• Басты
  • Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жай-күйі қалай

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жай-күйі қалай

27 Шілде, 2021 16:15

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік соңғы жылдары Қазақстанда кең таралып, өз тиімділігін дәлелдеп келе жатқан маңызды үрдіс. Мемлекеттің елдегі азаматтарға, қоғамға тиімді түрлі жобаларды, әлеуметтік маңызды нысандарды іске қосуға әрдайым ресурстық мүмкіндігі бола бермейді. Бұл ретте, қолында тиісті қаражаты бар, елдің жағдайына, қоғамдағы өзекті мәселелерге немқұрайлы қарамайтын іскер, қалталы азаматтар мен заңды тұлғалардың әлеуетін пайдалана отырып, оларды елге де, өзіне де пайда әкелетін осындай жобаларға тарту арқылы мақсатқа қол жеткізу өзін өзі ақтап келе жатқан үрдіс. Бұл әріптестік көбінесе орташа немесе ұзақ мерзімді қамтиды және тараптар екі жақтың ресурсын да пайдалана отырып, өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Мұны қоғамда бір сөзбен мемлекеттік-жекешелік әріптестік деп атайды. Бүгінгі мақаламызда осы тақырып аясында сөз қозғайтын боламыз.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік соңғы жылдары Қазақстанда кең таралып, өз тиімділігін дәлелдеп келе жатқан маңызды үрдіс. Мемлекеттің елдегі азаматтарға, қоғамға тиімді түрлі жобаларды, әлеуметтік маңызды нысандарды іске қосуға әрдайым ресурстық мүмкіндігі бола бермейді. Бұл ретте, қолында тиісті қаражаты бар, елдің жағдайына, қоғамдағы өзекті мәселелерге немқұрайлы қарамайтын іскер, қалталы азаматтар мен заңды тұлғалардың әлеуетін пайдалана отырып, оларды елге де, өзіне де пайда әкелетін осындай жобаларға тарту арқылы мақсатқа қол жеткізу өзін өзі ақтап келе жатқан үрдіс. Бұл әріптестік көбінесе орташа немесе ұзақ мерзімді қамтиды және тараптар екі жақтың ресурсын да пайдалана отырып, өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Мұны қоғамда бір сөзбен мемлекеттік-жекешелік әріптестік деп атайды. Бүгінгі мақаламызда осы тақырып аясында сөз қозғайтын боламыз.

Мемлекеттік-жекешелік серіктестік институты алғаш рет бүгінгі мағынасында Еуропада, атап айтқанда Ұлыбританияда 1980 жылдардан бастап дами бастады. Ұлыбритания үкіметі мұның пайдалы тұстарын алғаш болып бағамдаған болатын. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясындағы алғашқы жоба Лондон аймақтарын қалпына келтіру, жаңғырту жобасы болатын.

Бұл жоба сәтті аяқталған соң әлеуетті инвесторларға әр түрлі жобалар ұсынатын «Жеке қаржы бастамасы» бағдарламасы құрылды. Ұлыбританияда осы бастама сәтті іске асырылған соң Еуропаның өзге де мемлекеттерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары, оны іске асыру институттары жұмыс істей бастады. Париждегі әйгілі Диснейленд, Ла Манштың астынан жүргізілген су асты мегажолы, түрлі ірі автобандар мен әлеуметтік нысандар осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл үрдіс 2000 жылдарда біздің еліміз Қазақстанға да келе бастады.

Азаматтық қоғамның дамуын көрсететін маңызды фактордың бірі – мемлекеттегі маңызды өзгерістердің іске асуына қоғамдық ұйымдардың, белсенді азаматтардың атсалысуы деуге болады. Бұл ретте, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда коммерциялық емес ұйымдардың саны да, сапасы да қарқынды өсті. Бірнеше рет жүйелі түрде Азаматтық форум өтті. Оcы форумда ұсынылған және жүзеге асқан жобалардың бірі «Асар» үшжақты диалог алаңы деуге боланы. Оның негізгі идеясы мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру мақсатында өзара тиімді қарым-қатынасын қалыптастыруға негізделген. Жақсы идея, өзекті ұсыныстар коммерциялық емес ұйым өкілдері тарапынан ұсынылса, оны әкімшілік қолдау жағы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Ал аталған идеяны жүзеге асыруға қажетті қаражат бизнес тарапынан ұсынылады.

