• Басты
  • Машина жасау: Автомобиль құрастыру, металл өнімдері және өндіріс көлемі

Машина жасау: Автомобиль құрастыру, металл өнімдері және өндіріс көлемі

28 Шілде, 2021 17:40

Биыл елімізде коронавирус пандемиясынан туындаған мәселелерге қарамастан, еліміздің машина жасау саласы өнім өндірісі мен экспорты көлемінің тұрақты өсу серпінін көрсетіп отыр. Мәселен, машина жасау өнімі өндірісінің көлемі 20%-ға артқан. Осы тұста, машина жасау өңдеу өнеркәсібінің көлемі, ауылшаруашылық техникасы, автомобиль құрастыру туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Машина жасау өнім өндірісі

Халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР индустрия және инфақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, машина жасау өнімі өндірісінің көлемі 20%-ға артқан деп мәлімет берді. Негізгі өсімге автомобиль өнеркәсібінің 25,4% есебінен қол жеткізілген. Соның ішінде, «Hyundai Trans Kazakhstan» 7 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарған. Ал оның жалпы көлемі 18 есеге дейін артқан.

«Жыл соңына дейін компания 30 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр, оның 6 мыңнан астам бөлігі экспортқа шығарылады. Сонымен қатар, теміржол жабдығы өндірісінің 49 %-ға өсуі байқалып отыр», - деді ол.
Ауылшаруашылық техникасы

Ол сонымен қатар, «ЗИКСТО» АҚ және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС секілді бұрын жұмыс істемеген өндіріс орындарының іске қосылуына байланысты теміржол техникасы өндірісінің 49% - ға өскенін атап өтті. Оның айтуынша, машина жасаудың өсуінің тағы бір драйвері - ауылшаруашылық техникасы.

«Атап айтар болсақ, трактор мен комбайн өндірісінің 42%-ға ұлғайуы себеп болды. 2021 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 26% - ға өсіп, жалпы 285 млрд теңге сомасына 9 жоба іске асырылып, 1,5 мың жұмыс орны құрылды», - деді ол.

Оның сөзінше, отандық өндірушілерді қолдауға көп көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, жергілікті қамтуды одан әрі дамыту тәсілдері жетілдірілуде. Ол үшін тиісті заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр екен.

«Сондай-ақ лифтілер, электр және мұнай-газ жабдықтары, автобустар сынды машина жасау тауарларын ұлттық режимнен алып қою белгіленеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Автомобиль құрастыру

Министрдің айтуынша, бірқатар машина жасау өнімі ұлттық режимнен шығарылады. Машина жасау саласында өсім болады деп жоспарланып жатырғанын жеткізді.

«Нақты көлем индексі 113 %-ды құрайды. Негізгі өсім машина жасау саласындағы үлесі 35 %-ды құрайтын автомобиль құрастыру секторы есебінен болады. Автокөлік өндірісін 29%-ға арттырып, 100 мың данаға дейін жеткізу, теміржол вагондарын 180%-ға, ауылшаруашылығы техникаларын 58%, аккумуляторлар өндірісін 10 %- ға жеткізу жоспарланған», - деді министр.

Оның сөзінше, отандық өндірушіден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғасын табады. Сондай-ақ, салада 3 007 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 63-і – ірі, 102-сі – орта және 2 842-сі – шағын кәсіпорындар екен.

Транзиттік жүктерді тасымалдау

Министрдің айтуынша, елдің транзиттік әлеуетін іске асыру көлік саласының басты міндеті болып саналады. Осы тұста, көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд тоннаны құраған. Пандемияға қарамастан, министрлік транзиттік жүктерді тасымалдаудың тұрақтылығы мен тиімділігін көрсеткен.

Мәселен, 2021 жылдың алғашқы 4 айында жалпы транзит көлемі 7,3 млн тоннаны құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артық. Биылғы жылы 25,3 млн тонна көлемінде транзиттік жүктерді тасымалдау жоспарлануда.

Өңдеу өнеркәсібі

Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыруды тапсырған еді. Министрліктің дерегінше, бұл номиналды мәндегі саланың жылдық өсімі орта есеппен 10%-ы.

Алдағы уақытта министрдің дерегінше, машина жасау саласы 13%-ға артады деп болжануда. Соның ішінде, көлік құралдары өндірісін 34%, аккумулятор батареяларын 11%, теміржол вагондарын 127%, ауылшаруашылық машиналарын шығаруды 58% -ға арттыру жоспарланған.

«Биыл отандық өндірушіден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғасады және бірқатар машина жасау өнімдері (элеваторлар, электр және мұнай-газ жабдықтары, автобустар) алынып тасталынады», - деді министр.

Сонымен қоса, министр индустрияландыру картасы аясында ағымдағы жылы жалпы сомасы 2 трлн-ға жуық 110 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылмақ.

