• Басты
  • Маңғыстау облысының дамуы: экономикалық көрсеткіштер, ауыз су мәселесі, туризм әлеуеті

Маңғыстау облысының дамуы: экономикалық көрсеткіштер, ауыз су мәселесі, туризм әлеуеті

23 Қараша, 2020 16:42

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Мемлекет басшысының Жолдауы аясында өңірдің дамуы туралы есепті журналистер алдында оқыды. Облыстың эпидахуалы,  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, шағын және орта бизнес, өңірге инвестиция тарту мәселелері Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Коронавирустың екінші толқынына дайындық

Трұмовтың мәліметінше, пандемияның екінші толқынына дайындық барысында соңғы үлгідегі 200 төсек орынмен жабдықталған модульдік стационар ашылған. Дәл қазіргі жағдай тұрақты.

Президенттің тапсырмасына сәйкес сақтық шараларын күшейте отырып, вирустың кең таралуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Облыс бойынша арнайы мониторинг топтары құрылып, олар тамыз айынан бері 800-ге жуық рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді. Карантиндік шектеу шаралардың арқасында өңірдегі жағдайды бірқалыпты. Коронавирустың екінші толқынына дайындық барысында 11 инфекциялық стационар толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Онда 2352 инфекциялық және 131 реанимациялық төсек-орны бар. Ауруханалар мен емханалар 260 ИВЛ аппараттарымен және 638 оттегі концентраторларымен толықтай қамтылды. Маңғыстаудағы жедел-жәрдем авто паркі 100% жаңартылыып, 85 санитарлық көлікпен толықты, - деді әкім.

Экономикалық даму

Өңір басшысының дерегінше, осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі – 101,3% құрады, инвестиция – 100,1% құрады, ауыл шаруашылығы – 100,8%, құрылыс– 113,5%, тұрғын үйді іске қосу – 100,9% құрады, яғни 969,5 мың шаршы метр тапсырылды.

Коронавирус індеті салдарынан болған дағдарысқа сәйкес, экономиканы әртараптандыру мен дамытуда негізгі екпін өңдеу өнеркәсібі, туризм, құрылыс, көлік және логистикаға беріліпті

Өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 1,3%-ға артып, 142,9 млрд. теңгені құрады. Мысалы, фармацевтикалық өнімдерді өндіру – 37%, минералды өнімдерді өндіру – 14,8% өсті. Биыл 23 млрд теңге болатын 8 жаңа жобаны іске қосылады. Нәтижесінде жаңадан 370-тен астам жұмыс орны құрылады. Кәсіпкерлік саласының өңір экономикасындағы үлесі – 31,8% құрады. Маңғыстаулық кәсіпкерлер 2-тоқсанда 17,6% өсім көрсетіп, 692,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды., - деді облыс әкімі.

Облыстағы шағын және орта бизнестің 756 жобасына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 312 жобаға 51,8 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. 1300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3070 жұмыс орны сақталды. Әкімнің айтуынша, өткен жылдың осы аралықтағы көрсеткішімен салыстырғанда, мемлекеттен қолдау алған жобалар саны 1,7 есеге артты.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,6 млрд.теңгеге 317 шағын несие беріліп, 399 жұмыс орны құрылды. Қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие алуға құны 71 млрд. теңгенің 101 жобасы мақұлданды. Әлемдік індеттің өршуіне байланысты кәсібі тұралап қалған өңірдің 17 мыңға жуық шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылып, жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд. теңгеге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Бұдан бөлек, бар-жоғы 1 процентпен несие беретін өңірлік «Нұр капитал» жобасы бірнеше жылдан бері жемісін беріп келеді. Биыл 548,7 млн. теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылып, 128 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарлама басталғаннан бері 2,9 млрд. теңгеге 149 жоба мақұлданып, 1 126 жаңа жұмыс орны ашылды, - деді ол.

Сонымен қатар Түпқараған ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабрика іске қосылды. Жобаның жалпы құны - 5 млрд. теңге, 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды.

Өңірдің инвестициялық климаты

Қазақстанда инвестиция тарту бойынша көш басында тұрған өңірлердің бірі – Маңғыстау. Соңғы төрт жылда бұл аймақта инвестиция көлемі 37%-ға өскен. 2020 жылы 14 инвестициялық жобаны іске қосу жұмыстары жүргізілген. 14 жобаның құны 99 млрд. теңгені құрады. Бұл жобалар 1056 адамды жұмыспен қамтамасыз ете алды. Сонымен қатар Маңғыстау еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді.

Инвестициялық жобалардың ішінде отандық капиталдың қатысуымен 27,4 млрд. теңгенің 10 жобасы, шетелдік инвесторлардың қолдауымен 70,5 млрд. теңгеге 3 жоба, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігімен 1,9 млрд. теңгенің 1 жобасы бар.

Екі жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске қосылды. Бірі –жазда ашылған «Риксос Ақтау» туристік-қонақ үй кешені. Құны – 60,8 млрд. теңге. 635 жаңа жұмыс орны ашылды. Екіншісі, маусымда ашылған құны 8,6 млрд. теңге болатын «Теңіз суын дайындау және алынған мұнай орынына су жіберу» жобасы, - деді Трұмов.

Ақтауда туризмді дамыту жұмысы жолға қойылды. Биыл 117 мыңнан астам турист Каспий жағасында демалған. Осы жылдың 2-ші тоқсанында туризм саласында 1 млрд. теңгенің қызметі көрсетілген. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» теңіз курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 17 млрд. теңгеге 31 шақырым жол салынды. 58 км газ, 10 км электржелісі және 45 шақырым су құбырын тартудың бірінші кезеңі аяқталды.

Ауыз су мәселесі

Маңғыстау өңірінде өзекті мәселелер ауыз сумен байланысты. Жаз мезгілінде 30 мың текше метрге дейін су тапшылығы сезіледі. Әсіресе, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданы, Ақтау қаласы және оған жақын орналасқан елді мекендер зардап шегеді. Әкім бүгінгі брифингте бұл мәселенің қалай шешім тауып жатқанын айтты. Айтуынша, Мұнайлы ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша жобалар әзірленуде. Жергілікті аудандарда 1 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысын іске қосу көзделген

Сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағында 50 мың текше метрлік, Құрық елді мекенінде және Форт-Шевченко қаласында 5 мың текше метрлік, Ақтау қаласында 24 мың текше метрлік су тұщыту зауыттарын салу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар, техникалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Каспий су тұщыту зауытына 20 мың текше метрлік қосымша су шығаратын зауыттың құрылысы қолға алынды. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар 2021 жылдың маусым айына дейін аяқталады, - деді Серікбай Трұмов.

Барлық жаңалықтар