• Басты
  • Н.Дементьева: Халықтың әлеуметтік жағдайы түзелмесе, басқа жетістікпен мақтанудың қажеті жоқ

Н.Дементьева: Халықтың әлеуметтік жағдайы түзелмесе, басқа жетістікпен мақтанудың қажеті жоқ

27 Мамыр, 2021 12:21

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Ширек ғасырдан астам уақыт бойына еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында бейбітшілік пен тұрақтылықты ту етіп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор екенін атап өткен жөн. Дегенмен, бүгінде ұйымның жұмысына қатысты түрлі көзқарас бар. Осыған байланысты, Ассамблеяның елдегі бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы қызметі, мемлекет басшыларының рөлі, сонымен қатар биылғы мерейтойға байланысты Ассамблея аясында ұйымдастырылатын шаралар жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Наталья Дементьевамен сұхбаттастық. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Қазақстаның көп ұлтты мемлекет екені бәрімізге белгілі. Осы тұста, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін атап өткен жөн. Бүгінде Ассамблея аясында ел бірлігін, тұрақтылығын сақтау мақсатында қандай шаралар қолға алынды?

Бүгінгі күні ел бірлігін, тұрақтылығын сақтауда Қазақстан Халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Республикамызда барлық этностың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

Көп этносты қоғам болғандықтан, Қазақстан үшін бірлік мәселесі қашанда басты назарда. Еліміздегі басқа ұлттар мен ұлыстардың татулығына, бір-бір-бірімен қарым қатынасына қандай баға бересіз? Сіздіңше ұлт ретінде қалай дамып жатыр?

Бәрімізге белгілі, Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тұрып жатыр. Барлық этностардың өзінің ана тілін дамытуға деген ұмтылысына ешқандай шек қойылмайды. Бізде халық көп конфессиялы қоғамда өмір сүреді, 40-тан астам конфессия бар. Қоғамымызда ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылықтың дәстүрі қалыптасқан, оның тамыры терең. Мұндай қасиет ең алдымен, қазақ халқының менталитетіне тән және толеранттылық дәстүрді Қазақстанның барлық этностары ортақ құндылық ретінде қабылдайды.

Елбасы Назарбаев  бейбітшілікті сақтауда біршама игі істер атқарды. Осы тұста оның рөлі туралы не айта аласыз?

Әрине, еліміздегі татулық, ұлтаралық бірлігін сақтауда Елбасы Н.Назарбаевтың алатын орны ерекеше. Бұл, ең біріншіден, Елбасының Қазақстан Халқы Ассамблеясын құру идеясы. Есімізге алсақ,   Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Елбасы Ассамблеяны құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. Әрине, сол уақытта Ассамблеямыздың болашағына ешкім сенген жоқ. Бірақ, Н. Назарбаевтің салиқалы саясатының арқасында Ассамблея   уақыт өтіп кеткеннен кейін консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтің еліміздегі ұлтаралық келісім мен бірлігін сақтаудағы игі істерінің бірі.

Ал, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігін сақтауда қандай шаралар қабылдап отыр?

Ел Президенті Қ.Тоқаев ел бірлігін сақтауда Елбасы Н.Назарбаевтің бастаған саясатын жалғастырып, ұлтаралық келісімді нығайтуда одан әрі күш жұмсауда. Бәрімізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясында Ассамблея төрағалығынан бас тартып, ол лауазымын елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені Ұлтаралық қатынасты, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың кепілі – Президент. Сол үшін Асссамблея билігі де Президенттің қолында болғаны дұрыс.

Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы. Осы мерекеге орай қандай  іс- шаралар өткізілуде?

Әрине, биылғы жыл еліміздегі әрбір азамат үшін өте маңызды. Тәуелсіздігімізге - 30 жыл! Президентіміздің айтуы бойынша, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. Мен де Президенттің сөзіне қосыламын. Қазіргі пандемия кезінде көп қаржыны талап ететін той жасайтын уақыт емес, тиімділігі аз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керек, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоқ.

Қазақстан халқы Ассамблеясында қандай мәселелер бар және ол қалай шешіліп жатыр?

Мынадай мәселені көріп тұрмын. Соңғы уақытта біздің қоғамда еліміздегі этносаралық келісімді сақтауымен тек қана Ассамблея мүшелері, немесе ассамблеядан сайланған депутаттар айналысуы керек деген пікір қалыптасты. Мен бұл сөзімен келіспеймін. Ассамблеяға барлық этнос өкілдері жатады. Қазақстанды өз Отаным деп санайтын азаматтар еліміздегі тыныштық пен татулықты сақтауға өз үлестерін қосу керек. Сонда ғана Ассамблеямыздың жұмысы жанданып, татулық пен бірлікті сақтауға үлес қоса алады. Бір шаңырақ астында өмір сүріп, «бір отан, бір тағдыр» ұстанымына ие болып өзара түсіністікпен өмір сүруіміз керек. Бізде басқа жол жоқ!

Сұхбатыңызға рақмет!

Барлық жаңалықтар