Өндірістің тұрақты көлемін қолдау шаралары

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев машина жасаушылар одағының жалпы жиналысы барысында саладағы өндірістің тұрақты көлемін қолдау мақсатында Үкімет бизнес-қоғамдастық әзірлеген мынадай қолдау шараларын қабылдағанын атап өтті:

- машина жасау саласындағы кәсіпорындарға еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру;

- несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру;

- квазимемлекеттік секторды сатып алуда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарымен оффтейк келісімшарттар жасасу мүмкіндігі;

- арнайы және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға арналған қаражаттың төмендеуіне жол бермеу;

- бизнес ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды құру мәселелері бойынша ҚР Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне заңнамалық деңгейде толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

"Өнеркәсіптік саясат туралы" ҚР Заң жобасы

Оның сөзінше, осы және басқа да қабылданған шаралар оң нәтиже берген. Олар өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, ұлғайтуға да мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан машина жасаушылар одағының қатысуымен ҚР Үкіметі "Өнеркәсіптік саясат туралы" ҚР Заң жобасын әзірлеген және өнеркәсіпті дамыту қорын, мұнай-газ машинасын жасауды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты құруды мақұлдаған

«Бұл дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру және саланы одан әрі дамыту үшін серпін береді. Осы шаралардың барлығы отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Өндіріс көлемін сақтауға мүмкіндік береді және машина жасау саласының одан әрі өсуін қамтамасыз етеді», - деді Мейрам Пішембаев.

Металл өнімдері бағасының өсуі

Мейрам Пішембаев өз сөзінде, коронавирус пандемиясынан туындаған мәселелерге қарамастан еліміздің машина жасау саласы дайын өнім өндірісі мен экспорты көлемінің тұрақты өсу серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Бірақ біздің бәсекеге қабілеттілігімізді айтарлықтай төмендететін бір басты фактор бар. Бұл болат құю импорты және олардың бағасының өсуі. Соңғы 4 айда бұл өсім 50% - ға жетті», - деді машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, сарапшылардың болжамдарына сәйкес, металл өнімдері бағасының өсуі 2021 жылдың соңына дейін сақталатынын айтты. Сондай-ақ, осы мәселеге байланысты "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ-дан сатып алу бағаларын арттыру жағдайын қайта қарауды ұсынды.

«Егер бұрынғы бағалар күшінде қалса, бұл машина жасау кәсіпорындарының төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығына қатты соққы береді», - деді Пішембаев.

Сондай-ақ ол өз сөзінде, жақын арада елімізде болат құю зауытын салуды қарастыруды ұсынды.

«Бүгін біз жыл сайын болат пен шойын құймасының қоспаланған сорттарынан 700 мың тоннаға дейін дайындамаларды импорттаймыз. Ақша шетелге кетеді», - деді Одақ басшысы.

Оның айтуынша, болат құю зауытының құрылысы бірден бірнеше міндетті шешеді. Соның ішінде материалдардың бағасын төмендетіп, еліміздің қамтуын арттырады. Сондай-ақ, отандық кәсіпорындардың ішкі және экспорттық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын жеткізді.

«Алдағы 3-4 жыл барлық өнеркәсіпті, оның ішінде қазақстандық машина жасауды дамыту тұрғысынан шешуші болады», - деп қорытындылады ол.

Отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындары басшыларының кездесуі өтті

Отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындары басшыларының кездесуі Мәскеуде "Металл өңдеу-2021" халықаралық мамандандырылған көрмесінде өткен.

Қазақстан машина жасаушылар Одағы мен Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесі мен Ресей машина жасаушылар одағының қолдауымен ұйымдастырған "ЕАЭО шеңберінде машина жасауды дамыту перспективалары" атты дөңгелек үстел отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өткен.

Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілінің орынбасары Дамир Әділбиков өз сөзінде екі ел ынтымақтастығының әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол елдегі инвестициялық климатқа ерекше назар аударытынын және әлеуетті инвесторлар үшін жағдайлар туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, ЕЭК Мемлекеттік сатып алу саласындағы бәсекелестік саясат департаментінің Мемлекеттік сатып алу саясатын іске асыру бөлімінің басшысы Әділбек Бектібаевтың айуынша, ЕАЭО Мемлекеттік сатып алу арқылы өнеркәсіптік кооперацияны қолдау керектігін айтты.

«2020 жылы Қазақстанның ЕАЭС-дағы мемлекеттік сатып алу көлеміндегі үлесі 12,5%-ды, ақшалай мәнде 16,89 млрд АҚШ долларын құрағады», - деді Әділбек Бектібаев.

Қазақстанның машина жасау саласының даму көрсеткіштері

ҚМЖО төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов қатысушыларға Қазақстанның машина жасау саласының даму көрсеткіштері туралы айтып берді. Ол Қазақстандағы машина жасау өнімінің өндіріс көлемі мен импорт көлемінің динамикасын атап өтті.

Оның айуынша, өнеркәсіптік кооперация перспективалары және мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және ауыл шаруашылығы машинасын жасаудағы өзара тиімді ынтымақтастық.

Кездесуге қатысқан Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай Едігенов ресейлік серіктестерді машина жасау саласы үшін құю, шыңдау және қалыптау өндірісі бойынша базалық кәсіпорындарды дамытуда ынтымақтастыққа шақырды.

«Болат және сұрыпты прокат біздің елдеріміз арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін басым тауарлар болып табылады. Қазақстандық машина жасаушыларды қолайлы шарттарда металмен қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігер қабылдау қажет»,- деді Жетпісбай Едігенов.

Сонымен қатар, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева көлік құралдары мен олардың құрамдас бөліктерін өндіру аясындағы кооперация мен перспективалар туралы айтып өтті.

Дөңгелек үстел барысында «Инкар-1» ЖШС директоры Қуандық Нұрпейісов машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау әлеуеті туралы айтып, осы бағытта бірлескен күш-жігер жұмсау қажеттігін атап өтті.

Барлық жаңалықтар