• Басты
  • Мемлекеттік бюджеттің есебі: 2020 жылғы кіріс, игерілмеген қаржы мен 2021 жылғы міндеттемелер

Мемлекеттік бюджеттің есебі: 2020 жылғы кіріс, игерілмеген қаржы мен 2021 жылғы міндеттемелер

19 Ақпан, 2021 12:54

Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде 2020 жылдың мемлекеттік бюджеттің игерілуі қорытындыланды. Алқаға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Әлихан Смаилов пен ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қатысты.Алқа мәжілісінде айтылған маңызды ақпаратты Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Мемлекеттік бюджетке түскен кіріс

Қаржы министрінің дерегінше, өткен жылы мемлекеттік бюджетке 9 трлн. 751 млрд. теңге түскен. Бұл дегеніміз – жоспардың 102,7%-ға орындалғанын білдіреді. 2019 жылмен салыстырғанда өсім 62,7 млрд. теңгені құрады. Республикалық бюджетке 6 трлн. 561 млрд. теңге сомасында кірістер түсті.

«Жоспар 22 млрд. теңгеге, оның ішінде салықтар – 16 млрд. теңгеге асыра орындалды. Асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі», - деді Жамаубаев.

Мемлекет бюджеттен шыққан шығындар

Мемлекеттік бюджет шығыстарына есеп берген ведомство басшысы мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2%-ға атқарылғанын айтты. Толығырақ, республикалық бюджет шығыстары 98,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ке атқарылған. Жалпы мемлекет қаржысының жыл бойы 14 трлн. 234 млрд. теңгесі жұмсалған. Ал 241 млн теңге атқарылмаған. Жамаубаевтың түсіндіруінше, бұл қаражат Үкімет резерві бойынша үнемделген. Ал 15 млрд теңге игерілмей қалған.

Өткен жылдың жоспарына сәйкес 76 нысан жүзеге асырылуы тиіс болған. Оның ішінде 12 нысан сатылды. Ал құны 101 млрд теңгені құрады. 7 нысан қайта құруға немесе жойылуға жөнелтілді. Жекешелендіру жоспанынан 2 жоба алынып тасталды.

Мемлекеттік сатып алуларға жұмсалған қаржы

Жамаубаев мемлекеттік сатып алуға жұмсалған қаражатқа есеп беруді де ұмытпады.

«Мемлекеттік сатып алулар 2019 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Сөйтіп, 5,9 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алулар жасалды. Өткен жылы мемлекеттік сатып алулардан мемлекет қаржысы 485 млрд теңгеге үнемделді», - деді ҚР Қаржы министрі.

Мемлекеттік аудит бөлігінде 2020 жылы камералдық бақылаумен 10,4 трлн. теңгенің 1,4 млн. мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылыпты. Ерұлан

Аудиторлық тексерулер: қаржылық заң бұзушылықтар анықталған

Жамаубаевтың айтуынша, 983 млрд. теңгеге бұзушылықтардың алды алынды.

Аудиторлық іс-шаралар жүргізілген. Нәтижесінде 251 млрд. теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар анықталды, оның 75%-і бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға тиесілі. Мұндай заң бұзушылыққа жол берген 2 349 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

«Тауарлар жеткізумен, қызметтер көрсетумен және жұмыстар орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен 237 млрд. теңгеге бұзушылықтар жойылды», - деп есеп берді ол.

2021 жылдың жоспары

Қаржы министрі өткен жылы нәтижелі жұмыстардың атқарылғанын айтып, 2021 жылға арналған жоспарлармен таныстыруға көшті.

Қаржы министрлігінің осы жылға жоспарлаған жұмысын 5 бөлікке бөліп қарауға болады:

Біріншісі – бюджет теңгерімділігіне қол жеткізу мен бюджетті оңтайландыру;

Екінші – салық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, «көлеңкелі экономика» деңгейін төмендету;

Үшінші – мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру;

Төртінші – мемлекеттік сатып алуларды одан әрі жетілдіру;

Бесінші – мемлекеттік аудиттің сапасыр арттыру;

Бюджеттің ашықтығы қамтамасыз етіледі

Бюджеттің ашықтығы туралы айта келе Ерұлан Жамаубаев ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында халықаралық әріптестермен жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 58 балл берілді. Біз әлемнің 117 елінің арасында 37-орындамыз. Бұл, ең алдымен, Министрлік сайтын кеңейту және пайдаланушылар үшін жағдайды жақсарту арқасында мүмкін болды», - деді ол.

Оның айтуынша, ресми сайтта ақпараттар, есептер, талдау, бюджет бойынша шолулар орналастырылады.

Жамаубаев басқарып отырған ведомство 2021 жылы бюджеттің ашықтығы индексінде біз кемінде 59 балл жинауды жоспарлап қойыпты.

Цифрландыру, онлайн декларация, «көлеңкелі экономика»

Салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендету Қаржы министрлігі жұмысындағы басым бағыттардың бірі.

«Біздің басты міндетіміз - көлеңкелі экономиканы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін төмендету», - деді ол.

Осы мақсатқа арналған 2019-2021 жылдарға арналған жоспар аясында қабылданған шаралар оның деңгейін жалпы ішкі өнімге 23,6%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Қазір экономиканың барлық салалары мен жүйелері бойынша жоспарды жаңарту бойынша Қаржы министрлігінің әр департаменті мен бөлімшесі қызу жұмыс жасап жатыр.

«Бюджетті тұрақты кіріс көздерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шешуді біз салықтық-кедендік әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру есебінен іске асырудамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы 3 жылда осындай шаралар бюджетке 2 триллион теңгеден астам, оның ішінде 2020 жылы - 710 млрд. теңге қосымша түсімдер әкелген.

