• Басты
  • Мейірімді қазағыма мың алғыс!
28 Ақпан, 2020 09:19

Мейірімді қазағыма мың алғыс!

Биыл Алғыс айту күні бесінші рет атап өтіледі. Осы күн ризашылық еткен айналамыздағы азаматтар және өмірдегі нәрселер туралы ойлануға уақыт береді.

2016 жылдан бері дәріптелетін мереке «ұлттық бірлік», «ынтымақтастық», «қоғамдық келісім», «қазақ еліне алғыс» идеялары арқылы «қайырымдылық»» сценарийімен безендіріледі. Шын мәнінде дәстүрге енген этностық сипаты бар мереке туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасында кездеспеуі нені білдіреді? Алғыс айту күні құндылықтарды біріктіруші әлеуетке ие ме?

Мейірімді қазағыма мың алғыс!

                                                            Сандарды дәріптеу

Қазақстанда бірұлттық – «Тәуелсіздік күні», 9 мемелекеттік мереке бар (Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР 2001 жылғы 13 желтоқсандағы 267 Заңы). Бұл тізімнен тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы No 689 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне 47 мерекелік күн енгізілген. Сандар арасындағы айырмашылық Қазақстан Республикасындағы ұлттық және мемлекеттік мерекелер атап өтілетін күндер Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес мереке күндері деп танылады.

Осыған қоса бейресми мерекелер де (дәстүрлі, діни, этномәдени, өңірлік және т.б.) анықтауға болады. Осы ретте әрбір атаулы даталардың мазмұны көңіл-күй және бейнелік құндылықтарымен шоғырланған, атап өтумен өзіндік бірігіп-ұйымдасудың ерекшеліктеріне ие. Қазақстандағы мұндай даталардың тәуелсіздік жағдайына бейімделуі қоғамдық санадағы ескі сандарды жоюмен қатар жаңа символдарды қалыптастыру деңгейінде жүріп жатыр. Н. Айтымбетовтың зерттеуінше «бұл символдар ұлттар мен халықтардың тарихи және ұлттық санасын қайта оятуға үлес қосады». Осы бағытта аталмыш зерттеуші жүргізген мәліметте «Қай ел сіздің отаныңыз болып табылады?» ұлттық ерекшелігі бойынша қойылған сұраққа респонденттердің басым бөлігі өздерін Тәуелсіз Қазақстан Респубикасын отаны ретінде санайтынын көрсетіп отыр. Яғни, этностық топтар ішінде жартысынан көп мөлшерде қазақтар – 65,3%, орыстар – 38,8%, басқа ұлттар – 54,7% құрады. Одан кейінгі орында КСРО-ны әлі күнге дейін өзінің отаны ретінде танитындар арасында тағыда орыстар басым бөлікті құрайды – 26,0%. Ал қазақтар арасында КСРО-ны отаны ретінде санайтындар жалпы санға шаққанда тіптен аз (9,2%) және басқа ұлттар – 10,1 (Айтымбетов Н.Ы. Ұлттық бірегейлік – Қазақстанның саяси мәдениетінің қалыптасу факторы: 6D050200: философ. ғыл. док. ... дис. – Алматы, 2015. – 124 б.).

Жаңашыл символдарды енгізу өскелең ұрпақтың патриоттық рухта өсім-өнуіне әлеуетті болып табылғанымен, бүгінгі күн тұрғысында саналық кедергілермен бетпе-бет кездеседі. Осы ретте азаматтар көңіл-күйлерінің құбылуы, ескі мерекелерді еске түсіруі, мерекелік даталарды жекелей саяси мақсатта пайдалану – осының дәлелі.

