• Басты
  • Машина жасау: Өндіріс көлемі, экспорт және саланың өзекті мәселелері

Машина жасау: Өндіріс көлемі, экспорт және саланың өзекті мәселелері

22 Қыркүйек, 2021 13:44

Елордада 22-23 қыркүйек аралығында Қазақстан машина жасаушыларының IX форумы өтіп жатыр. Іс-шара ҚР Үкіметінің қолдауымен және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар Одағы ұйымдастырылып отыр, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi

Форумның негізгі маңыздылығы- машина жасау саласын ғана емес, елдің өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы қалыптасуында. Машина жасау кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етудің және жергілікті қамтуды дамытудың жаңа тетіктері әзірленуде.

Өнеркәсіп көлемі 24% - ға артты

Жиын барысында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Құрметті форумға қатысушылар! Қазақстандық инженер-механиктердің IX форумының ашылуымен құттықтаймын. Форум отандық машина жасау саласындағы өзекті мәселелерді шешетін мемлекет пен бизнес арасындағы практикалық диалогтың жетекші алаңына айналды»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел президенті өз сөзінде пандемияға қарамастан отандық машина жасаушылар экономикалық көрсеткіштер бойынша көшбасшылар қатарында тұрғанын тілге тиек етіп, өнеркәсіп саласы 24%-ға өскенін атап өтті.Оның айтуынша, бұл өңдеу секторының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Сондай-ақ, ол құттықтау сөзінде индустрияландырудың алғашқы 10 жылында өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түскенін жеткізді.

«Қазақстандық машина жасаушылар қойылған міндеттерді жеткілікті түрде жеңе алады, шығарылатын өнімдердің ассортиментін кеңейтеді, жаңа технологиялық жобалар енгізеді. Мемлекет машина жасау саласындағы сұранысқа ие жобаларды әрқашан қолдап келген және қолдауды жалғастыра береді»,-деді мемлекет басшысы.

Өнеркәсіп экспортын арттыру

Сонымен қатар, ол 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп экспортын 24 миллиард долларға дейін және еңбек өнімділігін 30%-ға дейін арттыру міндетін қойғанын атап өтті. Осы мақсатта мемлекет индустриялық саясат туралы заң қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын неғұрлым қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету механизмін бекітеді.

«Ішкі агроөнеркәсіптік және индустриялық саясаттың интеграциясы қамтамасыз етіледі. Қазақстанның машина жасауы экономикалық өсудің, жұмыспен қамтудың және экспорттың қозғалтқыштарының біріне айналатынына сенім білдіремін, - деді үндеуінде мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, жиында Қазақстан машина жасаушылар одағының (СМЖ) төрағасы Мейрам Пішембаев машина жасау саласының 2021 жылғы көрсеткіштері туралы айтып берді.

«Саладағы өндіріс көлемі ағымдағы жылдың 8 айында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24% - ға өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет 2 трлн теңгеден асамыз деп болжап отырмыз», - деді Мейрам Пішембаев.

Әсіресе ауыл шаруашылығы машинасын жасау – 300% – ға, теміржол – 45%-ға, электротехникалық-28% - ға, тау-кен металлургиясы және мұнай-газ секторларында қарқынды өсу байқалады, бұл 11% - дан өсімді құраған.

Оның дерегінше, қазіргі таңда бұл салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді және оларда 119 мыңнан астам адам қызмет етеді. Жалпы индустрияландырудың 10 жылында машина жасауда 400 млрд теңгенің 135 жобасы, 2025 жылға дейін 160 млрд теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылғанын атап өтті.

«Форумда әзірленген ұсынымдар ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауда қойған тапсырмаларын іске асыруға қызмет етеді. Бұл-ұлттық экономиканы әртараптандыру. Оның инвестициялық, өндірістік және экспорттық әлеуетін арттыру» - деп қорытындылады Мейрам Пішембаев.

2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы

Форумда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатырғанын айтып өтті. Оның сөзінше, еліміздің сапалы дамуы өңдеуші өнеркәсіптің неғұрлым тиімді және бәсекеге қабілетті бағыттарына өнеркәсіптік саясатты шоғырландыруға негізделуі тиіс.

«Әлемдік тәжірибеде машина жасау «технологиялсы күрделі» салалардың қатарына кіреді. Сондықтан біз, неғұрлым күрделі және тиісінше қосымша құны жоғары тауарларды өндіруге тиіспіз»,- деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.

Оның айтуынша, машина жасау өнімінің отандық өндірісін қолдау үшін министрлік Қазақстанның машина жасаушылар Одағымен бірлесіп, машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыруда. Осы орайда, жол картасы салық преференцияларын енгізу, институционалдық ортаны жетілдіру, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу бөлігінде іс-шараларды көздейтінін жеткізді.

«Қазіргі уақытта машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын өзектендіру жүргізілуде, онда отандық тауар өндірушілерді қолдау мен ынталандырудың қосымша тетіктері бойынша ұсыныстар әзірленді»,- деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ ол, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында министрлік кәсіпкерлікті ынталандыру туралы ерікті келісім жасасу бойынша шара ұсынғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, келісімге жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті орган мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында қол қойылады.

«Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша 37 жер қойнауын пайдаланушымен 46 келісімге және көмірсутек шикізаты бойынша 65 жер қойнауын пайдаланушылмен 112 келісімге қол қойылды», - Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.

Айта кетейік, форум жұмысының қорытындысы бойынша машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша бизнестің нақты ұсыныстары әзірленеді. Сонымен қатар, форум аясында EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында машина жасау және металл өңдеу бойынша "Kazakhstan Machinery Fair 2021" І Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде.

Форум аясында мемлекеттік органдар, шетелдік компаниялар мен отандық машина жасаушылар өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтуде.Панельдік пікірталастарда машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру барысы, машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау мәселелері талқылануда. Сонымен қатар, мұнай-газ, темір жол, электротехникалық, тау-кен металлургия кешені үшін машина жасау, автомобиль жасау және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау бойынша секциялық отырыстар өтеді. Машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін базалық өндірістерді құру мен дамытуға, сондай-ақ қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатын жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті қамтуды реттеу мен дамытуға ерекше назар аударылатын болады.Форум жұмысының қорытындысы бойынша машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп, қойылған міндеттерді бірлесіп шешу үшін ел Үкіметінің атына жіберілетін болады

Барлық жаңалықтар