• Басты
  • Медицина қызметкерлерi күнi: Сала үздіктері Елбасы кiтапханасында бас қосты

Медицина қызметкерлерi күнi: Сала үздіктері Елбасы кiтапханасында бас қосты

17 Маусым, 2021 12:12

Медицина қызметкерлерi күнi қарсаңында Елбасы кiтапханасында «Адам жанының арашасы» тақырыбында денсаулық сақтау саласында бiрқатар жетiстiкке жеткен дәрiгерлермен кездесу өттi. Жиынға Премьер-министрдiң орынбасары Ералы Тоғажанов, Денсаулық сақтау министрi Алексей Цой қатысып, ақ халатты абзал жандарға алғыс айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Кездесу алғысөзi Елбасы кiтапханасының директоры Бақытжан Темiрболаттың сөзiмен басталды. Ол замануи медицинаның негiзгi бағыттарын бiрiктiретiн медициналық кластердi-құру Елбасы Н.Ә. Назарбаетың бастамасымен жүзеге асырылған ауқымды жоба екенiн еске салып, қазiргi ғылымның жетiстiктерiн енгiзуге, ауруханаларды басқарудың халықаралық прициптерiн, диагностика мен емнiң халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бергенiн атап өттi. Сондай-ақ, тәуелсiздiк жылдарында елiмiздiң денсаулық сақтау саласының заманауи және тиiмдi жүйесi қалыптасқанын атап өтiп, мерекемен барша дәрiгерлердi құттықтады.

«Әр адамның дертiне шипа, жанына дауа сыйлайтын абзал жандардың ерен еңбегiн жоғары бағалаған Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев маусым айының үшiншi жексенбiсiн Медицина қызметкерлерi күнi деп бекiткен болатын. Алдыңғы жылда денсаулық сақтау қызметкерлерiн Дүниежүзiлiк денсаулық күнiмен құттықтаған Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев денсаулық сақтау жүйесiнiң қолжетiмдi және тиiмдi тетiктерiн құру – ұлттық басымдық екенiн атап өткен болатын. Сол iске үлес қосып, адам жанының арашасы болып жүрген абзал жандарды мерекелерiмен құттықтаймыз», - дедi Бақытжан Темiрболат.
Сондай-ақ, ол өз сөзiнде бүкiл әлемдiк коронавирустық пандемияға тап болған кезде, денсаулық сақтау қызметкерлернiң жұмысының қаншалықты маңызды және жауапты екендiгiне тағы бiр рет көз жеткiзгенiн жеткiздi. Бұл уақыт бүкiл қоғам үшiн және медициналық қоғамдастық үшiн үлкен сынақ болды. Осы орайда, күн сайын өз денсаулығы мен өмiрiне қауiп төнгенiне қарамастан, батырлық күш-жiгер танытқан ақ халатты абзал жандарға өз алғысын бiлдiрдi.
«Iндет өршiген кезеңде алғашқы соққыны дәрiгерлер қабылдады. Осынау қиын кезеңде вирус бiрталай медицина қызметкерiнiң өмiрiн алды. Ақтық демi қалғанша аурумен күрескен марқұмдардың көбi - өз iсiнiң үздiктерi болған едi. Дәрiгерлермiз Гиппократ антына адалдық танытып, өздерiн патриот ретiнде көрсете бiлдi. Өздерi өртенсе де, өзгелерге өмiр сыйлады. Сондықтан олардың есiмi жүрегiмiзде сақталады»,- дедi Премьер-министрдiң орынбасары.
Жиынға қатысқан Ералы Тоғжанов медицина қызметкерлерiнiң күш-жiгерiнiң арқасында елдегi эпидемиологиялық жағдайды тұрақтанғанын атап өттi. Осы орайда, дәрiгерлерге қолдау шараларына тоқталды.

Сондай-ақ, қысқа мерзiм iшiнде азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталған айтарлықтай күш пен қаражат жұмылдырылған. Оның айтуынша, қысқа мерзiмде халықаралық стандарттарға сай келетiн 16 жұқпалы аурулар ауруханасы салынған.

