• Басты
  • Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы автоматтандырылды - министр
12 Маусым, 2020 17:08

Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы автоматтандырылды - министр

Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы автоматтандырылды. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев министрліктің 2019 жылы жүргізген жұмыстарының нәтижелері жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде айтты, деп хабарлады Stategy2050.kz тілшісі.

Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы автоматтандырылды - министр

Министр Экономикалық тергеу қызметінің штаты 2019 жылы 40%-ға, яғни 2110-нан 1266-ға дейін қысқарғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жалақыны арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік берді.

"Штатты қысқарту жағдайында маңызды экономикалық қылмыстарды анықтау жағына баса назар аударылды. Осылайша, 26 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Іс жүзінде еліміздің барлық өңірлері ойын мекемелерінен тазартылды, мұны қоғам оң қабылдады. Тәуелсіз мемлекеттер достастығында алғаш рет салмағы 1,1 тоннадан астам ірі героин есірткі трафигі жойылды. «Қара» нарықта оның құны шамамен 350 млн долларды құрайды. Бүгінгі таңда ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру көлемі 18 пайыға дейін қысқарды", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, министрлік салықтық-кедендік бағытта, мемлекеттік мүлік, сондай-ақ бухгалтерлік есеп және аудит саласында 50 мемлекеттік қызмет көрсетеді.

"42 немесе 84% мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Осылайша, Мемлекет басшысының 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ын автоматтандыру жөніндегі тапсырмасы орындалды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 23 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде электрондық түрде – 21 млн. астам немесе 91,8%, қағаз түрінде – 2 млн шамасында немесе 8,2%. Биылғы жылы электрондық форматқа тағы 5 мемлекеттік қызмет көшіріледі немесе оның үлесі 94%-ға дейін жеткізілетін болады", - деді министр.


Министрдің сөзінше, Қаржы министрлігінде 35 ақпараттық жүйе, оның ішінде интернет ресурстары да бар.

"Әралуандығы, интеграцияның болмауы, сондай-ақ моральдық ескірген жүйелерді ауыстыру мәселелерін шешу бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Осылайша «АСТАНА-1» және «Е-терезе» кедендік әкімшілендіру саласында іске асырылатын жобаларды  5 ақпараттық жүйе алмастырады. Бұл екі жүйе ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді", - деді ол.

Бұдан бөлек министр 2019 жылдан бастап мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінің жаңғыртылған функционалы пайдалануға берілгенін атап өтті.

"Биылғы жылы мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі арқылы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті жоспарлау кезінде қағаздағы құжат айналымы алынып тасталды. Оған 1 125 мемлекеттік мекеме және 4 мың пайдаланушы қосылды. Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін дамыту шеңберінде (2021-2022 жылдарға) мемлекеттік органдардың мынадай жүйелерімен: «Е-қызмет», жобалау сметалық құжаттама қорытындыларының деректер базасымен; зейнетақы мен жәрдемақы төлеу бойынша Еңбек министрлігінің жүйелерімен; тауарларға нақты орташа баға алу жөніндегі электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесімен, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерімен интеграцияны жүзеге асыру жоспарлануда", -деді министр.

Бұл жүйеде оның айтуынша, бюджеттік өтінімдердің нақты негізділігі бойынша форматтық-логикалық бақылауды жолға қоюға, ал беру кезінде тиімсіздерін қабылдамауға мүмкіндік бермек.

"Осылайша, бюджеттік өтінімдердің сараптамасы артады. Республикалық бюджетті қалыптастырудың ашықтығы мақсатында «Ашық бюджеттер» порталымен интеграциялау және бюджет жобаларын азаматтық қоғаммен келісу бойынша тетік іске асырылуда.  Есеп комитеті мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде бюджет жобасына талдау жүргізіп, ол бойынша қорытынды бере алады. Жобаны іске асыру бюджетті жоспарлауға байланысты уақытша және үстеме шығыстарды оңтайландыруға, сондай-ақ бюджеттің транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қоса министр салықтық әкімшілендіру үшін әртүрлі мемлекеттік органдардың деректер базасында пайдаланылатын мәліметтердің дәлдігі маңызды екенін атап өтті. 

