• Басты
  • Маңғыстау облысының дамуы: Туризм, ауыл шаруашылығы, инвестиция және ауыз су мәселесі

Маңғыстау облысының дамуы: Туризм, ауыл шаруашылығы, инвестиция және ауыз су мәселесі

10 Маусым, 2021 15:34

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірдегі 2021 жылдың 5 айының қорытындыларын баяндады. Оның мәліметінше, өңдеу өнеркәсібі, инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары, тұрғын үйді іске қосу, сауда, көлік саласы жақсы нәтиже көрсеткен. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту

Маңғыстау облысының әкімінің айтуынша, биыл 5 айда өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 4,5%-ға артып, 63,5 млрд. теңгені құраған.

«Минералды тыңайтқыштар, битум және мұнай өнімдерін өндіру біршамаға өсті. Ақтаудағы «Каспий битум» зауыты 5 айда жалпы елімізде өндірілген жол битумының 48% қамтып отыр», - деді әкім.

Оның сөзінше, биыл бұл салада жалпы құны – 21,7 млрд. теңге болатын 8 жаңа жоба іске асырылуда. Нәтижесінде жаңадан 200-ден астам жұмыс орны құрылған.

Инвестиция көздерін тарту

Оның мәліметінше, Маңғыстауда 5 айда облысқа тартылған инвестиция көлемі 12,9%-ға артып, 216,1 млрд. теңгені құраған. Биыл облыста 270 млрд. теңгеге жуық қаржыға 12 инвестициялық жобасын іске асырып, 2600 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 5 жоба жүзеге асырылады», - деді Трұмов.

Туризм саласы

Маңғыстау облысы Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарымызда эко-этнотуризмді дамытуға мүмкіндік бар.Бұл мақсатта кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалған.

Трұмовтың мәліметінше, былтыр өңірге 160 мыңнан астам турист келген. Ал биыл Маңғыстауға 200 мыңға жуық адам демалуға келеді деп күтілуде.

Былтыр теңіз жағалауында «Rixos» туристік кешені іске қосылды. Күні бүгінге дейін бұл қонақ үйге 124 мыңнан астам адам демалуға келген.

Ал биыл жыл басынан бері 46 мыңға жуық адамды қабылдаған. Бұл қонақ үйге 600-ден астам облыс тұрғыны жұмысқа орналасып, бірнеше жергілікті тауар өндірушілер және қызмет көрсетушілермен келісім-шарт жасалған. Бұл келісім облыстағы шағын және орта кәсіп иелерінің жұмысының жандануына септігін тигізіп отыр.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен қаржы бөлініп, Ақтау қаласының іргесіндегі жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобаларын іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда.

Курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі аясында «Тетис Интернэшнл хаб», «БиАй Груп» және «Базис-A» сынды ірі компаниялар жаңа қонақ үйлер, гольф-клуб, отбасылық ойын-сауық саябағының құрылысын жүргізуде.

«Биылға жоспарымыз: жоғарыда айтып кеткенімдей, туристер санын 200 мыңға жеткізіп, 5 жобаны іске асыру. Бұл жобаларға 180 млрд. теңгеден астам инвестиция тарту арқылы 1600-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр», - деді Трұмов.

Облыс әкімнің айтуынша, ішкі туризмге елдің қызығушылығын және мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жобаларын іске асырып жатыр.

Ауыл шаруашылығы

Маңғыстау облысының экономикасын әртараптандырудың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығын дамыту. Әкімнің дерегінше, биыл 5 айда ауыл шаруашылығында 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3%-ға өсім қамтамасыз етілген. Осы жылы ауылшаруашыық саласында жалпы 8,0 млрд. теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ге тарта жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Инвестициялық жобалар ішінен жақында құс фабрикасы ашылды. Бұл фабрикада жылына 5 мың тонна тауық еті өндіріледі. Аталған кәсіпорын болашақта тауық етіне деген ішкі сұраныстың 50 пайызын қамтамасыз етеді деп күтілуде», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Мұнайлы ауданында 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт жұмысын бастаған. Аталған жылыжай іске қосылған жағдайда кемінде 22 мың тонна өнім алуға болады. Бұл ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуді 35 – 40%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Өңірде қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 11 түрі бойынша 2 мың тонна өнім қоры жасақталған. Аталған азық-түлік бағаларын төмендету және ұстап тұру мақсатында облыстағы барлық сауда желілерімен меморандумға қол қойылған. Сауда орындарында қолжетімді бағамен сатылатын «әлеуметтік бұрыш» жобасы іске қосылған.

Әкімнің айтуынша, биыл қыста қардың, көктемде жауын-шашынның түспеуі – мал өсіріп отырған шаруаларға қиындық тудыруда. Өңірдегі қуаңшылық жағдайына орай мал басын сақтап қалу мақсатында жем-шөппен қамту шараларын қабылдау үшін арнайы штаб құрылған.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысымен меморандумдар жасалған. Бұл мақсаттарға тиісті қаражат қарастырылған. Жақын күндері көрші облыстардан тиелген жем-шөп өңір шаруаларына жеткізіледі деп күтіліп отыр.

«Өңірде балық шаруашылығын дамытуға басымдылық беріліп отыр. Биыл осы мақсатта арнайы бағдарлама да қабылданды. Бағдарламаға сәйкес облыста 2030 жылға қарай 100 мың тонна балық өсіріп шығару жоспарланып отыр», - деді Серікбай Трұмов.