«Бұл кезеңде өңiрлерге 1200-ден астам санитарлық автокөлiк, 100 жылжымалы медициналық кешен жiберiлгенiн атады. Қысылтаяң шақта 3,6 мыңнан астам мобильдi бригаданың жұмысы жолға қойылды. Өткен жылы мобильдi бригадалар 750 мыңнан астам науқастың үйiне барып қызмет көрсеттi», дедi Ералы Тоғжанов.
Ералы Лұқпанұлы коронавируспен күреске үлес қосқан 840 медицина қызметкерiнiң Мемлекет басшысының шешiмiмен «Халық алғысы» медалiмен марапатталғанын, сондай-ақ дертпен күреске тiкелей атсалысқан қызметкерлерге 180 млрд теңгенiң үстемақысы төленгенiн және жалақыларының 30 пайызға артқанын атап өттi. Оның мәлiметiнше, былтыр денсаулық сақтауға арналған қаржыландыру көлемi 600 млрд. теңгеге ұлғайып 1,9 трлн. теңгенi құраған. Медицина саласына инвестиция көлемi екi есеге жуық артып 302,5 млрд. теңгеге жеткен.
«Биыл 247 000 медицина қызметкерi үшiн жалақының көлемi ұлғайды. 2023 жылға қарай дәрiгерлер жалақысы орташа жалақыдан екi жарым есе жоғары болады деп жоспарлануда, яғни 560 000 теңгенi құрайды. Ал, орта медициналық қызметкерлердiң жалақысы 210 000 теңгенi құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап денсаулық сақтау қызметкерлерiн қаржылық және құқықтық қорғау жүйесi енгiзiлетiн болады", - дедi Ералы Тоғжанов.
Оның пайымынша, елiмiзде коронавирус инфекциясына қарсы күрестiң тиiмдi жүйесi толық қалыптасқан. Жалпы, пандемия кезiнде 380 мыңнан астам адам емделiп, коронавирустық инфекциядан айыққан.
«Медицина саласының қызметкерлерi қысқа уақыттың iшiнде көз алдымызда қаншама жандардың аяққа тұрып, әлемдi жайлаған вирустан сауығып кетуiне қосқан үлесiне куәмiз. Дәрiгер мамандығы қай кезде де құрметтi болған. Ал пандемия жағдайы сiздердiң еңбектерiңiздiң ерен екенiн дәлелдеп, маңыздылын арттырды, - дедi ол.
Бұдан бөлек, шараға қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрi Алексей Цой коронавирус пандемиясының денсаулық сақтау жүйесi мен адами құндылықтарға ден қойғыздырғанын тiлге тиек еттi. Оның айтуынша, елiмiздiң дәрiгерлерi бүгiнгi ахуалға тез бейiмделiп, халықаралық тәжiрибенi қолданысқа енгiзу арқылы белгiсiз дертке төтеп бере алды. Осы орайда, ол олардың еңбекақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе өскенiн тап өттi.

«Мемлекет басшысы жалпы iшкi өнiмнiң 5%-ы денсаулық сақтау жүйесiне бағытталуы тиiс екенiн белгiледi. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Ендi шалғай өңiрлердегi денсаулық сақтау саласына баса көңiл аударылмақ. Қазақстанның барлық аймақтарында бiрегей көпсалалы клиникалар тұрғызу қазiр басты назарда. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесiн жетiлдiре алатынмызға кәмiл сенемiн, - министр Алексей Цой.

Сондай-ақ министр өз сөзiнде, салтанатты шараға қатысқан адам жанының арашасы болған, ең үлкен сый – өмiр сыйлап жүрген барлық медицина қызметкерiн құттықтады. Тәуелсiздiк жылдары елiмiз заманауи талаптарға сай медициналық жүйе құра алғанының арқасында, медициналық қызметтiң қолжетiмдiлiгi арта түскенiн атап өттi.

«Бұған әрқайсыларыңыздың қосқан үлестерiңiз бар. Елбасы бастамасымен астанамызда медициналық кластер құрылды. Сонымен қатар, әлемнiң үздiк университеттерiмен бiрлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы әлем пандемия дәрiгер мамандығының қаншалықты маңызды екенiне тағы бiр мәрте көз жеткiздiк. Медицина қызметкерлерi күн сайын өз денсаулықтарын құрбан ете отырып, мыңдаған отандасының денсаулығы үшiн күрестi. Бiз бұл ерлiктерiңiздi құрмет тұтамыз», - дедi Алексей Цой.

Жиынға қатысқан «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серiк Ақшолақов бүгiнгi медицина саласының жетiстiктерi мен инновациялық технологияды айтып өттi.

«Бүгiнгi кездесудi медицина қызметкерлерiн ұлықтау шарасы деп атасам, артық етпес. Әлемдi шарпыған пандемия тұсында адамзат өмiрi үшiн күресiп жатқан мамандар мұндай iс-шараларға зәру. Олардың адал еңбегiн бағалап, тағзым етiп жатқан ұйымдастырушыларға шын көңiлден үлкен ризашылығымды бiлдiргiм келедi», - дедi Серiк Ақшолақов.

Сондай-ақ, кездесуге қатысқан «University Medical Center» КҚ басқармасының төрағасы Юрий Пя медицина қызметкерлерi күнiнiң мәнi мен маңыздылығы уақыт өткен сайын артып келе жатырғанын тiлге тиек еттi.

«Қазiргi кезеңнiң отандық дәрiгерлерге қойған талабы жоғары екенiн мойындау керек. Бұл талаптардың қатарына еңбекке адалдық пен бiлiмдi дамытуға деген құштарлық жатады. Дәрiгерлер күнделiктi адамзат өмiрi үшiн күресiп, денсаулықты аман алып қалуда орасан iс атқарады. Науқастарға үмiт сәулесiн сыйлап, дерттi емдеу арқылы адамның кеудесiн қуанышқа, бойын қайратқа кенелтетiн бұл жандардың кәсiби мерекесi – мамандар алдында бас июдiң тағы бiр себебi», - дедi Юрий Пя.

Iс-шараға Жамбыл облыстық көпбейiндi балалар ауруханасының «Қамқорлық» оңалту орталығының директоры Раиса Қожамжарова, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов, Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының балалар кардиохирургi Беркiн Тұрқұлов, 2016 жылы Ақтөбедегi террактта қару-жарақ дүкенiн сатушысының өмiрiмiн аман алып қалған «Дару клиникасы» оңалту медициналық орталығының мейiрбикесi Стелла Молдиманова онлайн форматта қатысты. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Лариса Павловец, және басқа да ғылыми медициналық ұйымдардың өкiлдерi қатысты. Қатысушыларға Елбасы кiтапханасы музейiнiң экспозицияларына экскурсия мен арнайы концерттiк бағдарлама ұйымдастырылды.

Барлық жаңалықтар