де бар деген тарихи деректі ешкім жоққа шығара алмайды. Біз Құнанбайдың мұндай бейнесін жасаудан қаштық, біз өз Құнанбайымыздың нұсқасын жасауға тырыстық», - деді ол.

Барақ сұлтанның рөлін сомдаған Сырым Қашқабаевтың айтуынша, кез келген қойылымның алдында актерде қобалжу болады.

TEMA4949.jpg

«Бүгін премьера болғандықтан біздегі қобалжу бірнеше есеге ұлғайды. Мен сол замандағы Аягөз округінің аға-сұлтаны Барақтың рөлін сомдаймын. Ол - Құнанбайдың замандасы.Құнанбайды патша өкіметіне ұстап берген қарсыласы. Олардың пікірлері, көзқарастары қарама-қайшы. Бірақ соңында ол Құнанбайдың жанашыры, құтқарушысы болып шығады», - деді Сырым Қашқабаев.

TEMA4955.jpg

Сырым Қашқабаев - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Қойылымды тамашалаған көрерменнің пікірінше, Құнанбай бейнесі басқа қырынан ашылған. Ол асқан қатыгез емес, шариғат жолын берік ұстанған, Құдайдан қорыққан, әділетсіздікке күйінген би болыс ретінде көрсетіледі. Ол үнемі жан дүниесімен арпалысады, ішкі түйсігін тыңдайды. «Абайдың шыққан биігі – Құнанбайдың иығы» деген сөздің астарында Абай көрген әке тәрбиесі, өсиетінің Абайға әсері жатыр. Мұндай әкенің қатыгез, озбыр, қаскөй болуы мүмкін емес. Кешегі спектакль соны айқындай алды. Қойылым соңында Құнанбай жас Абайға өзінің жеке заттарын, өсиетін мұра етіп қалдырады.

TEMA5085.jpg

Көрермен орындарынан тұрып, Құнанбай образына ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.

Барлық жаңалықтар