Ауыз сумен қамтамасыз ету

Облыс басшысының айтуынша, Маңғыстау облысы «Қиғаш-Маңғыстау» су құбыры және теңіз суын тұщыту арқылы ғана сумен қамтамасыз етіледі. Себебі табиғи жерасты су көздері аз. Өңірде су тапшылығы негізінен жаз айларында орын алады.

«Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттын екі есеге арттырып, тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды. Зауыт қуаттылығын арттыру жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда», - деді ол.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт салынуда. Бұл зауыт биыл іске қосылады деп күтілуде.

Әкімнің дерегінше, Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Кендірлі курорттық аймағында және Құрық ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт пен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» аумағында 24,0 мың текше метр су өндіретін қондырғы салу көзделуде. Осындай зауыт Форт-Шевченко қаласында да іске асырылады.

«Ал, елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтуды биыл 96,2%-ға жеткіземіз. Ол үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылып, Ақжігіт, Басқұдық және Бекі ауылдарына су құбырлары тартылады», - деді облыс басшысы.

Көлік және логистиканы дамыту 

Облыс әкімінің дерегінше, Маңғыстау өңірінде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған.Ақтау, Құрық теңіз және Солтүстік терминал порттары арқылы 5 айда жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 2,4 млн. тоннаны құраған. Фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 12 мың контейнерлік бірлікке жетіп, 1,5 есе өскен.

«Осы жылы автобус парктерін жаңарту үшін 48 жолаушылар автобусы ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл тағы 26 жаңа автобустың келуі күтілуде», - деді Серікбай Трұмов.

Оның айтуынша, 2021 жылы 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр. Жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткен «Құрық-Жетібай» автожолы күрделі жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының туристік кластерін дамыту мақсатында Ақтау әуежайынан жылы жағажайға дейінгі 30 шақырымды қамтитын автожолды қайта жаңарту жұмыстары басталған.

«Биыл ауылішілік жолдарын жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы 3,1 млрд. теңгеге 102 шақырым жол салынып, орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 16,4 млрд. теңге бөлінді»,- деді облыс басшысы.

Құрылыс саласы

Облыс әкімінің дерегінше, құрылыс жұмыстары жеке тұрғын үй құрылысымен қатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қарқынды жүргізілуде. 5 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 9,1%-ға өсіп, 55,5 млрд. теңгені құраған.

 «Жыл басынан бері 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2962 отбасы баспаналы болды. Маңғыстау өңірі соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысы бойынша республикада үздік үштік қатарынан көрініп келеді. Биыл да 1,2 млн. шаршы метр үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз» , - деді Серікбай Трұмов.

Жұмыспен қамту

Облыс әкімінің мәліметінше, 5 айдың қорытындысы бойынша 14 586 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 9 795-ы тұрақты және 4 791-і уақытша жұмыс орындары болған. Бүгінде облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9%. Өңірде «Жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету» бағыты бойынша «Бірінші жұмыс орны» жобасын іске қосу мен жастарды «Бизнес бастау» жобасы аясында өз бизнесін ашу дағдыларына оқыту қарастырылған.

«Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 18 жұмыссыз жас жұмысқа орналастырылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде олардың жалақысы субсидияланған. «Бизнес бастау» бойынша 950 адамды оқыту жоспарланып, бүгінге 555 адам оқытуға жолданды. Сондай-ақ, 270 адамға 157,5 млн. теңгеге қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген.

Білім беру саласы

Облыс басшысының мәліметінше, өңірде 158 мектепте 160 мыңға тарта оқушы білім алуда. Биыл мектепті бітірген оқушы саны 7 мың болса, ал жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа қабылданатын бала саны 19 мыңнан астам.

«Біздегі табиғи өсімнің жоғары болуын ескерсек алдағы 5 жылда оқушы саны 215 мыңға жетіп, 16 мыңға жуық балаға орын тапшылығы болуы ықтимал» , - деді әкім.

Оның айтуынша, осы себеппен мектеп санын көбейтуге басымдық беріліп келеді. Биылғы жаңа оқу жылына   1500 орындық 2 мемлекеттік мектеп және 670 орындық 1 жеке меншік мектепті пайдалануға береледі. Білім ордаларының санын көбейту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігіне басымдық берілуде.

«Болашақта осы бағытта 3 мектеп салу көзделуде. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде білім беру ұйымдары толық бейнебақылау жүйелерімен қамтылған», - деді Серікбай Трұмов.

Тәуелсiздiкке 30 жыл

«Биыл еліміз үшін маңызды жыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Мерейлі жыл аясында облыста «Ел игілігі үшін!» жобасын бастадық. Жоба өңір тұрғындары үшін аса қажетті әлеуметтік маңызы бар нысандар мен шараларды жүйелі іске асыру үшін жасақталды», - деді Серікбай Трұмов.

Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс тұрғындарына тамаша тартулар жасалуда. Ауылдарда спорт кешендері, жаңа саябақтар ашылып, субұрқақтар іске қосылған.Сонымен қоса, облыс орталығы Ақтауда көп қабатты үйлердің сыртына ел мақтаныштарының көлемді суреттері салынуда. 

«Бұл дүниелерді жасаудағы мақсатымыз – ұлыларымызды ұлықтау. Мерейтойлық жыл аясында 27 өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарды халық игілігіне тапсыру, түрлі форматтағы 126 іс-шараны өткізу жоспарланып отыр», - деді Серікбай Трұмов.

Барлық жаңалықтар