• Басты
  • Мемлекеттік емес ұйым саналатын мекемелерге ресми сайтта ақпаратты ашық жариялау міндеттеледі

Мемлекеттік емес ұйым саналатын мекемелерге ресми сайтта ақпаратты ашық жариялау міндеттеледі

28 Қаңтар, 2021 18:20

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Отырыста ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманың новеллалары, сондай-ақ жергілікті өкілді органдар қызметінің ашықтығы мәселесі жан-жақты талқыланды. Онлайн форматта өткен жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылары, өзге министрліктер өкілдері, журналистер қатысты.

 Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов баяндамасында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган саналатынын айтты. Сонымен қатар әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі лауазымды тұлға немесе арнайы бөлімше болатынын хабарлады

«Осы жылдан бастап Үкімет алғаш рет Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп енгізетін болады. 2020 жылғы 30 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілерге ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң айтарлықтай өзгерістер енгізді. Біздің міндетіміз осы заңның жүзеге асуын қамтамасыз ету», - деді ол.

Спикер негізгі новеллаларға тоқталды. Оның түсіндіруінше, біріншіден, министрлік ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жалпы басшылықты, мониторингті, ведомствоаралық үйлестіруді және әдіснамалық қолдауды жүзеге асырады.

«Бұл ретте мемлекеттік органдардың ашық деректердің бірыңғай тізбесіне ерекше назар аударғым келеді. Бүгінгі күні бірыңғай тізбе әзірленіп, ашық нормативтік құқықтық актілер порталында орналастырылды. Қазіргі таңда мүдделі органдармен және лауазымды тұлғалармен келіссөздер жүргізу рәсімінде», - деді ол.

Екіншіден, биыл мемлекет басшысына Үкімет алғаш рет Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп енгізілетінін де спикер мәлімдеді.

«Естеріңізге сала кетейін, мұндай есепті ұлттық баяндама дейміз. Есеп жобасын біз бірінші сәуірге дейін әзірлеп, Үкіметке жіберуіміз керек. Ал Үкімет бірінші маусымға дейін Президентке ұсынады. Өз кезегінде министрлік есеп құрылымының жобасын әзірледі. Комиссия мүшелеріне жобаға қатыстыұсынастарды беруді сұраймыз. Үшіншіден, әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселесі бойынша уәкілетті тұлға немесе бөлімше айқындалатын болады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі «Стамбул» жобасы шеңберінде берілген ұсынымдарының бірі болатын. Қазіргі таңда уәкілдің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, жақын арада мемлекеттік органдарға жіберіледі», - деді вице-министр.

Төртіншіден, ақпарат иеленушілердің тізбесі кеңейтілді. Тілеповтың айтуынша, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның орталық және жергілікті атқарушы органдардың функционалдарын орындаушылар сияқты ақпарат иеленушілердің жаңа санаты пайда болды.

«Әкімшілік рәсімдер туралы заңға сәйкес, оларға кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктері, өзін-өзі реттейтін үкіметтік ұйымдар жатады.
Бесіншеден, заңнамалық өзгерістер ақпарат иеленушілердің ресми сайттарына да әсер етті. Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңға ақпарат иеленушінің сайтта орналасқан ақпарат тізбесі ұсынылған. Яғни мемлекеттік органдар үшін жеке тізбе квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін жеке сектор тізбегі және т.б. Мемлекеттік органдардың интернет ресурстарда орналастыратын ақпарат тізбегі кеңейтілді. Мысалы, жүргізілген әлеуметтік, аналитикалық сараптамалар және басқа да зерттеулердің нәтижелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат, нормативтік құқықтық актілер жобаларының жария-талқылау мерзімдері туралы ақпарат – бәрі осы интернет ресурстарда жарияланады», - деді ол онлайн талқылауда.

Алтыншыдан, квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерге қатысты талаптар кеңейтілді.

«Енді олар мемлекеттік органдармен сияқты ашық деректерді өз алаңдарында жариялайтын болады. Сонымен қатар ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға жаңа түсініктер енгізіліп отыр. Мысалы, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қоғамдық мүдделер, ашық диалог порталына, блог платформаға түсінік берілді. Блог платформаны мемлекеттік емес ұйым басшылары да жүргізуі тиіс. Бүгінгі таңда 150-ге жуық квазимемлекеттік сектор ұйымдары «басшының блогы» платформасын ашып, жүргізуді бастап кетті. Мысалы, «Бәйтерек» холдингі, КазАгро, ҚазАвтоЖол, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және т.б.», - деді спикер.

Сөз соңында Болат Тілепов министрлік ақпараттардың ашық жариялануын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізуді жалғастырып жатқанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, ақпаратқа қол жеткізу – мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен әркімнің еркін алу және тарату құқығы. Ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жібергенге дейін заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын оларға түсіндірме жазбаларымен және салыстырма кестелерімен бірге жария талқылау үшін орналастырады. Жария талқылау нәтижелері бойынша есептер де ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырылады.      Ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Отырысқа қатысқан мемлекеттік орган өкілдері мен журналистер ақпаратқа қол жеткізу Заңына қатысты сұрақтарын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдеріне жолдап, кейбір мәселелерді талқыға салды.

Барлық жаңалықтар