• Басты
  • «Меморгандардан ақпарат алу қиын, бюджет қаражаты туралы мәлімет қолжетімсіз». Журналистер назы
12 Қараша, 2020 13:22

«Меморгандардан ақпарат алу қиын, бюджет қаражаты туралы мәлімет қолжетімсіз». Журналистер назы

Бүгінгі ҚР Ақпарат және қоғамдық министрі Аида Балаеваның төрағалығымен министрліктің Facebook парақшасында жергілікті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін талдау қорытындылары, пандемия жағдайында мемлекеттік органдардың журналистерге ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері, сонымен қоса мемлекеттік органдардың азаматтарды «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде бюджет қаражатын жұмсау мәселелерін талқылауға тарту жөнінде қабылдап жатқан шаралары туралы мәселелер талқыға түсті. Жиынға қатысқан БАҚ өкілдері мемлекеттік органдардан ақпарат алу кезінде туындайтын қиындықтар, Орталық коммуникациялар қызметіндегі проблемаларды ортаға салды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

«Меморгандардан ақпарат алу қиын, бюджет қаражаты туралы мәлімет қолжетімсіз». Журналистер назы

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органның бақылауды қалай жүзеге асыруды жоспарлап отырғаны жөнінде айтып берді.

«Ұлттық сенім кеңесінің соңғы отырысында да аұпаратқа қолжетімділік туралы мәселе көтерілді. Сондай-ақ, ақпарат құралдары өкілдерінен мәслихат пен әкімдік жиындарындағы ақпаратқа қолжетімсіздік туралы бірнеше рет сұрау келіп түсті», - деді Аида Балаева.

Бұған дейін ақпарат туралы заң жобасына сәйкес Қазақстанда ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органды анықтау, сондай-ақ оның құзыретін анықтау ұсынылған. Оның айтуынша, кеше Мәжіліс ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға енгізілген түзетулерді талқылады. Егер түзетулер мақұлданса, онда Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің атынан өкілетті орган пайда болмақ. Оның функциялары заңның барлық тармақтарының орындалуын бақылауды қамтасыз ететін болады. Министрдің сөзінше, ақпаратқа қолжетімділік туралы барлық мемлекеттік органдар ашық заңнамалық актілер, бюджеттердің ашық болуы, тұрғындардың кері байланысын талқылайтын болады.

Сонымен қоса жиынға қатысқан Informburo.kz агенттігінің бас редакторы Михаил Дорофеев расымен де ақпаратқа қолжеткізу мәселесі өте өзекті әрі актуалды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама өз деңгейінде жұмыс істемейді, сонымен қоса күн өткен сайын ақпаратқа қол жеткізу қиындап бара жатыр. Ал коронавирус мұның рас екенін дәлелдеп берді. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында мемлекеттік органдардың ақпараттарды таратуда ашықтығы азаматтық қоғаммен конструктивті диалог құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Осы орайда, ел президенті ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды ағымдағы парламенттік сессиялар аяқталғанға дейін қабылдауға тапсырма берді. Қазіргі таңда бірқатар түзету енгізіліп жатыр, мәселен кеше бірінші оқылымда түзетулер қабылданды», - деді бас редактор.

Десек те, оның пікірінше, бұл заң ақпаратқа қолжетіміділіктің аясын қатардағы азаматтар үшін де, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін де, сонымен қоса үкіметтік емес ұйымдар үшін де кеңейтпейді. Өйткені түзету енгізу кезінде ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған, сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген өзгерістер қабылданбай қалды.

Сондықтан Михаил Дорофеев мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпараттың ашықтығы презумпциясы заңды түрде бекітілуі тиіс екенін, алайда қазір жағдай керісінше екендігін алға тартты. Мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпарат бәріне қолжетімді болуы керек. Қызметінің кей тұстарын ғана жарияламауға болады.

«Біз қазір нені көріп отырмыз, мәселен, денсаулық министрлігінің коронавируспен күреске бөлген қаржысының жалпы сомасын ға білеміз. Алайда бұл қаражаттың қайда жұмсалғанын, қалай жұмсалғаны жөнінде министрлік ешқандай ақпарат берген жоқ. Олар бұған қатысты ақпаратты тек қызмет бабында ғана пайдалану үшін гриф қойып, соны алға тартты. Бұл қазір көп қолданылып жүрген әдістердің бірі. Заңда да көрсетілген, яғни кез келген ведомства басшысы кез келген ақпаратқа қызмет бабын пайдалану дегенді тіркесе, бұл туралы ақпаратқа қолжетімсіз болып қалады. Мұндай мысалдар өте көп», - деді ол.

Бұдан бөлек агенттіктің бас редакторы бюджет қаражатына байланысты барлық ақпарат ашық болуы тиіс, өйткені бұл салық төлеушілердің қаржысы, сондықтан да оның қалай, қайда жұмсалып жатқаны жөнінен әр азамат, сонымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері хабардар болуы керегін баса айтты. Сонымен қоса ол мемлекеттік органдар отырыстарының ашықтығын реттеу керек, бұл туралы қазіргі қолданыстағы заңнамада да айтылғанын атап өтті.