Айта кету керек, қазіргі таңда қаражаты бар және қандай мақсатта жұмсап, қалай пайда табуды ойластырып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Осы ретте, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің бір тиімді тұсы осы қаржы көзін мемлекеттегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағыттауда жатыр. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі осы және аталған әдіс арқылы кәсіпкерге пайда табу мүмкіндігі де қоса қарастырылады.

2015 жылғы 31 қазанда қабылданған «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының № 379-V Заңында жекеше әріптес ретінде Заңға сәйкес мемлекеттік әріптестер ретінде әрекет ететін тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға танылған.

Елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларды жүзеге асыру негізінен осы жоғарыда аталған заңға және Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 бұйрығына, сондай-ақ жоғарыда аталған заң аясында қабылданған өзге де нормативтік-құқықтық актілерге негізделеді. Аталған заңнамаларда бизнес пен мүдделі мемлекеттік құрылымдардың арасындағы құқықтық қатынастар, міндеттемелердің қалай рәсімделетіні, тараптар арасындағы құқықтар мен міндеттер, әріптестік жобасын жоспарлаудың тәртібі, оны қаржыландыру қағидалары, конкурстық құжаттар тізімі, оларды бекіту, жобаға сараптама жасау, уәкілетті органның құзыреті сияқты мәселелер айқын жазылған.

Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асқан жобалардың басым көпшілігі әлеуметтік салаларды, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сияқты салаларды қамтиды. «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Талғат Матаев өткен жылы жарияланған сұхбатында былай деген болатын:

МЖӘ білім беру саласында белсенді дамып келеді. Мәселен, 01.06.2020 жылы жасалған 786 МЖӘ шартының 56 пайызы немесе 437 бірлігі осы салаға тиесілі. Шамамен 115 млрд теңге соманың шарттары жасалды.

Ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда өткен жылдардың ұқсас кезеңімен салыстырғанда білім беру саласы МЖӘ жобаларының саны жағынан да көшбасшы болып қала берді. Білім беру саласындағы МЖӘ жобаларының жартысынан астамы-мектепке дейінгі ұйымдар. Бүгінгі таңда 70 млрд теңге сомасында 240 МЖӘ шарты жасалды.

Осы жобалардың шеңберінде жаңа құрылыс, ғимараттарды мектепке дейінгі мекемелерге қайта жаңарту жүзеге асырылды, оларды қалпына келтіру, жаңғырту және пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілді. МЖӘ сенімгерлік басқаруға беру, жалға беру және т. б. форматында жүзеге асырылды. 

Шынында да мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары ең көп іске асырылып жатқан өңірлердің бірі елорда екенін де айта кеткен жөн. Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің өзге аймақтарынан адамдардың тартылыс нүктесі болғандықтан бас қаламыздағы халықтың саны да үлкен қарқынмен артып келеді. Ішкі миграцияның есебінен қала халқының саны соңғы жиырма бес жылда бес еседен аса көбейді. Бұл қосымша инфрақұрылым көлемін ұлғайтуды, әлеуметтік нысандар ішінен мектеп, балабақша, емхана мен ауруханалардың санын көбейтуді талап етуде. Бұл қажеттіліктердің бәрін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтеу мемлекетке артық салмақ салатыны белгілі. Осы ретте, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында білім беру мекемелерін, балабақша, денсаулық сақтау нысандарын салу ісі жолға қойылды. Қазіргі таңда құрылысы басталып, іске қосылып жатқан осындай нысандардың жартысына жуығына мемлекеттік-жекешелік әріптестік тән екенін айта кеткен жөн.