Keste.jpg

Жоғарыда келтірілген деректерді зерделеу, Тәуелсіз Қазақстанның кеңістігінде кеңестік мерекелер қалдықтары бар екендігін пайымдайды. Дегенмен кеңестік типтегі мерекелердің ішінара Қазақстанның мерекелері қатарына енуі айтарлық идеологиялық сипатын өзгертуге әкелді. Осылайша, ескі мерекелік даталарды жою бағдарында ешқандай тыйым салынбайды, дегенмен қоғамдық сананы ұлттық реңді бекітуді мемлекеттік билік қолдайды. 14 ақпан «Валентин күні» жастар арасында жылдан жылға тойлау үлесі төмендеп келеді. Билік тарапынан осы мерекеге балама «ғашықтар күні» ретінде 15 сәуір «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні ойлап табылған. Осы ретте мерекенің кеңістіктегі орнын нығайтуда билік жастардың қолдауынасүйенеді. Бұл мерекелердің қоғамдық ортада әлі де өміршеңдігін сақтауы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының үстемдігі, оның ішінде кино- фильм, музыка, өзін-өзі көрсетудің әртүрлі формаларының танымалдығында болып отыр.

Уақыт өте келе қоғамның эволюциялық дамуында Алғыс айту күні ескі күнтізбеден сақталған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің орнын басуға балама бола алады. Бұл дегеніміз дәстүр мен жаңашылдық мәселесінде «әдeттiң oзығы дa бaр, тoзығы дa бaр» дeгeн қaнaтты cөзi арқылы шeшiмiн тaбады.


                                                           Мерекелік күннің идеялық құндылығы

1 наурыз – Алғыс айту күні. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаев Алғыс айту күніне арналған іс-шараға қатысып, былай деген еді: «Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің болашағы біртұтас ұлт қалыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осыған байланысты Ассамблеяның арнаулы қорын құрып, сол арқылы қолдау көрсеткен жөн болар еді». Осыдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары «Алғыс айту күні» туралы «ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады», - деп суреттеді. Қазірде Google іздеу желісінде Алғыс айту күніне байланысты 310 000 материал кездеседі, оның ішінде 7 610-і бейнероликтер құрайды. Кескіндемелік суреттерде жиі кездесетін сөз «наурыз», «ассамблея», «тағзым». Тірек белгілердің қоғамдық пікірдегі қолданысы өз кезегінде идеялық платформаны толықтыра отырып, сұранысқа қарай бейнелік сана-сезімге ықпал етеді.

Әлемдік практика көрсетіп отырғандай, мерекелердің сипатына қарай үндестік өлшемдері бар. Жалпыұлттық сипатқа ие мерекелер тарихи себептілігіне байланысты шығу тегіне және дініне қарамастан, азаматтар қолдайтын құндылықтар мен бағдарларға ерекше мән береді. 

Алғыс айту күнінің басты мазмұны көктемнің алғашқы күнімен қатарласып келіп, Қазақ еліне «тарихтағы қолғабысы мен қайырымды ісі» үшін алғыс айту белгісін бекітеді. Біріктіруші идеологиялық салмаққа ие мереке әлеуметтік сенімді қауіпсіз-толерантты қоғамды құра отырып, қайырымды идеялар төңірегінде топтасуды көздейді. Бұл жағдай мынадай негіздермен традегиялық түсіндіріледі: «ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1миллион 150 адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Оларды тауар вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да, қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді». Мұндай тезистер арқылы азшылықтарға тарихи тағдырдың ауыр кезеңдерінеске түсіреді, ал титулды ұлт үшін мынадай тірекпен сабырлыққа үндейді: «ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстанды. Жергілікті халықтың саны ол кездері 6 миллионның шамасында болатын. Қылмыстық сипаттағы Сталиндік ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион адам аштан қырылды. Тағы миллионнан аса адам өзін және балаларын аман сақтау үшін бұрынғы КСРО аумағынан кетуге мәжбүр болды. Қазақтарға жойылып кету қаупі туды. Біздің көпэтностылығымыз осылайша қолдан жасалды. Бірақ мұнда біздің жерімізге еркінен тыс келген адамдардың еш кінәсі жоқ. Біз Тәуелсіздіктің жаңа дәуірінде барлық этностарды біртұтас, ұйысқан халыққа айналдыра білдік. Бүгінде бұл – біздің ең басты артықшылығымыз».

