• Басты
  • Мектеп қауіпсіздігі – маңызды міндет

Мектеп қауіпсіздігі – маңызды міндет

13 Мамыр, 2021 11:03

2021 жылы 11 мамырда Татарстан астанасы Қазанда мектепте атыс болып, 9 адам қайтыс болды. Ресей аймақтарының басшылары Қазандағы жағдайдан кейін білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді қолға алды. Мектептердегі өткізу режимі, дабыл түймесі, бақылау камералары қолға алынып, күзет қызметкерлері қатаң тексерістен өтеді. ҚР Президенті де осы жағдайға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдап, Білім саласының басшысы тиісті сабақ алуымыз керектігін мәлімдеді. Қазақстандағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі, оқушылардың өмірі мен денсаулығы өзектілігін жоғалтқан жоқ.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазандағы гимназияда оқушылардың қайтыс болуына байланысты Ресей Президенті В.Путинге көңіл айтып, қиын-қыстау сәтте қайғыға душар болған отбасылардың қайғысына ортақ екендігін жеткізді. Елбасы Н.Назарбаев та Қазан қаласындағы мектепке болған қанды оқиғаға байланысты В.Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Елбасы №175 мектепте болған трагедия салдарынан балалар мен мұғалімдердің опат болғаны туралы хабарды күйзеліспен қабылдағанын жазды. «Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін» делінген жеделхатта. Қазақстандықтар да еліміздегі Татарстанның ресми өкілдігіне барып, қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтып гүл шоғын қойып жатыр. Әлеуметтік желілерде де көңіл айушылардың саны көп.

2021 жылы 11 мамырда Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласындағы № 175 мектепте атыс болып, 9 адам қайтыс болған. Бұл оқиға аймақтың халқын және халықаралық қауымдастықты дүр сілкіндірді. Ресейлік «ТАСС» агенттігінің хабарлауынша мектепке басып кіріп, оқушылар мен қызметкерлерге оқ жаудырған 19 жасар қала тұрғыны осы мектептің оқушысы болған екен. Ресейлік БАҚ-та жарияланған тізімге сәйкес, зардап шеккен 21 адамның 13-і орташа ауыр жағдайда болған, олардың 17-сі 7-15 жас аралығындағы балалар, ал үш ересек адам 19, 50 және 62 жаста. Татарстан президенті баспасөз қызметінің жетекшісі Л.Галимованың айтуынша, қарулы шабуыл кезінде мектептің кіреберісінде тұрған екі қызметкері жарақат алған, бірақ дабыл түймесін басып үлгерген. Яғни, мектеп қызметкерлері қолында бар мүмкіндікпен жедел іс-қимыл жасап, оқушылардың өмірін қорғауға тырысқан. Ал РФ Еңбек министрлігінің 2015 жылғы мәліметі бойынша Ресейдегі білім беру ұйымдарының шамамен 78 пайызына жеке күзет ұйымдары қызмет көрсетпейді. Күндіз оқушыларды кезекші мұғалімдер, ал кешке арнайы оқымаған және тексерістен өтпеген егде жастағы күзетшілер жұмыс істейді.  

Ресей аймақтарының басшылары Қазандағы жағдайдан кейін білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді қолға алды. Атап айтқанда, Приамурье, Оңтүстік пен Сібірде қауіпсіздік саласы күшейтіле бастады. Ол дегеніңіз – өткізу режимін күшейту және білім беру мекемелеріне кіруді шектеу. Сонымен қоса, күзет қызметкерлерінің кезекшілігі мұқият тексерістен өтеді. Биыл қатаң шаралар соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру кезінде де сақталады. Ресейде бірқатар партия мен ұйымдар қару-жарақ айналымы саласындағы заңнаманы қатаңдатуды ұсынып жатыр. Татарстанда 11 және 12 мамырда аза тұту күні болып жарияланды, соған байланысты бұқаралық мәдени іс-шаралар тоқтатылады. 

