• Басты
  • «Менің атым кім?» жобасының авторы: Бұл кітапта әр бала ертегі кейіпкері бола алады
29 Қыркүйек, 2020 17:45

«Менің атым кім?» жобасының авторы: Бұл кітапта әр бала ертегі кейіпкері бола алады

Елімізде жақында «Менің атым кім?» атты әр бала кейіпкері бола алатын ертегілер жинағы жарыққа шықпақ. Екі тілде, яғни қазақ және орыс тіліндегі жинақ 0-ден 8 жасқа дейінгі балаларға арналған. Кітапты алғысы келетін кез-келген ата-ана сaйтқа кірiп, балaсының атын жазу арқылы тапсырыс қалдыруға мүмкіндігі бар. Осы орайда жоба авторларының бірі Ерiк Беріков кітаптың мазмұны, дизайны, сайттың қалай жұмыс iстейтіндігі туралы, сонымен қоса болашақтағы жоспарлары жөнінде Strategy2050.kz тілшісіне айтып берді.

«Менің атым кім?» жобасының авторы: Бұл кітапта әр бала ертегі кейіпкері бола алады

                                                                               Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті аз

Қазіргі таңда қазақ тіліндегі балалар әдебиеті аз. Оның ішінде иллюстрациясы өте сапалы, жоғары деңгейдегі қағазбен шығарылатын кітаптар саны жеткіліксіз екенін байқадық. Өйткені өзіміздің де бауырларымыз бар, содан білеміз. Бір жыл бұрын осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін «Менің атым кім?» атты ертегілер жинағын жүзеге асыруды қолға алдық.

Жалпы Ұлыбритания, Америка секілді алпауыт мемлекеттерде бұған балама жобалар бар. Соларды негізге ала отырып, біздің менталитетімізге сәйкес келетін, идеологиямызды насихаттайтын жоба жасауды жөн көрдік. Басқа кітаптардан тағы бір ерекшелігі – бұл жалпы тиражбен жарық көрмейді. Әр бала кейіпкері бола алатын кітап болғандықтан, тапсырыспен ғана жарыққа шығады.

   

                                                                         Ертегілер «хайку» стилінде жазылды

Біз командада төртеуміз. Бәріміз отырып ертегілердің мазмұнынын, қандай кейіпкерлер болу керек, оқиғаның дамуы, композициясы туралы жазып шықтық. Соның негізінде қазақ және орыс тілінде өлең шығаратын мамандарды іздестіріп, Айнұр Төлеу мен Дина Оразға жолықтық. Олар ұсынымызды қабылдап, біздің шамамен жазып бергенімізді өлеңге айналдырды.

Жалпы айта кетейін, ертегілер «хайку» стилінде, яғни әңгіме түрінде емес, ұйқас арқылы өлеңмен жазылған. Бала тек оқып қана қоймайды, есте сақтау қабілетін де дамыта алады. Өйткені өлең жолдары жаттап алуға оңай. Жапонияда «манга, Америкада «комикстер», ал Қазақстанда сол екеуінің негізінде біздің идеологияға бағыттап жазуды ойластырдық.

Ал кітаптың иллюстрациясын жасау үшін ресейлік мамандардың көмегіне жүгіндік. Жұмыстың көп бөлігі осы мамандармен байланысты болды, оған бір жылға жуық уақыт жұмсалды. Кітап беттерінде бос орын жоқ, барлығы суретпен көмкерілген.

 

                                                                            Отандық иллюстратор маман табу қиынға соқты

Жобаны қолға алмас бұрын авторлар мен иллюстраторларды іздей бастадық. Әлеуметтік желілерде танымал болған, сонымен қоса басқа иллюстратор мамандардың тізімін жасап, оларға хабарластық. Жобаға кететін уақыт туралы, жоба жөнінде айтқанымызда көпшілігі келіскен жоқ. Алматыдағы бір студиямен келісім шарт жасастық, алайда олар жобаның көлемін көргеннен кейін жұмыстың бір жарым жылға созылатынын айтты. Сонымен қоса олар ақ қағаздың жартысына ғана сурет салып, қалғанына мәтін жазуды ұсынды. Ал біз ақ параққа толықтай сурет салынғанын қаладық. Өйткені бала өзі кейіпкер болғандықтан, оны сезінуі тиіс. Осылайша таңдау шетелдік авторларға, яғни ресейлік суретшілерге түсті. Төрт иллюстратор маман жұмыстанды, өйткені бір маманмен жобаның уақыты ұзап кетуші еді. Соның арқасында бір жыл ішінде барлығы дайын болды.

