• Басты
  • Мейрамхан Жәпек, журналист: Әйелдер қосымша білім алудан қорықпау керек

Мейрамхан Жәпек, журналист: Әйелдер қосымша білім алудан қорықпау керек

15 Наурыз, 2021 16:24

Көпбалалы ана әрі қоғам белсендісі Мейрамхан Жәпек Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында әйелдің қоғамдағы рөлі туралы айтты.


Мейрамхан апай, сіз журналист әрі жаңа медиа маманысыз. Бұл салаға қашан және қалай келдіңіз?

Журналист болуды бала кезден армандадым. Үшінші сыныпта тырнақалды туындым республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарық көрді. Содан бері жазуды тоқтатқан емеспін. Қордайдағы мектеп интернатты тәмамдап, ҚазМҰУдің журналистика факультетіне оқуға түстім. Ол жылдары журфакқа конкурс үлкен болатын,бағым жанды. Армандаған оқудың қалай тез бітіп қалғанын білмеймін. Ұстаздарымыз кіл мықты болды: Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Файзолла Оразаев, Марат Барманқұлов, Сағымбай Қозыбаев, Шәрбән Нұрғожина, Алтынбек Сәрсенбаев,Бауыржан Омаров, Амантай Шәріпов...

Қазір қандай қызметтесіз? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Журналиспін, сайттарға материал дайындаймын. Медиасауаттылық бойынша семинар тренингтер өткіземін. Ал бос уақытты отбасыма арнауға тырысамын. Төрт бала бар біздің үйде, екеуі ересек, екеуі әлі кішкентай, негізінде бос уақыт осы екі кішкентайдың еншісінде.

Білуімше, интернет журналистиканы зерттеп жүрсіз. Осы зерттеу барысында қандай жаңа тенденциялармен кезіктіңіз?

Интернет журналистика үздіксіз дами беретін сала, тек осы саладан қазақ журналистері пайдалысын алып, ерекше контент жасай білсек ұтамыз. Және бұл сала әлі де дамиды. Ендігі өмір интернетпен тікелей байланысты болғандықтан, оның қойнауын зерттеп, зерделейтін кез келді. Мысалы еліміздегі интернеттің дамуы, интернетжурналистика тудырған жанрлар туралы, жарнаманың әсері, медиасауат мәселелері деген сияқты үлкен тақырыптар ғылыми талдауды талап етеді.

Сондай-ақ, бірнеше вебинарлар ұйымдастырып жүрсіз, сол туралы да ашып айтсаңыз?

Кейінгі жылдары медиасауат бойынша семинар тренингтер өткізіп, радиодан Ойдода деген интерактивті ойынның сарапшысымын. Осыдан үш жыл бұрын медиасауатты дамытуға арналған үлкен конкурсқа қатысып, Татьяна Голубцова (Қарағанды), Натали Ткалич(Алматы) үшеуміз «Интерньюс» халықаралық ұйымының грантын ұтып алдық. Сосын ойын платформасын құрастырдық, әр қалада әртүрлі ортада ойнаттық, апробациядан өткіздік, сыни ойлау мен медиасауаттылықты дамытуда пайдалы тұсы көптігін білдік.

Өзіңіз көп балалы анасыз. Әйелдерге жасаған игі істеріңізді естіп жүрміз. Сол туралы айта өтсеңіз...

Біз көп бала, аз бала деп бөлмедік. Аналарымыз үшін қолымыздан келген шаруамен айналыстық. Әуелгі кезде Астананың мен сияқты көп баласы бар журналист аналары Халима Тәжіқұл, Назира Байырбек, Гүлмира Аймағамбет, Гүлжан Рахым, Айым Садуақасова бірігіп әлеуметтік көмек, әлеуметтік қамтамасыз ету тұрғысындағы тақырыптарды тауып аналар назарына ұсындық. Ондағы мақсат аналар жалған ақпараттың құрбаны болмасын деген ой еді. Көп шаруа тындырылды, сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі Светлана Жақыпованың көмегі орасан зор болды. Сол кісінің қолдауымен көпбалалы аналардың көк кітапшасы қайтарылды, Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға өзгерістер енгіздік, республика бойынша кредит алып төлей алмай тығырыққа тірелген әйелдердің тізімін жасап, несиенің кешірілуіне қол жеткіздік. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы несиені кешіру туралы Заңға қол қойды. Ерекше балалары бар аналардың жәрдемақысының өсуіне ықпал еттік, атаулы әлеуметтік көмектің нормативтері қайта қарастырылуына үлес қостық және тб. айта берсек көп екен...

“Ақжүніс” ерікті аналар қоғамы туралы не айтасыз? Қауымдастықтың қазіргі жағдайы қандай?

Біз ерікті аналар қоғамы болғандықтан бар жауапкершілікті мойнымызға алдық. Бұл өз кезегінде үлкен қозғалысқа айналды. Басшысы – журналист Сәуле Әбединова ханым. Республика бойынша жер жерде бұл ұйымның бөлімшелері болды. Біздің көздегеніміз әйелдердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы. Үкімет пен партияның назарын әйелдердің әлеуметтік ахуалына аудару. Қазір көп облыстарда «Ақжүністің» жергілікті ұйымдарын басқарған аналар өз бетінше жеке ұйым ашып жұмысты жалғастырып отыр. Ал біз ашқан чаттарға ақыл кеңес сұрап хабаласатындар әлі де бар.

Қазақстандағы әйелдер қауымының ел дамуындағы үлесі қандай деп ойлайсыз?

Әйел жасампаз! Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен қордаланған мәселелерді шешуге ықпал етіп отыр. Қазіргі шағын кәсіпкерлікті дамытып отырған да әйелдер. Бір замандарда елде дағдарыс болған кезде аналарымыз ала дорбаны арқалап базарға барып, сауда сатықпен айналысып, кәсіп ашқан. Сондықтан әйелдер алып күш!

Қазіргі қоғамдағы қазақ әйелінің рөлі туралы не ойлайсыз?

Әйелдердің медиасауатын ашып, сыни ойлау дәрежесін көтеретін болсақ, олар жойқын күшке айналады. Яғни әйелдерге қосымша білім алудан қорықпау керектігін үнемі айтып келемін. Сонда демократия орнап, ақпараттық қоғам дамиды.

Мейрамхан апай, сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет! Сізге зор денсаулық, еңбегіңізге жеміс тілеймін. Қоғам үшін пайдалы еңбегіңізге алғыс білдіреміз!

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар