Нұр-Сұлтан қаласында күн сайын 00.00-ге дейін вакцинациялау жүріп жатыр

14 Сәуір, 2021 12:11

Қазақстанда вакцинациялау науқаны 1 ақпаннан басталған болатын. Алдымен дәрігерлер, мұғалімдер және полицейлер вакцина алды. 1 сәуірден бастап бұқара халық коронавирусқа қарсы екпе салдыруды бастады. Елордада вакцинациялау қалай жүріп жатыр, қандай жағдайлар жасалған, еріктілер саны, егу тәртібі туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.



Нұр-Сұлтан қаласында осы аптадан бастап егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін жетті. Вакцина салдыру уақыты таңғы 8-ден түнгі 00.00-ге дейін жалғасады. Азаматтар бос уақытта келіп екпе салдыра алады.

Нұр-Сұлтан қалалаық 9 емханада адам қарасы көп. Бәрі медициналық бетперде тағып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтап, кіреберістегі санитайзермен қолды дезинфекциялауды ұмытпайды. Пандемия азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға үйреткен.

Емхана кіре берісінен медбикелер келген пациенттерге жол сілтейді. Арнайы анықтамалық бөлім немесе интерактивті экран арқылы егу пунктіне жолдама алады. Вакцинациялауға тіркеу бөліміндегі медбикелер кезек бойынша азаматтарды біртіндеп шақырып, жеке куәлігі арқылы тіркеуге қояды. Вакцина алатын пациент арнайы қағаздарға қол қойып, жазбаша келісімін береді. Құжаттарды толтырғаннан кейін кезек бойынша арнайы тексеру кабинетіне шақырылады. Мұнда пациенттің қан қысымы, дене қызуы және өкпе сатурациясы өлшенеді. Пациент жағдайы қалыпты болса, егу кабинетіне жіберіледі.

photo5454303399144175043.jpg

photo5454303399144175047 (1).jpg

photo5454303399144175090.jpg

photo5454303399144175066.jpg

photo5454303399144175048.jpg

Егу кабинетінде бәрі стерильденген. Мұнда артық адам кіргізілмейді. Екпе салатын медбике, тіркеуші медбике және пациенттен басқа адамның кіруіне рұқсат жоқ. Дәрігер пациентке салынатын препаратпен таныстырады. Екпе алушылар қалта телефондарына суретке түсіріп те алып жатыр. Екпе бір реттік шприцпен иық бұлшықетіне жіберіледі. Екпе жіберу уақыты 3-4 секундқа ғана созылады.

«Спутник V» препараттары арнайы тоңазытқышта сақталады. Дәрігер бір флаконды бірнеше адамға салады. Екпе дозалары бірінші және екінші компонентке бөлініп, арнайы сақталады. Екпе салардан бұрын шприц, дәрігердің қолы спиртпен өңделеді. Екпе салынғаннан кейін бір реттік шприц арнайы жәшікке тасталады.

photo5454303399144175057.jpg

photo5454303399144175063.jpg

Екпе алып болған соң пациент күту залында 30 минут отырып күтеді. Дәрігер жағдайды бақылауда ұстайды.

Екпе алуға келген шетелдік азамат Ганаш Гапар «Абу Даби Плаза» ғимаратында жұмыс істейді. Оның Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар. Өз еркімен екпе салдыруға келіпті.

«Бүгін бірнеше әріптестерімізбен келіп, вакцина салып жатырмыз. Жарты сағат өтті. Ешбір әсер байқалмады. КОронавирус індетін әлемге қауіп төндіріп жатыр. Қауіпсіздік жолы біреу, ол – вакцина. 21 күннен соң осы жерге келіп, екінші компонентті салдырамыз. Сосын еркін тыныстап жүруге болатын шығар деп ойлаймын», - деді ол.

Емхананың эпидемиолог дәрігері Майра Рыспаеваның айтуынша, емхана дәрігерлері вакцина алған.

«Бізде 5 егу бригадасы бар. Үш бригада емханада қабылдаса, екі бригада қаланың өзге егу пункттерінде екпе жасайды. Біз азаматтарды алдын ала онлайн тіркеуден өткіземіз. Тіркеу егов, дамумед және кол орталық арқылы тіркеле алады. Егер азамат біздің емханаға тіркелмеген болса да, вакцина алу үшін онлайн жазылу арқылы келуіне болады. Біз алдымен пациенттерден эпидсараптама аламыз, сауалнама жүргіземіз», - деді ол.
photo5454303399144175062 (1).jpg

Дәрігер Майра Сарбасқызы айтқандай, соңғы 6 ай ішінде коронавируспен ауырған адам вакцина ала алмайды. Өйткені оның ағзасында антидене сақталған. Сонымен қатар жүкті әйелдер, емізулі келіншектер, 18 жасқа толмаған жасөспірімдер вакцина салдыра алмайды.

«Біздің 5 екпе бригидасы үш аусымда жұмыс істеп жатыр. Күн сайын екі бригада арнайы мекемелерге шығып, күніне 100-120 адамға вакцина салып жатыр. Ал емханада 150-ден аса азамат күн сайын келіп екпе салдырады. Сонда біз күніне 300-ден аса пациентке екпе салып жатырмыз. Қазір еріктілер қатары көбейді. Зейнеткерлер келіп жатыр. Көбінесе 30-дан асқан ер азаматтар екпе салдырады», - деді.

Эпидемиологтың айтуынша, вакцинадан жанама әсер болмаған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда вакцина әр азаматтың қалауымен салынады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес вакцина арнайы келісіммен, азамат толық ақпарат алғаннан кейін ғана салынады. Вакцинадан бас тартқан азаматтарға қысым жасалмайды. Бұл заңға қайшы.

photo5454303399144175068.jpg

Дәрігердің кеудесіне тағылған төсбелгі оның вакцина салдырғанын білдіреді.

69 жасар Сәрсенбай Омаров бүгін вакцина салуға өз еркімен келген.

«Үйдегі балалар онлайн тіркеуден өткізіп берді. Телефоныма бүгін осы уақытта кел деген хабарлама келді. Індеттен жазда талай құрдасым-замандасым кетті. Ауырып, аппаратта жатқандар да болды. Соларды көргеннен кейін, ауырмайтын жол іздеп, осы екпені салдыруға өзім шешім қабылдап отырмын. Тоқаевтың өзі осы «Спутник» вакцинасын салдырғанын естідік. Вакцина туралы халықты ақпараттандыру дұрыс болу керек. Карантиннен шығып, емін-еркін көше кезетін күндер тез келсін деп тілеймін», - деді С.Омаров.
photo5454303399144175089 (1).jpg

Вакцина алу тегін. Вакцина салдырғаннан инфекцияға қарсы иммунитет 7 күн ішінде түзіледі. Мутацияға ұшыраған коронавирус аса қауіпті саналғанымен, вакцинадан кейін ол күшін азайтады.

Кешегі Үкімет отырысында Премьер-Министр санитарлық нормалар мен маска тағу режимін сақтауды күшейтуді, Денсаулық сақтау министрлігіне төсек-орын қорының толық дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық орындарды, оның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

«Вакциналау кестесін қатаң сақтау керек. Сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет», - деп үкім етті Асқар Мамин.

14 сәуірдегі мәлімет бойынша, 35 821 адам короновирус инфекциясынан (35 322 КВИ+ және 499 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 12 482 пациент стационарда, 23 339 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 2021 жылғы 14 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 435 393 адам вакцина салдырды.



Барлық жаңалықтар