• Басты
  • Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау шаралары жүзеге асырылады – министр
10 Наурыз, 2020 09:30

Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау шаралары жүзеге асырылады – министр

Ағымдағы кезеңде сыртқы экономикалық жағдайлар төмендегідей қалыптасты.Әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металдар бағасы едәуір төмендегені байқалады.9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 34 долларды құрады. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Күн ішінде мұнай бағасы бір барреліне 31 долларға дейін төмендегені байқалды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау шаралары жүзеге асырылады – министр

Министр айтып өткендей, металдар бағасы да төмендеуді көрсетті. Мырыш бағасы – 16%-ке түсті, мыс – 12%-ке, темір кені – 4%-ке, ферроқорытпалар – 1,2%-ке төмендеді.

 «Әлемдік капитал нарықтарында жоғары құбылмалылық байқалуда. Жыл басынан бері америкалық биржа индекстері 14%-ке, еуропалық индекстер – 15%-ке дейін және қытай индекстері – 13%-ке төмендеді.Бұл үрдістер сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздікті көрсетеді», - деді ол.

Сонымен қатар, министр ағымдағы кезеңде Қазақстанның кредиттік рейтингі нақтыланғанын айтты.

«Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін растады. Болжам «тұрақты» деңгейде сақталды. Бұл ретте рейтингті Standard and Poor's осы жылғы 6 наурызда, ал Fitch Ratings – 21 ақпанда айқындады», - деді Р.Дәленов.

Сонымен қатар, сыртқы халықаралық сарапшылардың пікірінше, рейтинг болжамы елдегі макроэкономикалық тұрақтылық, ішкі сұраныс резервтері және мұнайлық емес сектордың ұлғаюына байланысты.

«Сыртқы конъюнктураны және сыртқы жағдайларды назарға ала отырып, дамудың сценарийлік болжамдары мен тиісті шаралар топтамасы әзірленді. Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету бойынша тәсілдер қалыптастырылды. Бұл ретте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру толық көлемде орындалатын болады», - деді ол.

Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары жұмыс істеуде. Еңбек нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізілуде. Инвестициялық жобалар пулы іске асырылуда.

«Бұл шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.Осы жылғы қаңтар-ақпандағы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жедел деректер келесідей.Қаңтар-ақпанда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,3%-ті құрады.Бұл оң көрсеткіш құрылыс, өнеркәсіп және сауда көлемдерінің ұлғаюымен қамтамасыз етілді», - деді министр.

 Сонымен қатар, Р. Дәленов негізгі капиталға салынған инвестициялар 11,6%-ке өскенін айтты.

  « Жылдық инфляция 6%-ті құрап, нысаналы дәліздің шекарасында қалыптасты.Қаңтар-ақпанда экономиканың базалық салаларында оң серпін сақталды. Құрылыста өсу 11,9, байланыста – 10,7, өнеркәсіпте – 5,8, саудада – 3,6, ауыл шаруашылығында – 2,2% деңгейінде болды», - деді ол.

Сонымен қатар, қаңтарда сыртқы сауда айналымы 6,7 млрд. долларға жетті.

 «Экспорт көлемі – 4,3 млрд. долларды, ал импорт – 2,4 млрд. долларды құрады. Сауда балансының оң сальдосы 1,9 млрд. доллар мөлшерінде қамтамсыз етілді.Өнеркәсіптің өсу қарқыны 5,8%-ті құрады. Бұл ретте өңдеу секторы (9,4%) кен өндіруге (4,7%) қарағанда екі есе жоғары қарқынмен өсті», - деді ол.

 Министр 8 өңірде өнеркәсіп көлемдері 5,9%-тен 8,3% аралығында өскенін айтты.

«Орташа республикалық деңгейден төмен өсуді 9 өңір көрсетті, оның ішінде 2 өңір бойынша төмендеу байқалды», - деді ол.

Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100