• Басты
  • Мемлекет басқарып отырған адам қанағатшыл болуы керек – ғалым Фараби философиясы жайлы
28 Мамыр, 2020 17:10

Мемлекет басқарып отырған адам қанағатшыл болуы керек – ғалым Фараби философиясы жайлы

Биыл шығыстың ғұлама ойшылы, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің  1150 жылдық мерейтойы. Әлемді жаулаған коронавирус пандемиясының салдарынан бұқаралық шаралар тоқтатылған болатын. Алайда, ұлы ойшылдың философиясы уақыт талғамайтын, оқығанға азық, білгенге маржан. Осы орайда  Фараби танымы мен философиясын, идеяларын бүгінгі жаһандық көзқараспен ұштастыруды жөн көрдік. Заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладин Ибрагимов әл-Фарабидің өлмейтін мұрасы жайында Strategy2050.kz тілшісіне  айтып берді. 

 Мемлекет басқарып отырған адам қанағатшыл болуы керек – ғалым Фараби философиясы жайлы

Фарабилік мұра

фараб.jpeg

Бүгінгі таңда мемлекеттік деңгейде аталып жатқан  ғұламалардың жаһандық деңгейде  түркі әлеміне, оның ішінде біздің қазақ еліне қалдырған мұрасы өте көп. Әл-Фарабиді бүкіл әлем астроном, полиглот ретінде өте жақсы біледі. Әл-Фараби есімі қазақ елінің мәртебесін халықаралық аренада асқақтатын тұлғалардың бірі деп айтуға болады.

Әл-Фарабидің мемлекеттің дамуына, саяси-құқықтық дамуға қатысты көп еңбектері бар. Оның ішінде «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» деген трактат, «Мемлекеттік лауазымды тұлғаның идеялары» еңбегі мен «Ең жетілдірілген қала еңбектері туралы айтып өтер едім. Фараби еңбектерінің ішіндегі маңыздысы, бүгінгі күнге керектісі  - еліміздің үлкен асқақ жолмен дамуы. Біз қазір жаһандық даму, цифрлық өркениет деп, бүгінгі таңдағы жағдаймен айтқанда цифрлық танымымызды жетілдіріп, ерекше жағдайға түсіп жүрміз.

Дегенмен де біз түпкі идеямыз бен  түпкі мақсатымыз- мемлекет  тұғырының мықты болуын, темірқазығының тұрақтылығына мән беру. Осы идеологияны дамыту  тұрғысынан алғанда Фарабидің еңбектері өте көп. Мемлекет қандай  болуы керек? Мемлекеттік басқарушылар қандай қасиеттерге ие болуы керек. Үшіншіден, сол мемлекетте тұрып жатқан тұрғындардың жағдайы қандай болу бойынша айтқан  идеялары  баршылық.

Мемлекеттің үш кезеңі  

Әл-Фараби мемлекет дамуын үш кезеңге жіктейді.

Біріншісі – ұлы. Бұл әлемдік деңгейдегі мемлекет.

Екіншісі – орта. Белгілі бір ұлттар мен этностардың тұратын жері.

Үшіншісі  - кіші. Белгілі бір қала деп бөледі.

Фарабидің жетілдірілген идеясы «қала» деп аталады.  Ол қаланы мейірімді деп атайды. Мемлекеттерді де жікке бөліп, «мейірімді қала», «билікке ұмтылатын қала», «қайырымды қала» деп атайды. Соның ішінде «қайырымды қала» тұрғындарының басты мақсаты бақытқа жету. Бұл идеяға көп көңіл бөлмейміз. Жалпы, қарапайым халықтың, кез келген азаматтың танымында «бақыт» деген кезекшілік шаблон ретінде айтылады. Ал Фараби ұсынған идея «қайырымды қала» тұрғындарының басты мақсаты  - бақытты болу. Ол тұрғындардың бақытты болуына мемлекет басшысы да, тұрғындар да атсалысуы керек дейді.

Әл-Фараби жеке мұддеден гөрі қоғамдық мүддені жоғары қояды. Бұл қазіргі таңда өте өзекті мәселе. XXI ғасырда бізге жетпей жатқан ең басты құндылық осы қасиет деп ойлаймын. Өйткені, қазір мемлекетті  сүю, тану, оның дамуына, болашағына үлес қосу мәселелері күн тәртібінен түсіп қалып жатады. Осы мәлелерді үнемі нысанамызда ұстап, Фараби еңбектерін оқып, ғылыми тұрғыда талдау жасап, баға беріп, мемлекет дамуында  қолдануымыз керек.

Ұлы тұлғалардың ұқсастығы. Абай мен Фараби сабақтастығы

абак.jpg

Кез келген данышпан тұлғаның биіктігі мен мәртебелілігі - өздеріне дейін жазылған ғылыми еңбектерге  терең талдау жасауы. Олар данышпандардың ең мықты идеяларын алады. Сол идеялардың негізінде  өз заманындағы қоғамның қажеттілігіне  сәйкес жаңа идеяны ұсынады. Егер де,  әл-Фараби өз заманында антикалық грек философтардың еңбектеріне сүйеніп, сілтеме жасап отыратын болса, Абай Құнанбаев Фарабидің кейбір идеяларына сілтеме жасайды деп ойлаймын. 