Keste 2.jpg

Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды. Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді». Сонымен қатар Елорда төрінде «Қазақ Елі» монументінің де бой көтеруі титулды ұлттың айналасына топтасу идеясын күшейте түсті. Соған қарамастан мерекелік күннің негізгі ұйытқысы – Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптасуына ықпал етуге әлеуетті фактор болып табылады. Ал бұл, өз кезегінде этностық және азаматтық топтасу қарама-қайшылығында мемлекеттің титулды ұлт моделінің негізіне байланады.


                                                          Тарихи сабақтастық: дәстүр мен жаңашылдық

Жаһандық үрдістердің күшеюінде мерекелер халық өмірінің маңызды мәдени бөлігін құрайды. Сабақтасқан мерекелерде күнделікті өмірдің ұлттық және діни ерекшеліктері көрініс табады. Батыс және Шығыс өркениетін тоғыстырған Қазақстан «қазіргі этносаяси үрдістер жағдайында ерекше миссияны - Еуразия құрлығында бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында халықтарды біріктіруге талаптанып отыр» («Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ұсынымдарды мақұлдау туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының 2010 жылғы 17 ақпандағы No 01-39.10 Бұйрығы). Бұл тұрғыда қазақ дүниесіндегі рухани-материалдық бай мұралардың толыққанды зерделенбеуі көптеген мәселеде уақыт және кеңістікпен санасуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да бүгінгі «Алғыс айту күні» шығу тарихын пайымдағанда ғаламдық мәдени жаңарулардан үн қатамыз.

Әлемдік жылнамада 1621 жыл ағылшын колонистерінің бастамасымен «ризашылық» сценарийінде көңіл-күйді көтеруге екпін беруі боранды қысқа дайындықты білдірсе керек. Қараша айының төртінші бейсенбісінде атап өтілетін мереке астық жинау мезгілімен үндеседі және ауыл шаруашылық өнімдеріне басымдық береді.Айтулы күннің басты ас мәзірі – күрке тауық мифтік байланысқан құндылық саналады.Ішінара көкөністермен мерекелік дастархан безендіріледі.

Ұлттық күнтізбеге енгізген осы мерекенің басты идеялық түбірі - американдықтардың өзінің Конституциясына ризашылық білдіруіне негізделеді. Осылайша Алғыс айту күні нағыз ұлттық мереке ретінде 1863 жылы АҚШ-тағы Азамат соғысы кезінде тараптарды бір дастарханға шақыруынан басталды. Өзара әңгімелесу барысы келіссөз өнерін (медиация) жандандыруға себепші болды.

1957 жылдан бастап Канада мемлекетінде де «Алғыс айту күні» қазанның екінші дүйсенбісінде ауыл шаруашылық аспектісіне сәйкес аталып келеді.

Бастапқы кезеңде мереке сүріп жатқан күндеріне тәубе етіп жаратқанға ризашылық білдіру мерекесі болып, кейін келе діни маңызын жоғалтты және азаматтық, жалпыға ортақ және бүкіләлемдік сипатқа ие болды.

Осы тұрғыда Қазақстандағы Алғыс айту күні де-юре жүзінде бекітілгенімен нақты қоғамдық қатынастарда тасымалдайтын құндылықтары әзірленбеген. Сондықтан да тарихи-мифтік «құрт» аңызын жандандырып, өзге этнос өкілі болып табылатын тарихи тұлғалардың рөлін сомдау арқылы қоғамдық бейне жасауға ұмтылады.

Мерекенің идеялық-көркемдік мазмұны кешенді тұжырымдалмаған. Осыған байланысты мереке жыл сайын этномәдени бірлестіктердің «Достық үйі» ғимаратында бас қосуы және қайырымдылық акциясын өткізумен жалғасып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы жиналып сөз сөйлеу, кейін монументтерге гүл шоғырын қоюмен рәсімделеді. Әрі қарай «Масленица мерекесіне жалғастырады. Осылайша республикалық және өңірлік жергілікті сценарийлер бірін бірі қайталап, толыққанды мереке мазмұнын ашуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне саяси күштердің мәдени кеңістіктегі тартысында Алғыс айту күні формалды және уақытша дата ретінде қалыптасады. Бұл бағытта азшылықтардың мерекеге деген ынтасы мен ниетін талдауда қауымдастық өкілдері тілдік факторды алға тартып, жасанды қақтығысты қолдан жасайды. Сондықтан да бұл мерекені ұйымдастыру ресурстарының негізгісі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеледі.

