• Басты
  • Мал шаруашылығын дамыту жобаларына басымдық беріледі
20 Мамыр, 2020 13:25

Мал шаруашылығын дамыту жобаларына басымдық беріледі

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мал шаруашылығын дамыту жобаларына 30 млн теңгеге дейін несие беруді жоспарлап отыр, деп хабарлады Strategy2050.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мал шаруашылығын дамыту жобаларына басымдық беріледі

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленген. Соның ішінде Президент агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттілігін ерекше атап өткен болатын.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өзінің несие өнімдері арқылы ауылдықтарды мал шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша қаржыландырып келеді. Қор биыл мал шаруашлығымен айналысамын деушілерге 30 млн теңгеге дейінгі сомада несие беруді жоспарлап отыр. Ірі қара, қой және түйе шаруашылығын дамытуға берілетін несиенің мерзімі 10 жылға дейін. Несиенің жылдық сыйақы мөлшері 16%, бірақ оның 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Яғни, шаруа несиені 6 процентпен төлейді. Негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейін, ал, сыйақыны өтеу бойынша бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Негізгі борыш пен сыйақыны ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір төлеп тұру мүмкіндігі де жасалған. Несие жеке кәсіпкерліктерге, шаруа қожалықтарына және фермерлік шаруашылықтарға бағытталған.

Мал шаруашылығын дамытуды жоспарлаған кәсіпкерге қойылатын бірқатар талап та бар. Ең алдымен әрине, ірі қара ұстайтын қорасы мен жайылымдық жері болуы қажет және төлін бордақылау алаңына тапсыру жөнінде келісімшарт жасасуы тиіс. Қазіргі уақытта шаруалардың барлығы қолда бар малын асылдандырып, сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қордан несие алған кәсіпкер де малын асылдандыруы тиіс. Өйткені, асыл тұқымды малдың ұтымды тұстары көп. Егер, бірден асыл тұқымды сиыр сатып алынатын болса 25% жеке меншік мүлікті және 75% сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру мәселесі де қарастырылады.

Қой шаруашылығын дамытамын дегендердің де қора-жайы мен жайылымдық жері болуы тиіс. Тоқтыларын ет өңдейтін кәсіпорынға тапсыру келісімшартын жасасады. Түйе шаруашылығы бойынша да түйе сүтін, жүнін қайта өңдеу кәсіпорнына тапсыру жөнінде келісім жасалуы керек.

    Ең бастысы үміткердің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс.

Барлық облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында Қордың филиалдары жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі міндеті – агроөнеркәсіп кешені саласындағы басымдыққа ие салалар бойынша ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру.

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды