• Басты
  • Маңғыстау облысының дамуы: Өңірді сумен жабдықтау, газ, мұнай өндіру және экология мәселелері

Маңғыстау облысының дамуы: Өңірді сумен жабдықтау, газ, мұнай өндіру және экология мәселелері

5 Қазан, 2021 11:53

Бүгін үкімет отырысында министрлер Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша іске асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мұнай, газ өндіру, өңірді газдандыру мәселелері жөнінде баян етсе, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов аймақты сумен жабдықтау бағытында жүріп жатқан жұмыстар мен таныстырды. Толығырақ тілшісінің Strategy2050.kz материалында.

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес министрлік іске асыратын іс-шараларға тоқталып өтті.

Оның мәліметінше, министрлік «Total» компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартқан. Есесіне «Total» компаниясы 2021-2025 жылдары шамамен 70 млрд теңге инвестиция құймақ.

«Нәтижесінде компания мұнай өндіру деңгейін 25% арттыруды қамтамасыз етеді. Ол дегеніміз қазіргі жылына 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артып, құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» компаниясы Өзен, Жетібай және Қаламқас кен орындарына іргелес учаскелерде қосымша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетінін еске салды. Осылайша, оның айтуынша, Бектұрлы Шығыс және Өзен-Қарамандыбас учаскелерінде 26 млрд. теңге сомасына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 

Бұдан бөлек, оның сөзінше, өңірде мұнай өндірудің төмендеуіне жол бермеу үшін рентабельді емес, суланған, дебиті аз кен орындары бойынша салықтық преференциялар беру жөнінде ұсыныстар пысықталады. Бұл жұмысты Министрлік ҚазМұнайГазбен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырмақ.

Сонымен бірге, министрлік Маңғыстау облысының мұнай өндіру профилін дайындағанын тілге тиек етті. Мұнай өндіру келесі 5 жыл ішінде тұрақты болады. Алайда, оның сөзінше, 2025 жылдан бастап өндірудің шамалы төмендеуі байқалуы мүмкін. 

«Бұл ретте мұнай мен газ өндіруді арттыру үшін Маңғыстау облысы айтарлықтай әлеуетке ие. Жаңа теңіз жобаларын іске қосу, атап айтқанда Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игерудің арқасында 2028 жылдан бастап мұнай өндіруді 19,5 млн.тоннаға дейін арттыру жоспарлануда», - деді министр.

Осылайша, оның сөзінше, қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» бен ЛУКОЙЛ осы кен орындарын игеру тұжырымдамасын талқылап жатыр. Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, ҚазМұнайГаз ағымдағы жылдың соңына дейін тұжырымдама нұсқасын түпкілікті айқындауы қажеттігін атап өтті.

«2028 жылдан бастап жыл сайын жоспарланған мұнай өндіру шамамен 4 млн. тоннаны құрайтын болады. Болжам бойынша инвестиция көлемі шамамен 4,5 млрд. АҚШ долларын құрайды. Осы жобаларды іске асыру / жағалау инфрақұрылымын жүктей отырып, өңірдің сервистік кәсіпорындарын жаңа жұмыс және қызмет көлемдерімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұл жобалар оның сөзінше, Кешенді даму жоспарына кірмеген. Себебі оларды іске асыру 2025 жылдан бастап көзделген. Алайда, олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. 

«Кешенді жоспарда «МАЭК-Қазатомпромды» дамытудың 2022-2030 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеу көзделген. Бұл стратегия кәсіпорынды модернизациялауға бағытталған. Ол жабдықты ұстау және техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтуға, электр станцияларының сенімділігін, маневрлігін арттыруға және негізгі жабдықтың пайдалану мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сондай-ақ, ол стратегия БН-350 реакторлық қондырғысын қауіпсіз істен шығаруға және радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталғанын атап өтті. Оның сөзінше, электр энергиясының сыртқы инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. 

«Мәселен, Ақтау қаласында 3 қосалқы станция құрылуда. Оларды іске асыру үшін 2021-2022 жылдары 9,2 млрд.теңге көзделген. Осы жобаларды іске асыру Ақтау қаласының жалпы қалалық орталығының жаңа шағын аудандары мен қалаға іргелес елді мекендердің тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұдан бөлек, министр өңірді газдандыру мәселесіне де тоқталып өтті. Облыста жалпы құны 266,6 млрд теңге болатын 7 газ инфрақұрылымы жобасын іске асыру жоспарланған.

Оның ішінде:

- жалпы сомасы 207,4 млрд.теңгеге «Бейнеу-Жаңаөзен» учаскесінің 1-ші желісін күрделі жөндеу және 2-ші желісін салу жобасы;

- 16,5 млрд. теңге сомасына «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу жобасы;

- 25,7 млрд. теңге сомасына Құрық ауылына «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырынан газ бұру және газ тарату құбырларын салу жобасы және басқа да бірқатар жобалар бар.

«Осы жобаларды іске асырудың арқасында Маңғыстау облысын газбен жабдықтау мәселесі толық шешілетін болады. Облыстың газ мәселелерін талқылау аясында Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу қажеттілігі туралы атап өтпеуге болмайды. Жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының тозу деңгейі өте жоғары. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жаңаөзен қаласында заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда», - деді министр.

Бұл зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес жылына 900 млн куб метр көлемінде шикі газды қайта өңдейтін болады. Осыған байланысты, «ҚазМұнайГазға» бұл жобаны іске асыру жұмыстарын жеделдету қажеттілігін атап өтті.

Бұдан бөлек, отырысқа қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес сумен жабдықтау саласында жалпы сомасы 170 миллиард теңгеге 3 жоба қарастырылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз «Ұлттық компаниясының 123,7 миллиард теңгеде көлеміндегі жеке инвестициялары есебінен «Бейнеу-Ақтау» учаскесінде, ұзындығы 171 километр болатын «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су тартқышын реконструкциялау жоспарлануда.

«Ол 226 мың адамы бар 1 қала мен 15 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтауды жақсартады. Өткізу қабілеті тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метр дейін ұлғайтылатын болады», - деді министр.

Одан басқа, оның мәліметінше, жалпы ұзындығы шамамен 243 километрге жуық болатын «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» және «Куюлус-Меловое» кен орнынан Каспий су тұшыту зауытына дейін» екі су тартқыштар салу жоспарланған. Оның айтуынша, ол қазіргі уақытта жобалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл 278 мың адамы бар 15 ауылдық елді мекенді сумен жабдықталуын жақсартуға және қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қоса, министр балық шаруашылығына қатысты жобалар туралы айтты. Оның дерегінше, жеке инвестициялар есебінен балық шаруашылығы бойынша 30 миллиард теңге сомасына 3 жоба іске асырылмақ.

«Оның ішінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында бекіре зауыты құрылысы бар. Нәтижесінде өндірілген балық көлемі 30 тоннадан 10,6 мың тоннаға дейін ұлғаяды, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Өз кезегінде, Министрлік тарапынан инвестициялық субсидиялар бөлінеді. Оған қоса облыс әкімдігімен инфрақұрылымды құру және жем-шөпке, балық отырғызу материалына және дәрілік препараттарға субсидиялар бөлу бойынша шаралар қабылданады», - болады деді ол.

Бұдан басқа, ол экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Қошқар-ата» қалдық қоймасын рекультивациялау жұмыстарын жүргізу басталғанын, осы жылы 1,0 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Жобалау сметалық құжаттамаға сәйкес су каналының, технологиялық жолдардың, канал арқылы өту құрылысы, жоспарлау және топырақпен толтыру көзделген.

«Сондай-ақ, Даму жоспарында зерттеулер жүргізу, қоршаған ортаға әсерді айқындау және бұрынғы Ақтау пластикалық массалар зауытының аумағында орналасқан иесіз қалдықтарды кәдеге жарату қарастырылған. Қалдықтарды басқару саласында 4 ауылда тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салуды көздеп отырмыз. Бұл қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «ӨзенМұнайГазбен» 1,4 миллион тонна мұнай қалдықтарын жою және кәдеге жарату жұмыстары жүргізілетін болады», - деді министр.

Бұдан басқа, ол елді мекендерді көгалдандыру, ормандарды молықтыру және орман өсіру бойынша іс-шаралар өткізуді жоспарланғанын тілге тиек етті. Мұнай кен орындарының біртіндеп сарқылу проблемасын шешу үшін инвесторларды тарту мақсатында, жаңа кен орындарын іздестіру бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі жоспарды әзірлеу және бекіту көзделіп отырғанын жеткізді.

Барлық жаңалықтар