• Басты
  • Мемлекеттік басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы: жаңа құндылықтар мен цифрлық сервис

Мемлекеттік басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы: жаңа құндылықтар мен цифрлық сервис

18 Наурыз, 2021 17:46

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру шараларына түсінік берілді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 


Мемлекет басшысы Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен болатын. Тұжырымдама «Ең алдымен – адамдар» деген принциппен мемлекеттік басқарудың «адамдық» моделіне бағытталған. Мемлекет пен қоғам қатынасы «төрешіл» моделінен проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қойғыш моделіне көшу керек. 

ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі тиімді, "халық үніне құлақ асатын", есеп беретін, кәсіби әрі сындарлы мемлекет құруға негізделген.

Ол тұжырымдама негізінде әзірленген әдістемелерден қандай нәтиже күтетінін айтты:

1) мемлекеттік қызметтің адами ресурстарының сапасын жақсарту;

2) құндылықтары жоғары мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру;

3) мемлекеттік қызметке жоғары білікті мамандарды тарту үшін жағдай жасау;

4) мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және проактивтік қызмет көрсету аясын кеңейту.

 «Тыңдау» жобасы

Жазықбаевтың мәліметінше, «халық ұніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Тыңдау» жобасы әзірленді.

«Жоба мақсаты – клиентке бағдарланған тәсілді енгізу арқылы электрондық қызметтерді цифрлық сервистерді алушылардың көзімен қарауды қарастырады. «Тыңдау» жобасы ұсыныстары қызмет алушылардың пікірі негізінде қалыптасады, олармен онлайн қызметтерді алу барысында туындайтын мәселелер белгіленіп, нақты тиісті ұсыныстар қалыптастырылады», - деп түсіндірді ол.

Бүгінгі таңда «Тыңдау» жобасы аясында мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан Агенттік бұдан бұрын анықтаған 100 мәселені қызметтер бойынша тиісті шаралар қабылдап, оның ішінде «электрондық үкімет» порталындағы электрондық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде.

Бүгінгі таңда 65 қызмет бойынша қателіктер түзетіліп, 35 қызмет бойынша электронды форматқа көшу жұмыстары жасалуда.

Мемлекеттік басқарудағы жаңа құндылықтар

Жазықбектов мемлекеттік басқарудың жаңа құндылықтарын енгізу қажет деп есептейді.

«Ол құндылықтарға инновацияларға ашықтық, жеке жауапкершілік, өкілеттіктерді табыстау, азаматтар мен бизнестің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлану сияқты тетіктер кіреді», - деді Дархан Жазықбеков.

Бұдан басқа құндылықтар:

- тиімділік пен нәтижеге бағдарлану; 

- бизнес-процестерді оңтайландыру және бюрократияны жою жөніндегі жолдарды ұдайы іздестіру; 

-азаматтық қоғам мен сарапшылық қоғамдастықты мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне белсенді түрде тарту; 

-диалогқа және негізді сынға ашықтық.

Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормалары

Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын жетілдірмей халық сеніміне ие болудың мүмкін еместігі баса айтылған. Бұл туралы тұжырымдамада айтылған.

Осы орайда қызметшіні «360 градус» бағалау кезінде оның әдеп деңгейі, айналасындағы адамдардың, атап айтқанда, басшысы мен бағынышты қызметкерінің, әріптестерінің анонимді бағалауы бұдан былай үлкен маңызға ие болады.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің біліктілігі мен қатар, оның өзге адамдармен, азаматтармен байланыстағы әдептілік жағы да бағаланады деген сөз.

Бұл мемлекеттік органдардағы әдептілікті көтеру жөніндегі жұмысты жетілдіруге аса мән беруді қажет етеді.

«Осыған байланысты, әдеп жөніндегі әукілдер институтын жандандыра отырып, алдағы уақытта Әдеп кодексін де жетілдіру мәселесіне қатысты жұмыстар атқарылатын болады», - деді спикер.

Бұдан басқа, корпоративтік сектордың оң тәжірибесін табысты енгізу мақсатында мемлекеттік қызметшілердің квазимемлекеттік, жеке және халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өтуі жоспарлануда.

Мемлекеттік қызметшілердің білімі мен дағдыларын үздіксіз арттыру қамтамасыз етілетін болады.