 

                                                                                   Әртүрлі жанрды қамтуға тырыстық

Ұйқыдан оянған бала есімін ұмытып қалады. Оның аты білезікте жазылған. Сол білезіктің жібімен төсегінен түсіп, ғажайып әлемге енеді. 10 ертегі кейіпкері бар, бірақ әрқайсысының басында бір проблема. Бала сол ертегі кейіпкерлеріне көмектеседі, ал олардан сый ретінде өзінің есімінде бар әріптерді жинайды. Есіміндегі әріптер толық жиналғаннан кейін, аты қайта есіне түсіп, ғажайып әлемнен қазіргі әлемге оралады.

Жалпы баланың ойлау қабілетін дамыту үшін әртүрлі жанрды қамтуға тырыстық. Мәселен, көзілдірігін жоғалтқан дельфин, әлемге ұшып келе жатқан комета туралы бар. Бала оларға көмектесу арқылы өз атындағы әріптерді жинайды. Бала өзінің кейіпкер екенін, сонымен қоса кейіпкерлерге көмектесу арқылы өзінің маңызды екенін сезіне алуы тиіс. Бұдан бөлек бала үшін визуалды нәрселер өте маңызды. Сол себепті мәтінімен қоса суреттерге де аса мән бердік. Жалпы әртүрлілікті сақтауға тырыстық.

 

                                                                          Кітаптың электронды нұсқасы сайтқа жүктелген

Сайт қолдануға өте ыңғайлы. Ең бірінші бетінде кітаптың нұсқалары, сонымен қоса «кітапты құрастыру» деген батырма бар. Соны басу арқылы баланың есімін жазып, кейін кітаптың тілін таңдау керек. Сонымен қоса порталда жинақтың екі тілдегі нұсқасы жүктелген. Бұдан бөлек қызға немесе ұлға арналған жинақты көру үшін арнайы батырмалар басу керек батырмалар бар. Егер сіздің қызыңыз болса, қыздарға арналған нұсқасын таңдауға мүмкіндік бар.

Жалпы ертегілер жинағының барлық бетін сайттан көруге болады. Кітап ұнаған болса, қалауыңыз бойынша балаңызға арнап алғы сөз не кіріспесін жазсаңыз болады. Өйткені өзіңіз жазған дүние балаңызға не қызыңызға ерекше әсер етері сөзсіз.

Жалпы кітап екі тілде жарық көреді. Мәселен, бізде қазақ тілінде шыққан кітаптың орыс тіліне аудармасы жасалған жоқ, орысша жазылды. Аарасында үлкен айырмашылық бар. Біз дайындаған шаблон бойынша қазақ тілінде бір автор жазса, орыс тілінде мүлдем басқа автор жазып шықты. Сонымен қоса болшақта кітапты ағылшын тілінде жазу жоспарда бар. Нақтырақ айтсам, жинақтың 1000 данасы сатылғаннан кейін ағылшын тіліндегі нұсқасын да қосатын боламыз.


                                                                                         Жобаға өз қаражатымыз жұмсалды

Командамызда төрт адам бар деп жоғарыда айтып өттім. Осы жобаны жүзеге асыру үшін төтреуміз қаражатты қалтамыздан шығардық. Сонымен бірге ата-анамыздың, достарымыздың көмегі болғанын да атап өткен жөн.

Жалпы бұған дейін Алматы, Қарағанды қалаларында өткен байқауларға қатысып, гранттарға тапсырып көрдік. Инновациялық технологиялардың арасында грантты алу мүмкіндігі болған жоқ. Мәселен, Алматы қаласында өткен байқауға қатысқан кезімізде кітап секторы қаржыландырылмайтынын айтты.

Ал биыл «Бизнестің жол картасы» бойынша грантқа тапсырып, бірінші турдан өттік. Қазіргі таңда жауабын күтіп отырмыз.

Грантты ұтып алсақ, қаражаттың басым бөлігі сайтты жандандыруға жұмсалады. Сонымен қатар белгілі бір бөлігі жаңадан қосылған беттердің иллюстрациясын жасауға кетеді. Сондай-ақ маркетингке белгілі бір сома қарастырылған. Келесі жобаларымыз да осы сайтта көрсетіледі, яғни оларды да сол арқылы сатып алуға болады.

