• Басты
  • Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: Мемлекет басшысы көтерген өзекті мәселелер мен жаңа ұсыныстар

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: Мемлекет басшысы көтерген өзекті мәселелер мен жаңа ұсыныстар

25 Ақпан, 2021 11:19

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысы басталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Жиын онлайн форматта өтіп жатыр. Бейнебайланыс арқылы байланысқа шыққан кеңес мүшелері, министрлер, Парламент Мәжілісі депутаттары, әр аймақтағы өкілдер ұсыныстар мен өзекті мәселелерді талқылауда. Әлеуметтік, экономикалық, бизнес мәселелері, халықтың тұрмыс сапасына басты назар аударылды.

 Осы жылдың басында өткен ҚР Парламент мәжілісіне сайланған депутаттар ішінде Кеңестің 9 мүшесі бар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды.

Алқалы жиынның алғашқы минуттарында Кеңес мүшелерінің есептері мен ұсыныстарын жиын қатысушылары мен Президент тыңдады.

Тұрғын үй мәселесі, ауылдық жерлерде баспана салу

ҚР Президенті Қ. Тоқаев өз сөзінде Ұлттық сенім кеңесінің рөлін айта кетті. Оның айтуынша, бір жылдың ішінде Ұлттық сенім кеңесі атқарған жұмыстар көп.

«Біз «тиімді мемлекет» принципіне басымдылық беріп отырмыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге назар аударып отырмыз. Ұлттық сенім кеңесі бірнеше сұрақ бойынша ұсыныстар әзірледі», - деді Президент.
Тоқаев бірнеше өзекті мәселелерге тоқталды. Оның алғашқысы – тұрғын үй мәселесі, оның ішінде ауылдық жерлерде баспана салу.

Халықтың тұрмысын жақсартуды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуден бастау керектігін айтты. Президенттің айтуынша, зейнетақының бір бөлігін тұрғын-үй жайын жақсарту мақсатында пайдалану туралы шешімді Ұлттық сенім Кеңесінің қолдауын тапқан.

«Былтыр тұрғын үйдің қолжетімділігі 11,2  пайызға өсті. Пайдалануға берілген үйлердің 40 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Қазір құрылыс компаниялары нарық талаптарына сай баға қоюға мәжбүр. Бағаның тұрақтылығын бақылауды Үкіметке тапсырамын», - деді ол.
Президент баспана мәселесін Ұлттық сенім Кеңесінің өткен отырысында Ләззат Қожахметова көтергенін айтты.

 Ауылдық жерде үй салу – экономикалық белсенділікті арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етеді. Президент бүгінгі отырыста ауылда баспаналар салу мәселесіне кеңінен тоқталды.

«Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап үй салса, мемлекет 50 пайыз шығынын өтеуге дайын. Бұл бастама ауылды жан-жақты дамытуға септігін тиімді. Бұл бастаманы Үкімет осы жылдың 2-ші жартыжылдығына дейін жүзеге асыру керек», - деп тапсырды Президент. 
Аймақтардың жағдайын жақсарту

Президенттің бүгінгі баяндамасындағы екінші мәселе – аймақтардың жағдайын жақсарту.
«Қуатты мемлекет», «қуатты өңір» жәй сөз емес. Аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік корпорациялар жұмыс істейді. Өңірлік корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін  кәсіпкерлердің экономикадағы рөлін арттыру маңызды», - деді ол.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды институтқа айналдыру маңыздылығын да мемлекет басшысы атап өтті. Өңірлік корпорациялардың жұмысы қоғамның ашық әрі толық бақылауында болуы тиіс. 

«Құзіретіне жатпайтын және маңызы төмен активтерді оның қарамағынан алып тастаған жөн. Жалпы, осы корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігіне аталған мәселеге қатысты жұмысты күшейтуді тапсырамын», - деді Тоқаев.
Білім берудегі күрделі мәселелер 

Тоқаев көтерген үшінші мәселе – білім беру. Ол Қазақстанның барлық азаматына білім бірдей берілу керек деп есептейді.
«Білім беру мәселелері әрқайсымызды толғандырады. Нақты шешімдер керек. Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде ақпараттық коммуникацияның рөлі айрықша. Бұл пандемия кезінде қатты байқалды. Осы кезде оқушыларға 600 білім беру ресурсын пайдалануға көмектесті. Қашықтан білім берудің осы әдісін тоқтатпай, жалғастыру керек деп есептеймін. Үкіметке бұл шешімді жан жақты қарауды тапсырамын», - деді ол.
Президент кадр тапшылығы мәселесіне тоқталды. Ол атап өткендей, медицина мен педагогика мамандарының тапшылығы сезіледі.
«Медицина және педагогика мамандарын дайындау - күрделі мәселе. Мемлекет осы мәселені түзету керек. Біз мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін арттырып, жалақысын өсірдік. Осы мамандықта оқитын студенттердің стипендиясын да көбейттік. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр», - деді ол.
Инклюзивті білім беру

Тоқаев көтерген төртінші мәселе - инклюзивті білім беру. Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.
«Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар тиісті реабилитация қабылдау үшін жарты жыл уақыт күтеді. Сөйтіп, уақыт жоғалтады. Кезегі келген кезде толық реабилитациядан өтуге мәжбүр.  Балалар сапалы қызмет алу керек. Мемлекет тарапынан арнайы психолог мамандардың даярлануына назар аударылу керек», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент үш министрліктің осы жұмысты қолға алу керектігін ескертті. Ол: ҚР білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және әлеуметтік қолдау министрлігі. Президент ерекше туылған балалардың денсаулығын туғаннан бастап оңалтуға ерекше назар аударды. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету

Бесінші мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір күтімге мұқтаж адамдардың әлеуметтік қараушы табулары қиын.