«Әсіресе, қазіргі таңда барлық шаралар онлайн өтіп жатқан тұста, бұл өте маңызды. Мәселен, мәслихаттардың отырысына ақпарат құралдары өкілдеріне рұқсат берілмейді. Сондай-ақ, олардың өздерінің баспасөз қызметі жоқ, оның қызметін әкімшілік көрсетіп отыр. Әкімшілік пен мәслихат екеуі биліктің екі бөлек тармақтары. Сонымен қоса сайттағы ақпараттар толық емес, сонымен қоса уақытылы жаңартылмайды», - деді Михаил Дорофеев.

Бұдан бөлек жиынға қатысқан журналист Серікжан Мәулетбай қазіргі таңда шенеуніктермен тікелей байланысу қиындай түскенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұған дейін түрлі баспасөз мәжілісі, не болмаса іс-шараларадан кейін журналистер шенеуніктерге барып, өз сауалдарын қоя алатын еді, ал қазір барлық жиын онлайн өтіп жатқандықтан, шенеуніктермен тікелей байланысу мүмкін емес.

«Мысалы, Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәжілісінде микрофондарды өшіріп тастайды, сонымен бірге сұрақтың санына да шектеу бар. Бұдан басқа баспасөз мәжілісінің өту уақытын да шектеуді, мысалы, бір сағат беріледі, осы уақыт ішінде сауалыңды қойып үлгерсең, қоясың, үлгермесең, мүмкіндік жоқ», - деді журналист.

Оның пайымынша, шенеуніктер тарапынан берілетін жауаптар жөнінде айту артық, өйткені көпшілік жағдайда жауаптары сапасыз, толық емес.

«Біз көбінесе анонс жариялаған кезден бастап сұрақтарымызды жолдаймыз, ол не бірнеше сағат, не бірнеше күн болуы мүмкін. Бірақ бұл уақыт та спикерлерге дайындалуға жеткіліксіз. Мысалы, қазіргі кезде біздің оқырмандарымыз денсаулық сақтау министрін тыңдағысы келеді. Алайда олар айына бір-ақ рет шығады, ал басқа жағдайда бұдан да сирек», - деді ол.

Сонымен қатар Серікжан мәулетбай мемлекеттік органдардан бюджетке қатысты сауалдарға жауап алу қиын екенін баса айтты. Оның айтуынша, көп жағдайда жауаптан айналып өтуге тырысады, не болмаса жазбаша түрде хат жолдауды сұрайды.

«Ал жауап берулері өте сирек. Мәселен, денсаулық министрлігі коронавирусқа бөлінген ақшаны жұмсалуы жөніндегі ақпаратты қызмет бабында пайдаланады дегенді алға тартып, жасырды. Сонымен бірге соттармен де байланысу қиындады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар жіберліген сауалдарға дұрыс жауап бермейді, көбінесе ішінде іліп алар ештеңе жоқ. Ал жауап беру ұзақтығы екі аптаны қажет етеді, кейде тіпті 15 күннен де асып кетеді», - деді журналист.

Сонымен қоса оның айтуынша, кейбір министрліктің баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің egov арқылы сауал жолдай алатынынан бейхабар.

«Мәселен, жақында бір министрліктің баспасөз қызметінде бұл туралы білмейтіндерін айтты. Сондай-ақ олар 7 күн ішінде жауап беру керегінен де хабарсыз. Жақында Алматы қалалық құрылыс басқармасымен осындай жағдай болды, мен оларға Фэйсбук әлеуметтік желісінде жазбайынша, олар маған жауап берген жоқ», - деді ол.

Бұдан бөлек журналист Аида Балаевадан жоғарыда аталған мәселерді реттеуді сұрады. Сонымен қоса заңды түрде мәслихатта баспасөз қызметінің жұмысын жолға қойылса немесе БАҚ өкілдерімен жұмыс істейтін бөлім құрылса деген ұсынысын да жасырмады.

Осы орайда журналистерді тыңдап болған соң министр де веб-сайттары неліктен жаңартылмайтыны, сонымен қатар қойылған не жіберілген сауалдарға жауапты тек формальды түрде жіберетіні жөнінде хабары бар екенін жеткізді. Осы орайда Аида Балаева жоғарыда айтып өткен уәкілетті органның функциялары тиісінше барлық мемлекеттік органдардың жұмысын талдауды бақылауды жүзеге асыратынын баса айтып өтті. Оның айтуынша, бұл мемлекеттік органдарды заңның барлық талаптарын орындауға міндеттейді.

Сонымен қатар оның мәліметіне сүйенсек, әр мемлекеттік органда осы бағыт үшін жауап беретін өкілетті адам немесе бөлім болады. Барлық мәселелер дерлік реттеліп, ережелер нақты сипатталуы керек. Сонымен қоса, әкімдіктер мен мәслихаттар мәжілістерінің барлық онлайн байланыстары үшін нақты ережелерді реттелмек.

Барлық жаңалықтар
66.249.70.88, 192.168.88.100