Кітап электронды түрде сатылмайды, тек хард копи түрінде ғана сатып алуға мүмкіндік бар. Біз кітаптың электронды нұсқасын ата-ана баласына қандай кітап сатып алып жатқанын көруі үшін жүктеп қойдық. Кітаптың сапасына өзіміз жауап береміз.

Жалпы қағаз таңдау кезінде біраз қиындықтар болды. Мәселен, қағаздың да мыңдаған түрі бар. Сапасы өте жоғары, қолға ұстаған кезде ерекше екені сезілетін дизайнерлік қағазды таңдап алдық. Қазақстанда сапалы қағаздардың жеткізіліумен де мәселе бар. Соған қарамастан, біз өзіміздің көңілімізден шығатын дизайнды таптық. Кітапты шығарған соң, сапалы болғанын қаладық.

   

                                                            Кітап баланың біліміне, рухани дамуына құйылған инвестиция

Менің ойымша, қазіргі таңда ойыншықтардың да бағасы арзан емес. Мәселен, ұлыңыздың не қызыңыздың туған күніне ойыншық орнына кітап сыйлауға болады. Ойыншықпен салыстырғанда кітаптың баланың ақыл ойының дамуына ықпалы зор. Мен бауырыма ойыншықтың орнына осы ертегі кітапты сыйлағанды қалайтын едім. Өйткені кітап сол балаға арнап жазылған және өзі туралы.

Кейбір адамдарда кітапқа көп ақша жұмсау дағдысы қалыптаспаған болуы мүмкін. Баланы кітап оқуға кішкене күнінен бастап баулыса, сүйіспеншілігін оятып, қызықтырса, ол балада есейгенде кітап оқудан немесе сатып алудан проблема болмайды деп санаймын. Кітап баланың біліміне, рухани дамуына құйылған инвестиция екенін ескеретін болсақ, оның келешекте де кітап оқып, оны өзі сатып алуы үшін дағды қалыптастыруымыз қажет.

 

                                                                           Тапсырыс берушілер саны екі есеге өсті

Қазір бізде 200-ге жуық алдын ала сатып алушы бар. Олардың көпшілігі біздің достарымыз және таныстарымыз. Мен өзімнің әлеуметтік желімде жоба туралы пост жаздым, сол сияқты жобаның басқа да негізін қалаушылар кітап жөнінде ақпарат салды. Алғашқыда 100-ге жуық адам тапсырыс береміз десе, кейін кітаптың хард копиін жасағаннан соң, тағы 100 адам аламыз деп хабарласты. Яғни басылып шыққан кітапты көргеннен кейін тапсырыс берушілер саны бірден екі есеге өсті.

 

                                                     Кітаптан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады

Кітаптың сатылымдағы бағасы – 7 500 теңге. Әрбір сатылған кітаптың екі жарым пайызы балалар қоғамдық қорларына жіберіледі. Оның ішінде біз Аружан Саин басшылық ететін «Дом» балалар қорымен меморандум жасастық. Бұдан бөлек түскен қаражаттың да белгілі бір пайызын да біз қайырымдылыққа жұмсаймыз.

Бұл алғашқы жоба. Кейін осы жобаның негізінде басқа да балаларға арналған кітаптарды дайындауды жалғастыратын боламыз. Қазіргі таңда идеяларымыз бар, ол туралы жүзеге асыратын кезде айтатын боламыз.

 

                                                                                  Жобаны командамен бастаған дұрыс

Алғашқыда жұмысты бастаған тұста соңына дейін жеткізе алам деген сеніміңіз болмаса, командамен бастаған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, бізде командада төрт адам. Кейде бір адам шаршай бастайды, сол сәттерде басқалары оған мотивация беріп, жұмыстың одан әрі жандануына септігін тигізеді. Әрдайым бір-бірін қамшылап, жетелеп отырады.

Балаларға арналған жоба болғаны біз үшін үлкен мотивация. Қазақстанда стартап жобалардың ішінде бір сапалы жобаны алып шығу мақсатымыз. Біздің жоба тек материалдық жақты көздемейді, Әлеуметтік мәселелрді шешу жағынан да иядеяларымыз бар. Сондықтан осындай кішкентай қадамнан бастауды жөн санадық. Егер адамдарға ұнап, көңілінен шығатын болса, бұл бізге жұмысымызды одан әрі дамытуға шабыт берер еді.

Барлық жаңалықтар