«Олар белгілі бір көмек алу үшін көп кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрландыру кезеңінде бұл дұрыс емес. Үкіметке мүмкіндігі шектеулі жандардың құжат рәсімдеуді, басқа да қызмет түрлерін алуды қолжетімді етуін тапсырамын», - деді ол.
Жасыл экономиканы дамыту

Алтыншы мәселе – экономиканы әртараптандыру мен энерготиімділікті төмендету. Президент жаңа Заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

«Энергияның баламалы көздері туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу керек. Онда тек жаңғырмалы энергия көздері ғана емес, барлық баламалы энергия көздерін дамыту тетіктерін қамтуы керек. Үкіметке сәйкес заң жобасын әзірлеп, Парламентке тапсыруы керек», - деді ол.
Оның айтуынша, 2009 жылы қабылданған әрекеттегі заң барлық баламалы энергия көздерінің қолдануын қамтымайды.

«Экономиканы әртараптандыру мен энерготиімділікті төмендету аясында жасыл экономиканы дамытуға қадам басқан дұрыс. Баламалы энергияға қолайлы жағдай тудырмай, әлемдік прогресстен қалып қоюдың алдында тұрмыз. Оны бәсеңдетуге болмайды. Мен баламалы энергия көздеріне ерекше назар аударамын. Бұл Қазақстанның болашағын реттейтін маңызды мәселе», - деді ол.
«Жер сатылмайды»

Тоқаев отырыста шетелдіктерге жерді сату Заң жүзінде тыйым салынатынын айтты.

«Халқымыз үшін жер мәселесі әр уақытта да маңызды боп келді. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет», - деді.
Президент осы мәселеге орай қабылдаған нақты шешімдерді атады.
«Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», - деді ол.
Осы тапсырмаға сай заң жобасын әзірлеуді Қ.Тоқаев Президент Әкімшілігіне тапсырды.  

Ауыл, аудан әкімдерін сайлау

Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. 800-ге жуық елді-мекеннің ауылдарын сайлау өткізіледі.

«Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. «Сайлау туралы» заңнамаға енгізілетін барлық өзгертулер мен толықтырулар пысықталды. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Бұл науқан аудан әкімдерінің сайлауымен жалғаспақ», - деді ол.

Президент аудан әкімдерінің сайлауы 2024 жылы өтуі тиіс деп есептейді.

«Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Бұл бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Аудандарда сайлау өткізу – халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату

Президент жыл сайын елімізде 2,5 мың әйелдерге қатысты іс тіркелетінін айтты.

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуы мен отбасы институтына теріс әсер етеді. Бұл мәселенің шешімін тек мемлекеттік орган және үкіметтік емес ұйымдардың біріккен күші аясында табуға болады. Бұл  жерде негізгі рөлді  1999 жылы құрылған ішкі істер министрлігінің әйелдер мен балаларды зорлық-зомблықтан қорғау бөлімшесі атқарады», - деді Тоқаев. 

Президент олар полиция мен азаматтық қоғаммен байланыстағы тиімді рөл атқаруы керегін айтты. Ұлттық кеңес мүшесі әрі заңгер Айгүл Орынбек зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін әйел тергеушілердің арнайы тармағын енгізу қажеттігі туралы ұсыныс айтты

«Өз кезегінде олардың штаттық құрамы тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алып тұрған өңірлерде 50 пайызға дейін қысқарып қалды. Мен ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау тобының арнайы бөлімінің штатын қалыпқа келтіруді тапсырамын. Оның айтуынша, бұл құрбан болғандарға қатысты мәселенің дерексіздігінің алдын алады», - деді Тоқаев.

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту бойынша ұсыныс алғанын айтты.

«Рақым Ошақбаев маған қоғам қайраткерлері мен заңгерлердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту бойынша үндеуін жеткізді. Бұл қызықты бастаманы талқылап, заңнамалық тұрғыда шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен жөн», - деді Тоқаев.

«Халық үніне» құлақ асатын мемлекет

Президент азаматтардың сөздері мен әрекеттеріне жауапкершілігі туралы айтты. Сонымен қатар «Халық үніне» құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды.

«Соның арқасында әлеуметтік, әріптестік пен жанашырлық дәстүрі нығая түсетіні сөзсіз. Жұртшылық оң өзгерістерге өз үлесін қосып жатқанын сезінуі тиіс. Біз «әділ мемлекет» құруға әрдайым баса назар аударуымыз керек», - деді ол.

Тоқаев азаматтардың құқықтары тең болу керек екенін айтты.

 «Әр азаматымыз – саясатта, экономикада және әлеуметтік салада тең құқықтарға ие болу керек. Азаматтарды толғандыратын мәселелерін шешу мен тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың негізгі басты бағыты. Бізге нақты іс пен нақты шешімге жеткізетін идеология қажет. Осындай айқын ұстаным ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті ұлт болуға жол ашады. Баршаңызға табыс тілеймін», - деп сөзін аяқтады Тоқаев.

Бір сағатқа созылған Ұлттық сенім кеңесінің отырысы осымен аяқталды.

Барлық жаңалықтар