Әлемнің әр бұрышындағы саны азаймай отырған қанды оқиғалар мектептегі қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Әсіресе, біз қорғанысы мен қауіпсіздік саласы дамыған дейтін АҚШ-та, батыс мемлекеттерінде мұндай қақтығыстар жиі кездеседі. Мәселен, біраз жыл бұрын Мичиган, Огайо, Калифорния, Техас штаттарында бастауыш сынып оқушысы өз сыныптасын атқаны, оқушылардың мұғалімдерді соққыға жыққаны, студенттер арасындағы қақтығыс туралы ақпарат көп. CNN зерттеуі бойынша 2009-2018 жылдар аралығында АҚШ-тың кем дегенде 177 мектебінде қарулы атыс болған және 242 адам жараланып, 114 адам қайтыс болған. Қайғылы оқиғалар үлкен және кіші қалаларда, сабақ үстінде, түлектер кешінде, сабақтан қайтып бара жатқанда және мектептің тұрақтарында болған. Кейбір АҚШ сарапшыларының айтуынша мұндай қайғылы оқиғаның себебі жасөсіпірмдердің қандайда бір қиыншылықтарға төзімсіздігі және сол уақытта басқаларға әлімжеттік көрсетуге жеңіл баратындығы болып отыр. Қазіргі қоғамда видео ойындар мен планшеттерге телміріп, іштей оқшауланған балалар шынайы өмірдегі кейбір мәселелермен бетпе-бет келгенде оны қалай шешу керектігін білмейді. Сондықтан өз ренішін қайтарудың, есесін қайтарудың, жеңімпаз қылып сезінудің бір жолы ретінде суық қаруға жүгінеді. Нәтижесінде, қайғылы жағдай конфликтіге қатысушылардан бастап оның сыныптастарын, мұғалімдерді, мектеп қызметкерлерін, бүкіл оқушыларды және ата-аналардың ортасында үрей, қорқыныш, агрессия мен сенімсіздік тудырады.

Қазандағы қанды оқиғадан кейін бірқатар Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары өз пікірін білдірді. 2021 жылы 12 мамырда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат А.Линник еліміздегі мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутат өз сөзінде мектептегі күзетшілердің көпшілігі егде жастағы азаматтар екенін, олардан ешқандай кедергісіз мектептің ішіне өтіп кетуге болатындығын, қастандық жасаушы келген жағдайда қарсылық көрсетуі мүмкін болмайтынын айтты. Депутат А.Линник өз сауалында бірнеше ұсынысты ортаға салды. Ең алдымен оқушыладың санына қарамастан білім беру мекемелерінің антитеррористік қорғану талаптарын қайта қарастыру қажет. Екіншіден, депутаттың ойы бойынша қоғамдық орындарды, соның ішінде мектеп пен балабақшаны да күзететін күзетшілердің сол ғимараттың немесе мүліктің, оның территориясын ғана емес, сондағы адамдардың да қауіпсіздігін қорғау міндетін жүктеу мәселесі айтылды. Содан кейінгі айтылған маңызды мәселе – мектептегі психологтардың жұмысын күшейту. Сонымен қоса қару-жарақты алып жүру мен сақтау, оған рұқсат беруді қатаң қадағалау қажет екені назарға алынды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Тәжмағамбетова да әлеуметтік желіде «Қазан қаласында орын алған қайғылы жағдай кез-келген елде қайталануы мүмкін. Бұл ақпараттық қоғамның өте жылдам дамып, жастарға психологиялық тұрғыдан қысым көрсетуінің айқын көрінісі. Жаһандану уақытындағы әлем елдерінің кезек күттірмейтін маңызды міндеті – ел жастарын рухани дағдарыстан аман алып шығу. Біз де осы тұрғыда нақты қадамдар жасауымыз қажет» деген жазба жариялады.

Осы мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов те пікір білдірді. Фэйсбукте жазбасында ведомство басшысы Татарстанның Қазан қаласының мектебінде болған жағдайға көңіл білдіріп, бұл жағдай ешкімді бейжай қалдырмағанын айтты. Министр өз сөзінде осы қайғылы оқиғадан сабақ алуымыз керек екеніне тоқталды. Соған байланысты министрлікте арнайы кеңес өткізіліп, еліміздегі қазіргі жағдайға талдау жасап, балалардың қауіпсіздігі бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді. Ведомство басшысының айтуы бойынша, балалардың қауіпсіздігі мен қорғанысы дегеніміз тек бақылау камерасы, өткізу режимі, дабыл түймелері ғана емес, төтенше жағдай кезіндегі мектеп қызметкерлері мен оқушылардың өзін-өзі ұстауы, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру да өте маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қоса министр де білім беру мекемелерінде психологиялық қызметтің жұмысына қолайлы жағдай жасау керектігін атап өтті. «Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайды жасауымыз қажет» деп түйіндеді сөзін Білім және ғылым министрі. 