Жалпы, мемлекеттің бірқатар функцияларын бәсекелес ортаға беру саясаты Қазақстанда бірнеше жыл бұрын қолға алынған болатын. Бұл әлемдік тәжірибеде бар және өзін өзі ақтаған үрдістің бірі деуге болады. Елімізде орталық және жергілікті мемлекеттік құрылымдар үлкен әкімшілік басқару, атқару ресурсына иелік етеді. Мұны белгілі бір шарттар аясында жауапкершілік пен міндеттер шегін нақты айқындай отырып, біртіндеп бизнеске, азаматтық қоғам институттарына өткізу қажет. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары да осыған жатады. Бұрын бір мектепті салудың өзіне құрылыстың басынан соңына дейін бар міндет мемлекеттің құзырына берілетін болса, бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында мемлекет тек бақылаушы рөліне ие әрі келісімшартта көрсетілген кейбір міндеттемелерге (мысалы жер учаскелерін беру, лицензиялау, мемлекеттік меншік объектілерін пайдалану құқығын беру, нысанға инженерлік және көлік коммуникацияларын тарту және т.б.) ғана жауапты саналады. Қалғанына толықтай жеке меншік сектордан тартылған әріптес жауап береді.

Мемлекет өз тарапынан тиісті жобаны қаржыландыруға қатысуы мүмкін немесе елдегі заңнамалар аясында заттай гранттар бере алады. Кейде жеке сектордан тартылған әріптестің қалауымен ортақ жоба аясында өндірілген өнімнің бір бөлігін сатып алу немесе тұтынуға кепілдік беруі мүмкін. Мұның бәрі ортақ келісімшарттың ішінде айқын жазылуы тиіс.

Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік заңнамасына сәйкес жеке сектордан тартылатын әріптес конкурс арқылы немесе жеке келіссөздер арқылы айқындалады. 2021 жылғы 2 қаңтарда осы саладағы негізгі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес аукцион арқылы да серіктесті айқындайтын принцип пайда болды. Сондай-ақ, жобаны іске асыру мерзімі де өзгертілді. Бұрын аталған мерзім үш жылдан отыз жылға дейінгі аралықты қамтитын болса, бүгінде бес жылдан отыз жылға дейінгі аралыққа созылуы мүмкін. Яғни, орындаудың ең төменгі мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды.

Биыл жыл басында Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес таңдалған жобаның өз мерзімінде атқарылу кепілдігін күшейту мақсатында әлеуетті әріптестің жеке шотында тиісті жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат сомасының кем дегенде жиырма пайызы болуы қажеттігі жөнінде талап қойылды. Бұдан бөлек әлеуетті әріптестің заңмен тыйым салынған ұйымдарға қатысы жоқтығы және мемлекетік сатып алуларға қатысты қызметі уақытша шектелген ұйымдардың санатынан болмауына ерекше мән беріледі.

Сөз соңында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыруға болмайтын салалар да бар екенін айта кеткен жөн. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қарашадағы № 710 қаулысына сәйкес:

- жер, су (мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын iске асыру мақсатында уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығын берудi қоспағанда), өсiмдiктер әлемi және жануарлар дүниесi;

- ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;

- Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында бекітілген қару-жарақ, әскери техника және арнайы құралдар;

- магистральды темiржол желiсі, кеме қатынасы су жолдары, шамшырақтар, кеме қатынасы қауiпсiздiгiн реттейтiн және оған кепiлдiк беретiн құрылғылар мен навигациялық белгiлер, теңіз терминалдары;

- бірқатар қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын (су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, тазартқыш су құбыры құрылыстары) қоспағанда, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (бөгеттер, гидротораптар, басқа да гидротехникалық құрылыстар);

- қан қызметі, АИТВ/ЖИТС профилактикасы (медициналық техника сатып алу және оған сервистік қызмет көрсетуді қоспағанда), апаттар медицинасын ұйымдастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;

- тарихи-мәдени мұра объектілері мен мәдени құндылықтар;

- аса қауiптi инфекциялар қоздырғыштары мен өнеркәсiптiк микроорганизмдер коллекциясы және депозитарийлерi мемлекеттік-жекешелік әріптестік әріптестік аясында іске асыруға тыйым салынатын салалар болып бекітілді.

Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын кеңейтудің үлкен болашағы бар. Ол үшін қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру және серіктеске мемлекет тарапынан ұсынылатын кепілдендірілген жобалардың тізілімін ұлғайтқан жөн. Әлемдік деңгейде іске қосылған мегажобалардың тәжірибесін ескере отырып, мемлекетке қажетті маңызды жобаларға да жеке меншік сектордың әлеуетін барынша тартуды ойластыру қажет. Осы қадамдардың арқасында мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің дамуын келесі сатыға көтеруге болады.

Барлық жаңалықтар