• Басты
  • Митингке қатысты заң жобасында алғаш рет барлық қатысушының құқығы мен өкілеттігі нақты көрсетілген - Ә.Ғалимова
18 Ақпан, 2020 17:58

Митингке қатысты заң жобасында алғаш рет барлық қатысушының құқығы мен өкілеттігі нақты көрсетілген - Ә.Ғалимова

Митингке қатысты заң жобасында алғаш рет барлық қатысушының құқығы мен өкілеттігі нақты көрсетілген. Бұл туралы бейбіт шеру өткізу туралы заң жобасын талқыға салған жиынға қатықан ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалимова айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Митингке қатысты заң жобасында алғаш рет барлық қатысушының құқығы мен өкілеттігі нақты көрсетілген - Ә.Ғалимова

"Жаңа заң жобасында бейбіт шерулерді ұйымдастырушы топтың да, қатысушы топтың да, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де құқығы мен өкілеттігі нақты көрсетілген. Бұл өте маңызды қадам деп айтуға болады, себебі мұндай дүние қолданыстағы заңда жоқ. Сондай-ақ, жергілікті өкілетті органдар әр елдімекенде мамандандырылған орындарды (шет жақта емес) анықтайтын болады. Ол шет жақта болмауы керек. Мәслихаттардың шешімі бойынша, аймақтарда бейбіт шеру өткізуге болатын бірнеше учаске болады", - деді Ілия Ғалимова.

Сонымен қатар Ақпарат министрлігінің өкілі өз сөзінде жаңа заң мен қазіргі қолданыстағы заңның айырмашылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа заңда бұрынғы заңда жоқ мәселелер көтерілген. 

"Бебіт шеру жөніндегі бұл заң - жаңадан жасалған заң жобасы. Бұрынғы 95 жылғы заңнан айырмашылығы -мұнда ұғынықты аппарат болады. Бейбіт жиналыстардың барлық түрі, атап айтқанда митингілер, шерулер, демонстрациялар, пикеттер және басқа да түрлері анықталып, осы заң жобасында нақты көрсетілген. Ал қолданыстағы заң жобасында ондай айқын форма жоқ, сол себепті бұл тәжірибе әртүрлі елдімекендерде әртүрлі өтті", - деді ол.

Ал митинг туралы жаңа заңға қатысты талқыға қатысып, пікір білдірген Мұхтар Тайжан бейбіт шеруге қатысты жаңа заң жазуды ұсынды. 

"Ұлттық кеңестің соңғы отырысында президент жаңа заңды жазу керек деп айтқан болатын. Рұқсат сұрау емес, ескерту жүйесіне көшу керектігін айтып, тапсырма берді. Алайда мен бұл заңды жазуға қатыспадым. Бірақ бір байқағаным, жаңа заңға халықтың көңілі толып тұрған жоқ. Оны мойындау керек. Бұл заңды жаңадан дайындауымыз керек. Алматыдағы кеңес мүшелерін, Жовтисті, Ерлан Қалиевті шақырып, жұмысшы топты құру қажет. Себебі қазіргі заң халықтың көңілінен шықпай отыр", - деді ол.

Сонымен қатар ол өз сөзінде аталмыш заңды жасауға қатысқан жұмыс тобы мен министрлікке алғыс айтты. Алайда оның сөзінше, заңның тұжырымдамасы басқа болуы керек.  

Бұдан басқа Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі бұған дейін Қазақстанда болған митингтерге тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, қазақстандықтардың мәдениеті жоғары, олар қоғамдық мүлікке зарар келтіруге жол бермейді.

"Мына заңда қатысушылар саны, арнайы өткізетін жер көрсету керек депті. Менің ойымша мүлде жаңа заң жазу керек. Себебі митингке келген адам бұзақылық жасаймын деп келмейді. Қазақстанда болған митингтердің ешқайсысында бұзақылық жасалған жоқ. Мәселен, Жаңаөзенде мұнайшылар 7 ай бойына ереуілге шыққанда да бір шыны, не бір отырғыш сынған жоқ. Жер митингтерінде де солай болды. Бұзақылық жасайтын жандар мұндай ресми рұқсат алып отырмайды. Ал біздің бейбіт шеруге келетіндер сана-сезімі жоғары адамдар деп есептеймін. Мен бұл жаңа заңды ысырып қойып, басқа жұмыс тобын құрып, қайта жасауды ұсынамын. Бізге түбегейлі жаңа заң керек", - деп түйіндеді ол сөзін.

Сонымен қатар ол Ұлттық кеңес мүшелерінің ешқайсысы мемлекет басшысының қабылдауында болмағанын, кеңестің келесі кездесуінде қандай мәселелер көтерілетіндігі әлі күнге белгісіз екендігін атап өтті. 

Сондай-ақ талқыға қатысқан Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров заңды талқылауға қарама-қарсы ұстанымдағы азаматтарды шақыру керегін айтты.

"Бұл бейбіт шеру туралы заң ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Кешегі Алматыда өткен талқылауға қарасақ, оңтүстік астана жұрты бұл заңға қарсы екенін көреміз. Енді Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшелері екі тарапты да жақындатып, пікір алмастыруы қажет. Менің ойымша, заңның әр тармағын талқылау кезінде қарама-қарсы ұстанымдағы азаматтарды шақыру керек", - деп атап өтті Ерлан Саиров.

Айта өтейік, кеше Алматыда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен бейбіт шеру өткізу және ұйымдастыру тәртібі жөніндегі жаңа заң жобасы талқыланды.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды