• Главная
  • Мектепке барып оқу қашан басталады
9 сентября, 2020 18:44

Мектепке барып оқу қашан басталады

Жаңа оқу жылының алғашқы аптасы өтті. Қазақстан мектептерінің көп бөлігі қашықтан білім беріп жатыр. Бұл мәселе төңірігінде пікір сан алуан. Ұстаздар мен ата-аналар дәстүрлі оқу форматын құптайды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және Ғылым вице министрі Шолпан Каринова осы мәселе төңірегінде журналистердің сұрақтарына жауап берді. Брифингте көтерілген тақырыптар Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи саласыздар.


Мектепке барып оқу қашан басталады

Бүгінгі брифингте журналиcтер сұрақтармен қоса халықтың білім беру саласына қатысты шағымдарын да жеткізді.

Министрлік өкілдігінің айтуы бойынша, санитарлық талаптарға сәйкес мектепке қабылдаудың өз ережесі бар. Кейбір мектептерде кезекші сыныптар ашылмаған. Соның салдарынан ата-аналар балаларын кезекші сыныптар ашылған мектепке ауыстыруға мәжбүр болған. Вице-министр бір мектептен екінші мектепке ауысу мектепке қабылдау ережелеріне сәйкес жүргізілетінін айтты.

Әр мектеп өз аумағындағы барлық мекенжай бойынша балаларды қабылдауға міндетті. Сонымен бірге, басқа аймақтағы тұрғын-үйлерде тұратын оқушылардың ата-аналары өтініш беру арқылы басқа мектепке ауыстыра алады. Алайда әр мектептің қуаттылық күші әр түрлі. Қуаттылығы жоқ мектептер оқушыларды қабылдай алмайды. Сондықтан оқу процесі барысында бір мектептен екінші мектепке қалай болса солай ауысуға болмайды - деді вице-министр.

Балаларды мектепке қайтару туралы сұраққа вице-министр санитарлық дәрігердің шешіміне байланысты екенін айтты.

Оқушылар да, ата-аналар да, тіпті біз министрлік өкілдері де дәстүрлі оқу форматын қалпына келтіргіміз келеді. Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс тастады. Бірнеше жолын көрсеттік, нұсқалар бердік. Әр аймақта жағдай әртүрлі. Біз мектептерді әкімдіктердің шешімі бойынша, санитарлық дәрігерлердің келісімі бойынша ашуды ұсындық. Мектепке барып оқу туралы айту ерте. Бәрінен оқушылар мен ұстаздардың денсаулығы маңызды. Әзірге сабақ тек онлайн форматта өтеді, - деді Каринова.

Оқу жылы ұйымдаспаған түрде басталғандығы туралы ақпарат шыққаны белгілі. Шолпан Каринова мұның шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның айтуынша, оқушылардың 70 %-дан астамы қашықтан білім алып жатыр. Ал 3 мыңға жуық мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

 Бұл Қазақстандағы жалпы мектеп санының 43 %-ын құрайды. Барлық мектепте кезекші сыныптар ашылды. Оларда 547 мыңнан аса бала оқытылып жатыр. Қазақстан мұғалімдері күніне 2 млн-нан аса сабақ өткізеді. Соның екеуі дұрыс өтпей қалып, әлеуметтік желіде жазылса, мұны жаппай проблема етіп көрсетуге болмайды. Мұндай оқу форматы алғаш рет болғандықтан, бірқатар қателіктер барын жоққа шығара алмаймыз. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін 435 мың оқушыға компьютер таратылды. Оқу жылы басталмай тұрып, тарификация жасау, оқу жоспарларын құру, сабақ кестесін құру жұмыстары барлық мектепте жүргізілді. Бұл министрліктің қарауында болды. Әлеуметтік желілерде сабақтардың дұрыс өтпей жатқандығы туралы жазады, - деді БҒМ вице-министрі.

Журналистердің бірі Алматы мен Шымкент қалаларының кейбір мектептерінде сабақты онлайн өткізетін мұғалімдерге таңертең сағат 9.00-де және кешкі сағат 17.00-де мектепке келіп белгілену міндеттелгені туралы ақпарат барын айтып, бұл әрекеттің Заңға, ережеге қайшылығын сұрады.

Алматы мен Шымкент қалаларында мұндай деректер орын алса, онда біз оларды жеке тексереміз. Министрлік оқу процесіне қатысты нақты әдістемелік ұстанымдарды барлық білім беру мекемелеріне бірдей жеткізді. Әдістеме бойынша мұғалімдер қазіргі эпидахуалды ескеріп, өз қалауымен сабақты мектепке келіп жүргізуіне де, қашықтан өткізуге де құқылы. Интернет желісі барлық мектепте бар. Компьютерлер де жеткілікті. Кейбір мұғалімдер үйлерінде мүмкіндіктің аздығынан сабақты мектепке келіп өткізуді ыңғайлы санайды. Ал мектеп әкімшілігінің тарапынан мұғалімді мектепке келуге мәжбүрлеу дұрыс емес, - деді ведомство өкілі.

Журналистер білім беру саласына бөлінген қаржыны тиімсіз пайдалану туралы сын айтып, сқрақ қойды. Желідегі министрліктер миллиардтаған бюджеттік және несие қаржысы «текке жұмсалды» деп жазған. Парламент депутаттары осыған қатысты сын айтқан болатын.

 Шолпан Каринованың бұл сынға да жауабы дайын болды. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктен заем туралы шешім 2014 жылы қабылданған. 2018 жылы жобаны депутаттар қолдады. Содан бері 3 компонент іске асырылды, тағы бірқатар жоба кезекте тұр. Бірақ пандемия келіп, бұл ақша қажет болмай қалған.

 Брифингте оқушылардың компьютер тапшылығы мәселесі көтерілді.

 БҒМ өкілі көпбалалы отбасыларда бір уақытта бірнеше баланы оқыту туралы айтты. Оның айтуынша, министрлік тарапынан мұндай жағдайлар ескеріліп, икемді сабақ кестесі жасалған және компьютердің болуы міндетті емес.

Қазір стримингтік және асинхрондық сабақ беру жүйесі қолданысты. Ата-аналар осыны шатастырып алады. Қазір сабақтың бәрі асинхронды форматта өтіп жатыр. Яғни, мұғалім интернет платформалар арқылы тиісті тақырыпты түсіндіреді. Сосын тест тапсырмаларын, үй жұмысын береді. Оқушылар орындаған жұмыстарын платформаға жүктеп, мұғаліммен кері байланыс орнатады. Ол үшін міндетті түрде компьютер қажет деп айтпаймыз. Ондай талапты ешкім қойып отырған жоқ. Компьютер мұғалім стримингтік режимде сабақ өткізсе ғана қажет. Сондықтан көпбалалы аналардың жағдайы да ескеріліп отыр. Бір үйден бірнеше бала оқыған жағдайда осындай әдістемелік ұстанымдар беріледі. Барлық мектеп осы әдістемемен жұмыс істеп жатыр, - деді Шолпан Каринова.

Вице-министр компьютерлерді сатып алу жұмысымен таныстырды. Айтуынша, Компьютерлерді сатып алу 2021 жылға жоспарланған. Барлық бюджеттік қаражат 2021 жылы да қарастырылған.

Жобаны жүзеге асыру кезінде біз білім беру мазмұны, білім сапасын жақсарту, бағалау, оқулықтармен, инклюзивті біліммен қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жақсартуды ескердік. Барлық компоненттер іске асырылып, сатып алынған жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс болатын. Бірақ пандемияға байланысты БҒМ шұғыл түрде компьютерлерді сатып алып, жеткізуге тырысты. Сондықтан компьютерлерді жедел түрде сатып алу үшін Дүниежүзілік банкке жүгіндік. Нәтижесінде, бұл қаражатты 2021 жылдан 2020 жылға ауыстыру үшін қосымша бюджет шығындары мен заңнаманы өзгертуге әкелді. Ал бұған бір жылға жуық уақыт қажет. Ал компьютерлерді 2021 жылдың наурыз айында ғана сатып алатын едік. Сондықтан министрлік компьютерлерді сатып алуда бюджеттен қаржы сұрады. Үкімет бюджеттен ақша бөлді. Біз компьютерлік жабдықтарды сатып алуға және педагогтардың біліктілігін арттыруға қарастырылған қаражаттан бас тарттық, - деп нақтылады спикер.

Айта кету керек, E-learning бағдарламасын қаржыландыруға 36 млрд теңге жұмсалды. Қаражат 2010-2013 жылдар аралығында бөлінді. 2016 жылдан бастап қаржыландыру толығымен тоқтатылған.