Ол - әділеттілік идеясы. Абай айтады: «әділетті адам-ұятты адам» дейді. Егер адам әділетті болмаса, оған ұятсыз ретінде қарау керек. Ал Фараби өз еңбегінде мемлекет басшысының ең басты қасиеттерінің бірі – әділетті болу, әділетсіздікке төзбеу. Әділетсіз қызмет істеген адамдарға ешқашан тапсырма бермеу қасиеттері туралы айтады. Абай мен әл-Фарабидің  танымы жиі ұштасып жатады. Себебі, Фараби араб, шығыс дүниетанымының қалыптасуына, жаңа бір өрлеуге үлес қосқан жаһандық деңгейдегі философ. Ал сол философиядан терең ой түйіп, идеясынан белгілі бір тұжырымдар шығару данышпан Абайдың алға қойған мақсаттарының бірі деп айтуға болады.

Фараби және этика ұғымы

Әл-Фараби этика мәселесіне ерекше мән берген себебі, ол кезеңде басты рөлде дін, теологиялық идеялар тұрды. Мұсылман дінінің нағыз шарықтап, өрлеп, шырқаушы мемлекетке кезең болып табылады. Ол кезеңдегі ойшылдар көп мәселені діни-теологиялық мәселелерге сүйеніп шешті.

 Фарабидің ғылымға қосқан идеяларының бірі теологиялық ұстанымдармен қатар, рационалистік идеяларды әкелді. Яғни, Алла Тағалаға сене отырып, жаратқанның құдыреттілігіне шүбә келтірмей, адамның белгілі бір мақсатқа, игілікке жетуі үшін еңбек ету керегін, әділетті, адамгершіл, ұятты болу керегіне үлкен мән берген. Этика, әлеуметтік-этика мәселесіне Фараби үлкен үлес қосты деуге болады. Сонымен қатар, этикалық қағидаттарда мемлекетті басқару бойынша көзқарастарды үлкен нысан ретінде пайдалана білу керек.

Мемлекеттік қызметкер қандай болуы тиіс

Мәселен, жобамен 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар деп айтайық. Фараби әрбір мемлекеттік қызметшіге арналған индикаторларды айтып кеткен. Трактаттарында мемлекеттік қызметкерге қажет  12 индикаторды атайды. Белгілі жағдайды, уақытты межелей келе, егер де бұл 12 қасиеттің барлығы болмайтын болса,  ықшамдап 6 қасиетті деп көрсеткен. 

Бүгінгі таңда Фарабидің саяси-құқықтық көзқарасы өте қажет. Фарабидің айтып кеткен  ұстанымдары әрбір мемлекеттік қызметкердің үстелінде жатса деп армайндаймын. Сол кезде мемлекеттік қызметкер ойланатын еді. Қазір шетелден оқып келіп жатқан азаматтар көп. Олар сол елдердің құндылықтарын алып келеді. Қазақ елінің ерекшелігі неде деген сұрақ туындайды. Фарабидің қалдырған мұрасы арқылы біздің қызметкерлеріміз өздерінің ұстанымын түзесе, қоғам жөнделеді.  

Жылтыр дүниеге мән беру пайымы

Мысалы, мен жас буынға жатамын. Қол астымда 1000-ға жуық білім алушы мен  70-ке жуық ғалым ұстаз бар. Осы деңгейлік көзқарастағы пайымым, Фарабиде қайырымсыз қаланы жіктеуде айтылады. Біз жылтыр дүниеге, есептерге мән береміз. Цифрлық өркениет деп, бүгінгі шығып жатқан технологияларға алданамыз. Қарапайым күнделікті орындалып жатқан мәселелерге тәуелді боламыз. 

Фарабидің саяси көзқарасы қызық. Оның еңбектерінде  мемлекет басқарып отырған адам қанағатшыл болуы керек, жылтыр нәрсеге, байлыққа қызықпауы керек делінген. Лезде қол жеткізе салатын дүниеден алшақ болу керек дейді. Сонда ғана ол лауазымды тұлға бола алады. Осы идеялары қатты ойландырды. Біріншіден, бұл екі адамның қолынан келмейді. Екіншіден, бұл қасиеттерге ие болу үшін үлкен жігер керек. Мемлекеттің басқарушысына  бір шешім қабылдау үшін саяси жігер қажет деп жатамыз. Фарабидің танымындағы лауазымды қызметкер болу үшін үлкен жігер керек.

Ұлы тұлғалардың мерейтойларын атап өту

Біздің мемлекет жаңа тұрпатты  дамуға үлес қосты. Халықаралық деңгейде танылып, өзімізді көрсеттік. Алдымызда 30 елдің  қатарына қосылу  міндеті тұр. Осы міндеттерге сапалы тұрғыда іспен, қоғамға, халыққа үлес қосумен әрекет  жасауымыз керек. Осы орайда,  Фарабидің мерейтойын өткізу арқылы оның идеяларын кеңінен пайдалана аламыз. Ол әділеттілік, ақиқат, шындық мәселесі. Бүгінгі таңда биліктің үш тармағына өте қажет мәселе. Мерейтойларды мерекелеу, азаматтардың танымын кеңейтеді. 

Азаматтар белгілі бір деңгейде қарапайым дерек ретінде білетін болса, енді оған ғаламдық тұрғыдан мән беруге жол беріледі. Данышпандардың идеяларын мемлекеттік идеологияға пайдалануға жол беріледі. Бүгінгі таңдағы көзқарас, құндылық әр нәрсеге қатысты парадигма өзгеріп жатыр. Тек қана әуезді, әуенді іс-шаралар емес. Ұлттың болашағына, сапалығына, мемлекеттің идеологиялық тұрғыда дамуына салмақ беретін, үлес қосатын мұрасын тану үшін қажет деп ойлаймын. 

-Сұхбатыңызға рақмет!

Фото: ашық дереккөз 

Барлық жаңалықтар
3.238.184.78, 192.168.88.100