• Басты
  • Мемлекеттік хатшы: Елімізде қайырымдылық рейтингісі жасалып, волонтерлер ынталандырылуы қажет

Мемлекеттік хатшы: Елімізде қайырымдылық рейтингісі жасалып, волонтерлер ынталандырылуы қажет

27 Қараша, 2020 13:45

Бүгін «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» атты IX Азаматтық форумның жалпы отырысы өтті. Шарада мемлекеттік хатшы елдегі қайырымдылық, ауыл әкімдерін сайлау идеясы, азаматтық қоғам туралы бастамалар туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Көшербаевтың айтуынша, мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға атсалысады. Ол Қазақстан азаматтарының қауымдастықтарға біріге алуын конституцялық құқық ретінде қаралатынын айтты.

Біз қазірден бастап заңнамамызды өзгертіп, қоғамдық кеңестердің, азаматтық қоғамдық бақылаудың, еріктілердің қызметін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобаларын қарастыруды бастаймыз. Мемлекеттік органдардың есептілігі, бақыланылатындығы және ашықтығы тетіктерін жетілдіретін боламыз. Бұл мемлекеттік саясаттың векторы, Қазақстанның жаңғыруының іргетасы саналады, - деді Қырымбек Көшербаев.

Мемлекеттік хатшының пікірінше, сәтті мемлекет құрудың басты тетігі – азаматтардың сенім, қатысуы және ынтымақтастық. Бұл азаматтардың сайлаушы және салық төлеуші болуымен реттеледі. Сәтті мемлекет құруға қатысатын азамат жергілікті және өзін өзі басқару ісіне немқұрайлы қарамайды, саси партияға мүше болады. Сонымен қатар ол адамдар жергілікті бюджеттің қалай қалыптасатындығын, олардың орындалуын сайланған әкімнен қалай талап ету керектігін, әкімдердің қалай сайланатындығын, даму бағдарламаларының орындалу барысын бақылауды түсіну маңыздылығына да тоқталды.

Әрбір тұрғын жергілікті биліктен дұрыс жер саясатын, жұмыс берушіден таза жалақыны, медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорына төлемдерді талап етуі қажет. Өз ауылының, ауданының, қаласының өмірін жақсарту жайында ойланып, соған сай әрекет жасауы керек, - деді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ, Көшербаев сәтті мемлекет құруға немқұрайлы қарамайтын азаматтардың қандай да бір кәсіподаққа кіретінін, қайырымдылық шараларға қатысып, волонтер да болатынын айта кетті.

Көшербаев елімізге қайырымдылық, волонтер және меценаттың ұлттық рейтингін әзірлеу қажет және еріктілерді ынталандыру керек деп есептейді. Қазақстан әлемдік рейтингілерде қайырымдылық бойынша аутсайдерлердің қатарында тұр. Сондықтан қайырымдылық, волонтерлік және меценаттықтың ұлттық рейтингі қажет. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарын жұмысқа алу кезінде оның волонтерлік тәжірибесі ескерілу керек. Волонтер болып жұмыс істеген уақыты кәсіби еңбек өтіліне балануы тиіс.

Волонтерлік билік пен қоғамның барлық деңгейінде ынталандырылатын табиғи қайырымды ұмтылысқа айналысу тиіс. Біз қазақстандықтардың өте елгезек әрі әлеуметтік жауапты азаматтар екенін білеміз. Азаматтарымыз су тасқынынан, өзге де ауыртпалықтар мен техногендік апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету өтініштерге бір адамдай ден қойып, қол ұшын бергендерін көрдік. Қайырымдылық шараларының саны жылдан жылға артып келе жатқанын байқап отырмыз. Оның ішінде ауылдық жерлер де бар. Елімізде даңғойлықсыз әрі пиарсыз мемлекет пен қоғамға ірі жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін бизнесмен-мецанаттардың жаңа санатының пайда болғанын көреміз. Мыңдаған отандасымызға көмектесіп, оларға қиындықты еңсеруге көмектесіп жүр, - еді Қырымбек Көшербаев.

Рейтинг әзірлеуде Қазақстанның Азаматтық альянсы «Атамекен» ҰКП-мен бірге қайырымдылық пен меценаттық саласында жыл сайын ұлттық баяндама жариялауға бастамашылық жасау керек. Мемлекеттік хатшы сонымен қатар меценаттық және қайырымдылық туралы заң қабылдау маңыздылығын да атап өтті.

Барлық жаңалықтар