• Басты
  • Мәжіліс сайлауы: Мәжіліс депутаттары жоспарымен бөлісті
21 Қазан, 2020 15:12

Мәжіліс сайлауы: Мәжіліс депутаттары жоспарымен бөлісті

81 күннен соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары сайланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойды. Сонымен қатар бүгін Мәжілісте алдағы үш жылға арналған бюджет жоспары талқыланды. Алдағы сайлау мен бюджет жоспары туралы Мәжіліс депуттарының пікірі Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Мәжіліс сайлауы: Мәжіліс депутаттары жоспарымен бөлісті

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы келесі жылдың басында өтеді.

Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды, - деді Президент Тоқаев өз үндеуінде.

Бүгін Мәжілісте өткен жиынға ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин де келді. Себебі төменгі палата депутаттары 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасын қарап жатыр. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өз баяндамасында бюджеттің жұмсалуы туралы есеп берді. Республикалық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңге көлемінде анықталғанын айтты. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде сақталды. Сонымен қатар, оның айтуынша, республикалық бюджет шығыстарының көлемі 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрайтын болады.

Мәжілісте алдағы үш жылға арналған бюджет жоспарын талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары негізінде түзетулер енгізілді:

1) әскери қызметшілерге азық-түлік үлестерінің құнын ұлғайту;

2) ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер салу;

3) Жұмыспен қамту жол картасы аясында жекелеген жобаларды іске асыруды жалғастыру.

Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыровтың айтуынша, Коммунистік халық партиясы парламенттік партия болғандықтан Мәжіліс сайлауына түсуге міндетті.

Қазіргі аумалы-төкпелі әлемдік дағдарыс кезінде бізді қолдайтын және бізге сенген халық бар деп ойлаймын. Партия съезінде сайлауға қатысты барлық процесс ашық түрде көрсетіледі. Біз демократиялық орталықтан сайлауға түсеміз. Біздің негізгі мақсатымыз – әділдік. Қазақстан коммунистік халықтық партиясы сайлауға дайын. Коммунистерде нақты жоспар бар. Осы аптада саяси бюроның отырысы болады, - деді ол.

Депутаттың пікірінше, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарында бұрынғы жүйелік қателіктер қайталанып жатыр.

Біз дамуға арналған бюджет жобасын емес, күнкөріс бюджетін қабылдап жатқанымызды жоққа шығара алмаймыз. Сыртқы ахуал тұрақтылық деңгейіне өтеді, экспорт өсімі болады деп сенеміз. Коммунистер 2021 жылға және одан кейінгі үш жылға арналған бюджет жоспары халықтың нақты табысының азаюына әкелетінін байқады. Шикізат бағасына тәуелділіктен құтылу үшін шикізаттық емес экономикалық өсім стратегиясы қажет, - деді Айқын Қоңыров.

Айқын Қоңыровтың айтуынша, партияның басты ұсыныстары жер сату мәселелері, зейнетақыны реформалау мен бюджет жоспарын қайта қарау сұрақтары туралы болмақ.

Үкіметтің өзіне жүктелген міндеті, Ұлттық банктің өз міндеті, оппозициялық партия ретінде біздің өз мақсатымыз бар. Біз сынаймыз, тіпті қоғамның игілігі үшін сын-пікірлер айтуымызға тура келеді. Баспананы несие алғандармен, үлескерлермен жұмыс жасадық. Меніңше, олардың көпшілігі риза деп ойлаймын. Өйткені, бұл мәселені біздің фракциямыз ең бірінші болып көтерді. Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасына қатысты заңды да коммунистер қолдаған жоқ. Ең бастысы Парламент алаңында жерді шетелдіктерге сатуға болмайтындығын ең бірінші болып мәлімдеген партия болдық, - деді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов келесі Парламентке сәттілік тіледі.

Парламентке заң шығарушы тармақтың беделін көтеретін, мемлекетшіл, мемлекеттің мәселелеріне жанашырлық танытатын, қыңыр-қисық дүниені дұрыстайтын, халықтың денсаулығын жақсарта алатын жастар келу керек. Ал менің қайта сайлану-сайланбауымды уақыт көрсетеді. Бүгін бюджет жоспарын қабылдады. Бюджетке қол сұғушылықты қою керек. Қолына халықтың бюджетін басқару тапсырылған шенеуніктер таза болу керек. Жемқорлық деген індеттен құтылатын кез келді. Қазіргі Парламенттің дайындығы мол. Іскер жастар көп келіп жатыр. Келесі Парламент бұрынғыдан жақсы. Парламент саяси мәдениеттің өскенін көрсететін бірден бір орган. Мен 1994 жылы алғаш депутат болып сайланған кездегі Жоғарғы Кеңе пен қазіргі Парламенттің айырмашылығы көп. Болашақ Парламентке табыс тілеймін, - деді Қуаныш Сұлтанов.

«Ақ Жол» партиясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев партияның сайлауға дайын екені және бүгінгі Президент үндеуін бәрі көптен күткенін айтты.

Президенттің сайлау өткізу туралы бүгінгі шешімі біз үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. Сайлаудың мерзімінен бұрын емес, Заңға сәйкес мерзімде өтуі де – сирек кездесетін жағдай. Мәжілістің қазіргі депутаттары өздеріне берілген толық кезеңді аяқтайды. «Ақ жол» партиясы бұл сайлауға 2016 жылдан бері дайындалып келеді. Олай дейтінім, Мәжілістегі, мәслихаттардағы депутаттарымыздың қызметі арқылы өз көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды көрсете білдік. Қазіргі таңда мәслихаттарда 50-ге жуық депутатымыз бар. Осы уақыт ішінде біз қорғап келген қағидалар – ұлттық мүдде мәселелері, нарықтық реформаларды дамыту және жеке кәсіпкерлікті қолдау мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, парламентаризмді, парламентаризм институттарын қоғамның күнделікті өміріне енгізу мәселелері қазір де елімізде сұранысқа ие және өзекті деп есептейміз, - деді Азат Перуашев.

 

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100