Егер де дәстүр белгілері мен жаңашылдықтың экoнoмикaлық, қoғaмдық өзгeрicтeрдiң нәтижeciндe пaйдa бoлғaн әрeкeттерді, жаңару құндылықтарын жинақтаса мереке мазмұндық түрмен толысады. Бұл жағдайда атаулы күн ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерімен үйлеседі және өң бoйынaн нaғыз этикaлық құндылықты көругe бoлaды.

                                                      

                                                             Мерекені атап өту

Қазақстанның мәдени тұжырымдамасы жалпыхалықтық мерекелер қоғамдық сана-сезімді оң арнаға бұрып, мақтаныш пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыратын шоғырландырушы фактор болатындығын анықтаған. Сондай-ақ халықты біріктіруге қабілетті ұлттық бейнелер мен ұлттық символиканы қалыптастыру, мерекелік іс-шаралар дәстүрлерін және мәдени-демалыстың жағымды нысандарын тарату үлкен рөл атқарады деп атап көрсетеді (Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы: 2014 жылдың 4 қарашасы, No939 бекітілген 04.11.2017).Тұжырымдама мерекенің топтастыру әлеуетін мойындайды, орнын анықтайды, бірақ нақты ішкі мазмұнын бейнелемейді.

Қазіргі күнге дейін Алғыс айту күні қазақстандықтардың жаңа ұрпақтары мәдениетін біріктіріп, салт-дәстүрлерімен таныстыруда. Әрбір азаматтың жеке тұлғалық дамуында да рөл атқарып, дүниетанымын қалыптастырады. Мереке көңілді және көңіл көтеретін жағдайда болуы үшін кез келген азаматтың эстетикалық және этикалық қажеттіліктеріне бағдарлануы шартты. Сонда ғана ол қоғамдағы адами қадір-қасиет байлықтарын дамыта алады. Бұл ретте мынадай құндылықтар мен нанымдарды да енгізу қажет: 

ақжарқындығымыз бен кең пейіліміз; 

жүрегіміздің жылылығы; 

қонақжайлылық пен бейбітсүйгіштік; 

еңбекқорлық пен жігерлілік (Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты (11.09.2018).

Жергілікті деңгейде мерекені атап өтуге азаматтардың ұмтылыстарына назар аударып, құндылығын дәріптеу арқылы қандай дүниелерді (мәдениетті) кейінгі ұрпаққа беруге болатындығын саралауы керек.

Зерттеуші Н. Байғабыловтың жазбасында «бір кездері «Қаражорға» әнінің айтылып, биінің биленуі, оған өзге этнос өкілдерінің ұмтылыс, қызығушылығы, «Қаражорға» тек қана қазақтарға ғана емес, Қазақстанның халықтарынада ортақ негізгі бір құндылық бола алды. 2009 жылғы Қазақстан Республикасының Жастар Конгресінің бастамасымен Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Қарағанды қалаларында студент жастар тарапынан ұйымдастырылған бүкілқазақстандық «Бауырсақ күні», Германиялық әлемге әйгілі «Октоберфест сыра мейрамы» іспеттес ұлттық брендті жарнамалауға талпыныс болды. Осыған ұқсас шоқтығы биік шаралардың біртіндеп барлық ел азаматтарын қазақтың айналасына топтастыруға ынталандырып ұлттық идеядан нәр алатын, патриотизмді күшейтетін инфрақұрылымдық жобалар жасалуықажеттілік»,-делінген (Байғабылов Н.О. «Атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі: 6D050100: философ. ғыл.док. ... дис. – Астана, 2013. – 134 б.). Салыстырмалы түрде қарасақ жыл сайын New York қаласында Алғыс айту күнінде таңертең теледидардан көрсетілетін түрлі-түсті шеру өтеді. Дәстүр бойынша, карнавалдың жарқын платформалары күзгі көшелерден оркестрлердің дыбыстарына көмкеріледі. Американдық тұлғалар менмультфильм кейіпкерлер бейнелері шарларда көрініс табады. Осылайша американдықтар өздерінің тұлғалық қуатын мүсіндермен өрнектейді. Ең бастысы масштабты «Black Friday» деп аталынатын күн ұйымдастырылады және тауар сатып алуға жеңілдіктер жасалынады. Мұндай шаралар арқылы бизнес-құрылымдар да мерекеге жұмылдырылған.

