• Басты
  • НҚА жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын кімдер және қалай жүргізеді

НҚА жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын кімдер және қалай жүргізеді

9 Наурыз, 2021 14:58

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қмыл агенттігінің баспасөз алаңында өткен сұқбаттың қонағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу тізілімінің сарапшысы, философия ғылымдарының кандидаты Светлана Арыстамбаева нормативтік құқықтық актілер жобаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптаманың бәрі ғылыми сараптама болып табылады. Бұл дегеніміз сараптама жүргізу ісі мен сарапшыларға қойылатын талаптардың күшейтілгенін білдіреді. Светлана Арыстамбаеваның айтуынша, сарапшылардан іс жүргізуге қызығушылығы, белсенділігімен қатар кәсібилік, арнайы білімнің болуы пен тәжірибе талап етіледі.

«Қазір сараптама жүргізетін сарапшылардың реестріне қарасаңыз, олардың бәрі педагогтар, жәй ғана заңгерлер емес, ғылым докторларынан құралған. Сарапшылар осы салада кемінде 5 жыл жұмыс істеген ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар мамандар», - деді маман.

Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мақсаты – нормативтік құқықтық актінің жобасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды анықтау және анықталған сыбайлас жемқорлыққа бейім нормаларды жоюға бағытталған ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

Сараптама жүргізуде халықаралық аспектті де есепке алуымыз керек деп есептейді Светлана Арыстамбекова.

«Бұл істі жүргізуде халықаралық тәжірибеге сүйену маңызды. Ең алдымен біздің мемлекет нормативтік құқықтық актілер жобаларында не себепті сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы қажет етеді деген сұраққа жауап беруіміз керек. 2003 жылы «Стамбул жоспары» жасалғаны белгілі. Осы жоба бізге-тәуелсіз сарапшылар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты», - деп түсіндірді спикер.

ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес желісіне қатысушылар, оның ішінде Қазақстан да бар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі «Стамбул іс-қимыл жоспарына» қол қойған болатын. «Стамбул жоспары» - желі аясында өңірішілік өзара бағалау бағдарламасы. Стамбул іс-қимыл жоспарына Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжіктан, Украина және Өзбекстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес реформаларына елдерге шолу және олардың БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына, өзге де халықаралық стандарттар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдыңғы қатарлы тәжірибесін қолдау жөніндегі ұсыныстарды орындауын үздіксіз қадағалап отыру арқылы қолдау көрсетеді. Осы жоспарға сәйкес барлық заңнамалық негіздердің жасалу жолында мониторинг жүргізуге мүмкіндік берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама коррупциогендік нормаларды анықтауға бағытталған.

«Коррупциогендік норма – бұл жемқорлықтың болуына жол беретін норма болып саналады. Мемлекеттік қызметкер немесе қандай да бір саладағы басшы қызметін пайдаланып жеке мүдделеріне тиімді шешімдерді қабылдауы мүмкін немесе мемлекет мүлкін жеке мүлкі етіп алатын жағдайларға жол береді. Біз осыған сараптама жасаймыз», - деді ол.

Бір кездері сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамалар инсорсинг түрінде болды. Онымен ғылыми құқықтық институттар айналысты. Мысалы, мемлекет пен құқық ғылыми зерттеу институты. Олар мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңіп шығып, құқықтық нормативтік акті жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасайтын. Олар тек қана осы қызметпен айналысты. Бірнеше уақыт өткен соң заңнамалық өзгерістерге сәйкес сараптамалар тек ғылыми түрде жүргізілетін. Сараптамалық жұмыс өз алдына қызмет болып, аутсорсингтік қызметке өтті.

«Осы жерде түсіндіргім келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Яғни мемлекет қаражаты есебінен арнайы мамандарға сараптама жүргізгені үшін ақша төленеді. Инсорсинг дегеніміз, бұл компания ішіндегі аз адамнан тұратын топқа тапсырыс беру. Аутсорсинг – мемекеттік емес ұйымдарға жоба ұсыну. Краутсорсинг дегеніміз – кез келген аккредитациядан өткен тұлғаның жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға қатысу мүмкіндігіне ие болуы. Бұл тәжірибе Ресейде қолданылады. Қазақстанда инсорсинг пен аутсорсинг қолданылады», - деп анықтама берді спикер.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысы –қағидалардың талаптарына сәйкес ресімделген, нормативтік құқықтық актінің жобасына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың нәтижелері көрсетілетін жазбаша құжат. Ол құжатты әзірлейтін сарапшылар.

«Сарапшылар – тәуелсіз мамандар. Олар әзірлеген құжаттардағы әр сөз бен үтірге дейін жауап береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу кезінде сарапшының қызметіне араласуға жол берілмейді. Бұл туралы Заңнамада көрсетілген», - деді Светлана Арыстамбаева.

Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларынан басқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының нормативтік қаулыларын, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарын, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерiнiң, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулыларының, әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерiнiң жобалары мiндеттi тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жасауға жатады.

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі. Бұл туралы арнайы Заң бар.

«Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүктеледі», - деп қорытты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу тізілімінің сарапшысы, философия ғылымдарының кандидаты Светлана Арыстамбаева.

Барлық жаңалықтар