«Өздеріңіз білетіндей, «көлеңкелі» экономика көлемін қысқарту үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі енгізілді», - деді.

Осы жоспар шеңберінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Жамаубаев цифрландыру туралы айта келе бизнеске қолайлы жағдай туғызу, сервистің сапасын жақсарту мен фискалды жүйенің тиімділігі қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Тауарларды электронды бақылау жүйесі құрылды. «Астана – 1» ақпараттық жүйесі құрылды. Қазіргі уақытта кедендік декларация толықтай онлайн форматта тапсырылады. Тәуекелдерді басқару жүйесі де сәтті іске асты», - деді министр.

Смаилов: «Қаржы министрлігі нәтижелі жұмыс атқарды»

Алқа мәжілісінде сөз алған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Әлихан Смаилов Қаржы министрлігінің өткен жылы атқарған жұмыстарына жоғары баға берді. Ол өткен жыл Қазақстан үшін және барлық мемлекет үшін де күрделі болғанын айтты.

«Пандемияға байланысты Үкіметпен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын қолдау және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау бойынша бірқатар шаралар қабылданды», - деді ол.

Смаилов пандемия кезінде елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтауда Қаржы министрлігінің маңызды рөл атқарғанын айтты.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары құбылмалы болды. Оған сәйкес бюджет параметрін қайта қарау қажеттігі туындады.

«Бюджет параметрлерін нақтылау мақсаттары бойынша сонымен қатар тапсырмалардың қаржылық орындалуы жағынан, мемлекет басшысының тапсырған жоспарларды жүзеге асыруда Қаржы министрлігі өзіне міндеттелген ауқымды істі толық орындады деп айта аламын», - деді вице-премьер.

Ол сонымен қатар ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің нәтижелі жұмысына жоғары баға берді. Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар департаменті мен бюджеттік блогі де тиімді жұмыс істегенін Әлихан Смаилов атап өтті.

«26 қаңтарда ҚР Президенті Үкіметтің жұмысын қорытындылау кезінде Қаржы министрлігінің жұмысына жоғары баға берді. Соған қарамастан, Президент берген жаңа тапсырмалар аясында Қаржы министрлігінің алдында жаңа міндеттер тұр», - деді ол.

Қаржы министрлігінің 2021 жылы атқаратын міндеттемелері

Ол міндеттемелерге қысқаша тоқталды:

Бірінші. Бюджетке түсетін кіріс көлемін ұлғайту мен «көлеңкелі экономика» деңгейін түсіру. Қаржы министрлігіне жүктелетін ең басты міндет осы. Ол үшін цифрландыру жұмысын күшейтіп, министрліктің ақпараттық жүйесін жетілдіру керек.

«Тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесі енгізілу қажет, шот-фактуралар мен тауарға берілетін жүкқұжаттар электронды форматта ұсынылып, тауарларды таңбалау жүйесі, бюджетті жоспарлаудың эклектронды нұсқасы, Биг күн мен Блокчейн жүйелеріне назар аударылу керек», - деді Әлихан Смаилов.

Сонымен қатар ол салық төлеушінің кабинетін бірыңғай ету керектігін айтты. Ол үшін салық пен кедендік жүйелерді біріктіру қажет.

«Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы азаматтар үшін тегін қызмет көрсетуі тиіс. Осы жылы «Е-салық-бизнес» жүйесін де жүзеге асыру керек. Кәсіпкерлер үшін ресейлік «Мой налог» жүйесінің үлгісінде өз жүйемізді іске асыруды қолға алуды тапсырамын. Бұл жүйеде кәсіпкерлер оңай тіркеліп, салықтарды төлеп, салықтық есептерді автоматты режимде тапсырулары керек», - деп тапсырды вице-премьер.

Қаржы министрлігі мүдделес мемлекеттік органдармен бірігіп, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге наурыз айының соңына дейін шекарадағы заңсыз саудамен күрестің кешенді жоспарын әзірлеп, Үкіметке тапсыруы керек.

Екінші. Мемлекеттің қаржысын тиімді жұмсау мақсатында мемлекеттік қолдау алу тәсілдерімен субъекттік мониторинг жүргізу бойынша министрлік ақпараттық жүйені толықтырып, іске қосу жұмыстарын аяқтау керек. Мемлекеттік бюджеттің, квазимемлекттік сектордың қажетсіз шығындарды азайту мен алдын алу үшін арнайы жұмыс тобы құрылу қажет. Олардың құрамына Парламент депутаттары мен қоғам белсенділері кіреді. Есеп комитетінің ұсыныстары да ескерілуі тиіс.

Үшінші. Мемлекеттік сатып аду жүйесін жетілдіру қажет. Әсіресе, отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау жүйесін қайта қарау қажет.

Төртінші. Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын қабылдады. 736 нысан жеке меншікке өтеді. Осы жылы соның 40 пайызы сатылу қажет. Ол үшін жедел әрі белсенді шаралар қабылдану керек. Бұл жұмыс алдымен өңірлерден басталған жөн.

Бесінші. Осы жылы бюджетке жетпеген (дефицит) қаржының орнын толтыру үшін жалпы ішкі өнімге 3,4 % қаржы тартылып, мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалу тиіс.

Алтыншы. 2021 жылы Қазақстанда 4 кезеңнен тұрады жалпыұлттық декларациялау өтеді. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, олардың жұбайлары декларация тапсырады. Осыған орай, қаржы мнистрлігі тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек.

Барлық жаңалықтар