• Басты
  • Мектептегі «экологиялық білім» пәні экологиялық мәселелерді шешуге қаншалықты әсер ете алады

Мектептегі «экологиялық білім» пәні экологиялық мәселелерді шешуге қаншалықты әсер ете алады

23 Ақпан, 2021 18:17

Балалар мен жасөспірімдердің экологиялық білім алуы туралы мәселе жиі көтеріледі. Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында экологиялық білім беру процессі қалай жүзеге асырылып жатыр, өскелең ұрпақтың санасына айналаны қоршау туралы түсінік қалыптастыру туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалында.


Экологиялық білім беру - заман талабы, Президент тапсырмасы

Экологиялық мәселелер – жаһандық проблема. Әлемнің әр елі бұл проблемамен күресіп әлек. Алайда халықтардың табиғатқа қатынасы әр түрлі. Табиғат – адамзаттың басты байлығы. Оны қастерлеп, күтіп ұстау міндет. Сондықтан қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттыру, оны қастерлеуді өскелең ұрпаққа мектеп кезінен үйретуіміз керек. Соңғы кезде әлеуметтік желі беттерінде табиғатқа қасақана зиян келтірушілер, жайқала өскен талды кесіп, иттерді қорлау, табиғатты ластау фактілері туралы видеолар жиі тарап жүр. Бұл қоғамдық дау туғызып, ҚР экология министрлігі мен білім және ғылым министрлігіне білім беру мекемелерінде экологиялық білім мен тәрбиені күшейту міндетін жүктеді.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдедегі Жолдауында ел мектептеріндегі оқу бағдарламасына «экологиялық білім» пәні енгізіліп, оқытылсын деген тапсырма берген еді. Сол тапсырмадан кейін Үкімет бұл тақырыпта кездесулер өткізіп, жоспарлы түрде шараларды қолға алуды бастады.

Мәселен, өткен жылдың жазында ғана осы тақырыпта ҚР экология министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен эколог мамандар, сарапшылар, ата-аналар онлайн конференция арқылы экологиялық білім беру мәселелерін талқылаған еді. Сол жиында Бас эколог Мырзағалиев Қазақстан мектептерінде жаңа экологиялық білім беру пәнін енгізу үшін жауапты мемлекеттік органдар үйлестіру кеңесі құрылатынын мәлімдеді. Ал бас педагог Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасына экология пәнін бірден енгізу асығыс шешім екенін, алдымен факультатив сабақ ретінде енгізілу керек екенін айтқан болатын. Экологиялық білім беру мәселесінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева отбасының алар орны ерекше екенін айтып өтті.

Жыл сайын ауаның ластануы, тіршілік иелерінің адам қолынан жәбір көріп, қырылуы, табиғи ауыз су сапасының нашарлауы сияқты экологиялық проблеманың көбеюі салдарынан адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен көтеру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.

Балалар экологиялық білімді қалай қабылдайды?

Мектеп табалдырығын аттаған оқушының қоршаған орта адам өмірінің қайнар көзі екенін түсіндіру – әрбір мұғалімнің міндеті. Мұны ұғындыру үшін «экологиялық білім» пәнінің енгізілуін күтудің қажеті жоқ. Гуманитарлық пәндердің де, жаратылыстану пәндерінің кез келгенінде табиғат тіршіліктің көзі екенін, оны күту, баптау, зиян келтірмеу туралы айтып, жас баланың санасына құюға болады.

Балалар өздеріне тікелей байланысты нәрселерді қабылдауға бейім. Алайда оларда жауапкершілік сезімі болмауы мүмкін. Бұл сезім баламен бірге есейеді, пайда болады. Білім мекемелеріндегі бағдарламалар тек экологиялық білім беруді ғана емес, әрбір тірі жәндіктерді қорғауды, жалпы күллі әлемді танып-білуді үйретеді.

⠀Кейінгі кезде экологиялық білім беру түрлі іс-шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, ғылыми жобалар конкурстары, сыныптан тыс жұмыстар, тәрбие сағаттар, акциялар, көрмелер, сонымен қатар мектепті және оның айналасын көгалдандыруға, экологиялық бастамаларға, жергілікті тұрғындардың экологиялық сауатын ашуға арналған конкурстар өткізіледі. Тіпті, мектепте өткізіліп тұратын «сенбілік» шарасы да оқушыларды белгілі бір деңгейде табиғатты аялауға, көгалдандыруға баулиды.⠀

Біздің елде балалардың «Жасыл ел» сияқты еріктілер қозғалысы аясында жасыл желектерді отырғызуы, табиғи аймақтарды қоқыстан тазартуы шаралары жиі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, "Экочеллендж", "Экощит", "Экодесант", "Гүлді калейдоскоп", "Ең жасыл кабинет", "Жасыл алтын", "Экожарыс" плоггингі және басқа да балалар үшін қызықты жобалар іске асырылған.

Өткен оқу жылында ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің ұйымдастыруымен орта білім беру ұйымдарында тұрақты түрде экологиялық сағаттар өткізіледі деп бекітілген болатын. Алайда панлемияға байланысты оқу жұмысы онлайн форматқа ауысып, бұл жұмыс көп мектепте жүргізілмеген. Себебі, карантин уақытында негізгі пәндер ғана қашықтан оқытылды.

Биылғы оқу жылында 1-11 сыныптарға арналған экологиялық білім беру бойынша сынып сағаттарының бағдарламасы әзірленді.

Экология министрі не дейді?

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін мектеп бағдарламасына бір пәнді енгізу аздық етеді.

«Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жылдар керек. Күрделі әрі кешенді жұмыс істеу керек. Бұған бір емес, бірнеше ведомство жұмылдырылады. Себебі, экологиялық проблема қоғамдағы өзекті, мемлекет басшысын алаңдатқан мәселе. Қоғам өкілдері, сарапшылар, ғалымдар ұсынған мәселелер жаңа бастаманы жүзеге асыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Экологияға дұрыс көзқарас қалыптастырған ұлтты тәрбиелеу - ортақ міндет. Бұл орайда әр отбасындағы ата-ана тәрбиесінің маңызы зор», - деген болатын министр.

Бүгінгі таңда елімізде экология мәселесі бойынша бар болғаны 170  үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтіні белгілі болды. Бұл барлық үкіметтік емес ұйымдардың 3,3% құрайды. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша әлеуметтік жобалар саны 2044 болса, оның тек 2% немесе 21-і ғана экология тақырыбына арналған. Экология мәселелеріне оңтайлы шешім шығару жолында мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп те жүр. Ал нәтиже қандай? Шетелдіктердің қызығушылығын тудырған Қазақстандағы көрікті жерлердің ластануына қарап бұл мәселе өз шешімін таппағанын аңғарамыз. Мәселен, осы жазда Елорда маңында орналасқан алқызыл түске боялған Көбейтұз көліне келуші жергілікті тұрғындардың бірнеше күннің ішінде-ақ көлге қандай зиян тигізгенін БАҚ жарыса жазды. Тіпті экология министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, рейд жүргізіп, соңында бұл жерді келушілер үшін толық жауып тастауға мәжбүр болды. Бұл бір ғана мысал.

Қазақстандық туристредің экологиялық мәдениеті неге төмен? Қорықшының өлімі.

Екінші мысал «Көлсай көлдер» паркінің басшысы Данияр Тұрғамбаевтың мына сөзінен көруге болады:

«Былтыр Көлсайға 87662 адам келген. Пандемия болмағанда 100 мың турист келетін еді. Бірақ адам көбеюімен қатар рекреациялық жүктеме, қоқыстың көбеюі секілді проблемалар да артып жатыр. Қазақстандық туристердің экологиялық тәрбиесі, туристік мәдениеті төмен екені жиі байқалады. Сенбі, жексенбі күндері қызметкерлеріміздің уақыты парктегі қоқысты жинауға кетеді. Қоқыс жәшігін бұрын күніне бір рет тазаласақ, қазір үш рет тазалаймыз. Қолымыздан келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Қазақстанда 2020 жылы киіктерге браконьерліктің 85 фактісі тіркелді, 727 киіктің ұшасы және 9743 мүйіз тәркіленді. Қылмыстық жауапкершілікке 71 адам тартылды. Заңсыз аң аулау қызметінен келген шығын 2,4 млрд теңгені құрады. 2019 жылғы қаңтарда республикалық «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқан еді. Ол өмірінің соңына дейін Қазақ даласының символына айналған киіктерді қорғау жолындағы борышын адал атқарды. Бұл оқиға да қоғамдық талқылауға түскен еді және азаматтардың экологиялық мәдениетінің төмендігін көрсеткен бірден бір оқиға болғаны да жасырын емес.

a1c9f8a47d785a4a9d32afed126978bd.jpeg

2000 жылдардың басында Қазақстандағы киіктер саны 30-35 мыңды ғана құраған. 2015 жылы пастереллез індеті салдарынан тағы да қырылады. Бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік, яғни, ақбөкеннің 60 пайыздан астамы қырылып қалады. 2019 жылғы әуе есебінің нәтижесі бойынша, Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 334 400 басты құрайды, соның ішінде бетбақдалалық популяция – 111 500 бас, оралдық популяция – 217 000 бас және үстірттік популяция – 5 900 бас.

Білім және ғылым министрі не дейді?

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов экологиялық білім беру мәселесіне келгенде белсенді. Оның айтуынша, табиғатты сақтау туралы берілетін білімнің мазмұнын, баланың жас ерекшелігіне сәйкес келетіндігін, әдістемесін жан жақты қарастырып, ұйымдастыру қажет.

«Балалардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыру үшін табиғатты аялау тақырыптары ойын арқылы, тәжірибе арқылы, қолмен жасап шығару арқылы, олимпиадалар арқылы жүргізілуі керек. Бала тек қана құлағымен естіп қана қоймай, қолымен жасап, іс әрекетпен осы жұмысқа қатысса, сонда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады»,- деді Бас ұстаз.

Қоғам белсенділері де экология туралы бір пәнмен шаруа бітпейтінін айтып жүр. Экономика ғылымдарының докторы Жақсыбек Құлекеев қоршаған ортаны қорғауға арналған мультфильмдер мен арнайы бағдарламалардың шығарылуына назар аудару керек деп есептейді.

«Америкада балаларға арналған экологиялық музейлер бар. Онда қоқыстар қалай утилизацияға ұшырайтыны, ауаға тараған қоқыс қалдықтары адам өміріне қалай әсер ететіні жайлы ақпараттар бейне түрінде көрсетіледі. Сарапшылар осындай қоршаған ортаға қатысты танымдық дүниелер оқушылар сарайы сияқты балалар көп баратын жерлерге орнатылуы тиіс деп есептейді. Балалар не нәрсені болмасын, көзбен көру арқылы жақсы қабылдайды. Сондықтан видеоматериалдардың көбірек дайындалуына мән берген дұрыс», - деп түсіндірді ол.

Табиғат - аманат

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ». Иә, табиғатты қоршау туралы ілім-білімдер сонау Қорқыт, Қожа Ахмет Йассауи заманынан бері бар. Табиғат адамзаттың қолайлы өмір сүруі үшін берілген аманат. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Үкімет Президенттің жас ұрпақтың экологиялық білімі мен тәрбиесін жетілдіру туралы тапсырмасын нәтижелі орындайтынына сенім бар.


Барлық жаңалықтар