Бастамалар мен рационализаторлық ұсыныстарды көтермелеу тетіктері енгізіледі.

«Бұл мемлекеттік қызметте корпоративтік мәдениетті жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, трансформациялық көшбасшылар институты, оның ішінде «жаңа формация басшысы» бағдарламасы дамитын болады», - деп қосты ол.

Мемлекеттік қызметтегі цифрландыру

Бүгінгі таңда Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес 93% қызмет (немесе 649) электрондық нысанда көрсетіледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді одан әрі дамыту мақсатында бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы уәкілетті орган (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) әзірлеген бұйрыққа сәйкес Тізілімдегі электрондық қызметтер үлесі 94,4% құрайтын болады (немесе 648), оның ішінде проактивті нысанда 23 қызмет (бүгінгі күні 19 қызмет) композитті түрде 58 қызмет (бүгінгі күні 53 қызмет) көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, азаматтардан ақпараттық қызметтерді сұратуды жою мақсатында тағы да 6 түрлі анықтамалық қызметтер Тізілімнен алынып тасталады (бұдан бұрын 10 анықтамалық қызмет жойылды).

 Мемлекеттік орган және бизнес

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтер саласын одан әрі дамыту бизнеске тиесілі мына қағидаттарды енгізуді көздейді, олар бәсекеге қабілеттілік, клиентке бағдарланған мәдениеттің болуы және кері байланысты құру.

Осыған байланысты, «клиентке бағдарланған» қағидатты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтерді
«бір терезе» қағидатынан «бір өтініш» қағидатына көшіру жұмыстары оларды көрсететін бизнес-процесстерін реинжинирингілеу арқылы жалғасатын болады.

Мемлекеттік аппаратпен халықтың әрекеттесуінің барлық нүктелеріне аудит жүргізілетін болады, жеңілдетуге немесе автоматизациялануға әлеуеті бар мемлекеттік қызметтер және функциялар анықталатын болады, электрондық нысанда немесе «бір терезе» қағидаты бойынша қолжетімді қызметтер үлесі артатын болады.

Бүгін «бір өтініш» қағидаты бойынша 27 қызмет көрсетіледі, құрамына 88 қызмет енгізілген.

«Мысалы, мүгедектік бойынша жәрдемақы алу үшін өтініш беру кезінде бір мезетте еңбекке қабылеттілікті жоғалту бойынша әлеуметтік төлемдермен қоса арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қызметтері көрсетіледі», - деп мысал келтірді спикер.

Мемлекеттік қызметтерді жедел және сапалы көрсету клиентке бағдарланған қағидатына негізделеді.

Жеңілдету, цифрландыру және азаматтардың және кәсіпкерлердің сұранысына аса ие қызметтер бойынша қызмет алушылармен байланыстарды азайту, олардың ашықтығын арттыру құқықсыз әрекеттерді жасау қажеттіліктерімен мүмкіндіктерін азайтады.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне ведомствоаралық ықпалдастыру жүргізілетін болады, оның ішінде «электрондық үкімет» порталымен де. Осы шара жекешеленген мемлкеттік қызметтерді көрсетудін кешенді түрдегі «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік аппараттың тікелей байланыс аясын азайтады.

«Бұл проактивті тәсілді енгізуге ықпал етеді, осының аясындағы қызметтер азаматтың өтінім беруіне дейін, оның профилі, қажеттіліктері және өмірлік кезеңі негізінде көрсетіледі. Сонымен қатар, «бір өтініш» қағидаты бойынша қызметтерді көрсету олардың көрсету мерзімдерін азайтады және сапасын арттырады», - деді ол.

Сонымен бірге, 2020 жылы Агенттік «электрондық үкімет» порталы арқылы жұмыс жасау бойынша халықты үйрету үшін еріктілер жұмысын ұйымдастырды.

Осылайша, барлық өңірлер бойынша 400-ден астам еріктілер жұмылдырылып, 700 мыңдай азамат цифрлық мемлекеттік қызметтерді алу әдістерін үйренді. Еріктілер халықты мемлекеттік қызметтерді «электрондық үкімет» порталы арқылы және оның мобильді қосымшасы арқылы алу бойынша үйрету жұмыстарын жүргізуде.


Барлық жаңалықтар