Қорытындылай келе, ұлт бірегейлігін жаңғыртуда Алғыс айту күні ықпалды орын алады, мереке арқылы ұлттық сананы кеңейтуге мүмкіндік қалыптастырады.

Жоғарыда көрсетілген мерекелерді дәріптеу қазірде үйреншікті дағдыға айналып, дәстүрлі үрдісті құрап отыр. Осы мерекелердің әлеуетін мемлекет алдағы уақытта серпінді дамуға жұмылдырудың нақты жүйесін құрастыруы керек. Осы ретте біріншіден, мерекенің идеялық мәні анықталғанымен тұтас атап өту дәстүрі бекімеген. Осыған байланысты арнайы мамандар көмегімен мерекені атап өту дәстүрлерін өндіруі қажет.

Алғыс айту күнінің эмблемасы мен нышаны айқындалмаған. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы логотипінің кейбір элементтерін пайдалану керек. Шара аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолданып, тәрбиелік мазмұнмен толықтыру міндет.

Екіншіден, Қазақстанда өмір сүретін басқа да ұлттық азшылықтар тарапынан қазақ ұлтының қайта өрлеуіне түсіністікпен қарап, осы мереке арқылы ұлттық бірегейлікке сәйкестелуі керек.

Үшіншіден, шетелдік тәжірибедегідей мерекенің белгілі бір шаруашылық салаларымен байланысуы оның тұрмыстық деңгейдегі ықпалдасуын шынайыландырады. Қалың жұрттшылықты мерекелерге дайындық пен оларды өткізу процесіне тарту және жаппай жұмылдыру үшін алдымен барлық ұйымдастыру ресурстарын ынталандыру тетігін әзірлеу.

Төртіншіден, ұлттық санада жаңа көзқарасты қабылдау үшін ұлттық идеяның нақты компоненттері ретінде – мереке, тарихи оқиғалар мен атаулы даталарды дәріптеу, трагедиялық жағдайды еске алу, мемлекеттік символдар, сондай-ақ ұлттық бірлік, қадір-қасиет пен рухани байлық идеяларын жариялаудағы саяси институттар рөліне басымдық беру. Осы арқылы негізгі назарды практикалық істерге аударуға болады.

Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық деңгейде 40 достық үйі, 3114 қоғамдық келісім кеңестері, 1753 аналар кеңесі, 84 шамасында медиация орталығы жұмыс істейді. Бұл ретте «Достық» үйі ғимаратына «қазақ тілі қоғамы» ұйымы және тіл мәселесіндегі жергілікті атқарушы органдарға бағынысты ұйымдарды шоғырландыру керек. Толерантты қоғам атмосферасында ақсақалдар, аналар кеңестері, медиаторлар арқылы ұрпақ сабақтастығын насихаттау (қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу). Сондай-ақ жапондардағы «мінсіз жапон адамы» тәрізді Абайдың «Толық адам» концепциясын заманауи келбетте жексенбілік мектептерде дәріптеу. Осылайша қауымдастықтар арқылы қоғам, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін нығайтуға болады.

Нұрбек Пұсырманов

Барлық жаңалықтар
3.216.79.60, 192.168.88.100