2019 жылы Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы М.Байболов мектеп оқушыларының арасында бұзақылықтар мен заң бұзушылықтар жиілеп кеткенін, сондықтан мектепке алып кіруге болатын заттардың тізімі жасалатынын, күзет өкілдерінің қадағалауы қажет екенін айтқан еді. Бірақ мектептер жеке күзет қызметін жалдауға міндеттелмейтінін айтты. Яғни, таңдау әр мектептің өзіне қалады. Мектептің күзетінен бөлек Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде 1927 мектепке инспектор жетіспейді.Кейбір аудандарда инспекторлар мектепке екі аптада бір рет келуі мүмкін және аз ғана жалақыға оншақты мектепті қадағалайтын да мысалдар бар. Сондықтан бұл салаға мамандар да тұрақтамайтын көрінеді. Елімізде мектептегі қауіпсіздік мәселесі соңғы жылдары болған оқиғалардан кейін жиі көтеріліп келеді. А.Ұзақбаеваның пікірінше, мектептерде заңбұзушылықтарды азайтуға коммуналдық мекемелер де атсалысуы керек. Мәселен, білім беру ұйымдарының айналасы бейнекамералармен толық жабдықталып, көше жарығы орнатылуы тиіс. Балалар қараңғыда қараусыз қалмауы қажет. Қаладағы бақылаусыз қалған ғимараттар мен жертөлеге кіргізбеуді қатаң қадағалап, мектеп инспекторларының санын көбейткен абзал. Оқушылармен және қызметкерлермен психологиялық жұмыстар жүргізіп, мектептердегі психологтардың әлеуетін күшейту маңызды. Себебі, Қазан қаласындағы оқиғада білім ордасына басып кіруді ойластырған қылмыскер қару-жарақты заңды жолмен сатып алып, өзінің теріс пиғылы туралы әлеуметтік желілерде жариялап та үлгерген. Ол соңғы жылдары оқыған колледж өкілдерінің пікірінше, өзін ұстамды және жанжалға бармайтын студент ретінде көрсеткен екен. Дегенмен, осылай сипатталған адамның аяқасты қандықол қылмыскерге айналып шығуы да терең зерттеуді қажет етеді. Жоғарыда айтылған пікірлер мен көзқарастарды ескере отырып, төмендегі шараларды қабылдау бүгінгі таңда маңызды болмақ:

-        Мектептердегі зорлық-зомбылықты болдырмау, мектеп қауіпсіздігі мен түрлі қауіп-қатерлерді бағалау, төтенше жағдайларды жоспарлау мәселелері бойынша мектеп басшылығын, мұғалімдерді және басқа да қызметкерлерді арнайы дайындықтан өткізу.

-        Мектептердегі қауіпсіздік шараларын жетілдіріп отыру, төтенше жағдайға дайындық жоспарын жаңарту

-        Қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша орталық және жергілікті органдармен әріптестікті нығайту

-        Оқушылардың ата-аналарымен байланыс, әлеуметтік желілердегі жұмыс стратегиясын жоспарлау.

COVID-19 пандемиясы себебінен мектептердегі қайғылы жағдайдың саны азайды. Ол 2020 жылы барлық білім беру мекемелерінің қашықтан оқуға көшуімен тікелей байланысты. Бірақ ұзақ уақыт оқшаулану мен жаңа жағдайға бейімделу балаларға психологиялық, эмоциялық қысым әкелетін болғандықтан мұндай жағдайлардың мектептен тыс орын алуы да әбден мүмкін. Мектептердегі зорлық-зомбылықтың салдары ауыр болуы ықтимал. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық сақтық шаралары қабылдануы қажет. Мектептерде қылмысқа деген нөлдік төзімділік пен зорлық-зомбылықты болдырмау, төтенше жағдайда қорғанысқа дайындық жоспары да болуы тиіс. Ата-аналар, мектеп пен қоғам өкілдері білім ордасын қауіпсіз және қолайлы қылу үшін атсалысуы қажет.

Барлық жаңалықтар