• Басты
  • Мамин: 2021 жылы мұнай-газ өнімдерін 12 %-ға арттыру жоспарланды

Мамин: 2021 жылы мұнай-газ өнімдерін 12 %-ға арттыру жоспарланды

26 Қаңтар, 2021 13:00

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Бірінші болып баяндама жасаған ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин айтқан негізгі мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.



ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жасаған баяндамада 2020 жылдың макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша қорытынды жасап мен осы жылға арналған жоспарлармен таныстырды. Үкімет басшысының айтуынша, елдің стратегиялық мақсаттары мен Президент Жолдауындағы тапсырмалар Үкіметтің басты назарында.

«Өңірлер бойынша өсім СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарында, сонымен қатар ШҚО мен Шымкент қаласында байқалды. Экономиканы дамыту бойынша өткен жылы 10 өңірде оң көрсеткіштер тіркелді. 4 өңір орта көрсеткішті көрсетті. Бес айдың ішінде 44 көрсеткіш орындалды. Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында инвестиция бойынша өсім байқалды»,- деді ол.

Мамин жеке сектордың жаһандық көрсеткіштегі үлесін арттыру бойынша мемлекеттің рөлі артып жатқанын айтты. Үкімет стратегиялық міндеттерді орындау бойынша 2021 жылы 7 басты бағытты дамытуды мақсат еткен.

Үкімет басшысы 2021 жылы АӨК, машина жасау және өзге салалар бойынша 112 жоба жүзеге асырылатынын айта кетті.

«2021 жылы 126 млрд теңгенің 40-тан астам жобасы жүзеге асырылады. Субсидиялау жүйесі ашық жүзеге асырылады. 2021 жылы өндірістік өнім көлемі артып, инвестиция көлемі 3 есеге артады. АӨК әлеуетін арттыру үшін суармалы жерлердің көлемі артады. Суармалы жерлерді арттыру 13 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Мамин.

Премьер-министрдің айтуынша, биыл мұнай-газ өнімдерін 12 %-ға арттыру жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта ЕАЭО әлеуеті толық қолданған жоқ. АӨК, машина жасау және мұнай-газ саласының әлеуетін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Биыл сонымен қатар 1,1 трлн теңгенің инвестициялық жобасы іске қосылады. Туристерді тарту бойынша Түркістан-Шымкент-Ташкент темір жолын салу жоспарланған. ЖІӨ-дегі туризм үлесі артады», - деді ол.

Асқар Ұзақбайұлы жер учаскесін онлайн рәсімдеуге болатынын айтты. Бұл цифрландыруға бір қадам жақындайтынымызды көрсетеді.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 мың шақырым жол жөнделеді. Тұрғын үйлердің салынуы мен қолжетімді болуын қадағалау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Жоспар бойынша, биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріледі. Коммуналдық жүйлелердің ескіруі 65 пайызға дейін азайтылады», - деді ол.

Мамин өндіріс орындарының көбеюі мен тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету туралы Үкімет жоспарымен бөлісе кетті.

«Еңбек нарығын дамытудың 2021-2027 жылдарға арналған жоспары жасалады. Үкімет жоспарына сәйкес 2021 жылы инвестиция өсімі 72 млрд теңгені құрамақ. Осы жылы 1,3 млн адам жұмыспен қамтылады. «Жұмыспен қамту жол картасы» жұмысы жүзеге асырылуын жалғастырады. Бұл қосымша жұмыспен қамтуды жалғастырады», - деді Мамин.

Мамин биыл мемлекет бойынша 400 бала-бақша ашылатынын және Ұлттық бірыңғай тестілеу онлайн форматқа ауыстырылатынын айтты. Коронавирусқа қарсы вакцина туралы да айтты.

«Халыққа тегін вакцинация жасау қамтамасыз етіледі. Өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артады. Аудандарды медициналық жабдықтармен қамту 70 %-ға өседі. 8 көпсалалы аурухана салу жоспарланған. Жалпы шаралар болжамы халықтың өмір сүру ұзақтығын 73,3 жасқа ұзартуға мүмкіндік береді», - деді.

Сөз соңында Үкімет басшысы Президент тапсырмалары жоспарлы түрде жүзеге асырылатынын айтты.

Барлық жаңалықтар