"Мемлекеттік органдардың деректер базасын тазалау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, бұл салықтарды қате есептеу проблемасын алып тастады. Мемлекеттік органдармен бірлесіп 25 млн. астам мәлімет өңделді және 3,6 млн. астам қате мәліметтер өзектендірілді. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлік бойынша 2,6 млн. қате мәлімет өзектендірілді. Көлік құралдары бойынша – 943 мың, жер учаскелері бойынша – 116 мың мәлімет", - деді министр.


Бұдан басқа оның сөзіне сүйенсек, азаматтарға алдағы салық сомасын төлеу мерзіміне дейін білуге және дайын деректемелер бойынша төлеуге мүмкіндік беретін алдағы төлемдер сервисі іске қосылған.

"Салықтарды төлеуді жеңілдету үшін біз екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшаларымен интеграцияландық.Мысалы, Каспий банкпен интеграция нәтижесінде клиенттерге салықтар бойынша 1,2 млн. хабарлама жіберілген. Бұл 2018 жылдың деңгейімен салыстырғанда халықтың салықтық төлемдерінің көлемін 2019 жылы  2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді Осындай сервис Халық банкімен де іске қосылды. Интеграция басқа банктермен де жүзеге асырылады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ министр осы жылдан бастап «Е-Salyq – Azamat» мобильді қосымшасы (Салық әмияны) іске қосылғанын тілге тиек етті.

"Ол көптеген деректемелерді толтырмай салықтарды төлеуге, қате төлемдерді болдырмауға, онлайн толықтыруды жүргізуге, 2 минут ішінде салықтарды автоматты есепке алуға және автоматты түрде төлеуге мүмкіндік береді.Салық әмиянын енгізу салықтарды қолма-қол ақшасыз төлеу деңгейін арттыруға (2020 жылы кемінде 90%) және мүлік салығы мен жер салығы бойынша түсімдердің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді министр.

Бұдан бөлек министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлерді міндетті түрде онлайн бақылау кассалық машинаны қолдануға жаппай көшіру қамтамасыз етілген.

"Бұған дейін ол кезең-кезеңмен болған. Қазір онлайн бақылау кассалық машина саны 710 мың немесе елдегі бақылау кассалық машинаның жалпы санының 97,5% құрайды. Қалған 2,5% немесе 18 мыңы бақылау кассалық машинаны деректерді беру функциясынсыз қолданады, өйткені өз қызметін жалпы пайдаланылатын телекоммуникация желісі жоқ жерлерде жүзеге асырады. Бақылау кассалық машинаны қолдануды ынталандыру бақылау кассалық машинаның құнынан жеке табыс салығын 50%-ға азайту және 2019 жылы берілетін чектер бойынша лотерея жүргізу арқылы жүргізілді. Онлайн бақылау кассалық машинаны есепке қою/алу қызметі автоматтандырылды, ал фискалдық деректер операторының функциялары бәсекелестік ортаға берілді", - деді Ерұлан Жамаубаев.


Сонымен қоса ол экспорт және импорт бойынша барлық операцияларға қолжеткізудің бірыңғай нүктесі ретінде «Бір терезе» ақпараттық жүйесі енгізілгенін айтып өтті. 

"Бұл портал кеден операцияларын жасау кезінде ақпарат алу үшін 13-тен астам ақпараттық ресурстарды біріктірді. Қосымша 11 ақпараттық жүйемен интеграциялау көзделген. «Бір терезе» электронды түрде барлық қажетті рұқсат құжаттарын және тауарларды әкелу-әкету үшін қажетті алдын-ала ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың арқасында аталған қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды, кеден және басқа да мемлекеттік органдардың әрекетінің ашықтығы артты", - деді Ерұлан Жамаубаев.
Барлық жаңалықтар